Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Қатауолла Ашығалиев мәслихат сессиясында агросаласының қолдау несиесі мәселесін көтерді.
- Мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға мол қаржы бөлуде. Бірақ АҚШ, Германия, Польша және өзгелерінде несиелік қаржының пайыздық мөлшерлемесі - 1%, Белоруссияда - 0,15%, іргеміздегі Ресей де биылдан бастап ауыл шаруашылығын дамытуға несиені 1 пайызбен ұсынбақ. Бұл елдерде кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымдар мемлекет есебінен салынады. Жақында агросаланы несиелейтін «ҚазАгро» холдингінің өкілдерінен несиенің 17,3 %-бен берілетінін сұрап білдім. Салыстырыңыз, 1 және 17%»,- деді бәсекелестік жағдайында ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету жәйін алға тартқан депутат Қатауолла Ашығалиев.
Оның айтуынша, БҚАТУ-дың жанындағы зертхананы 4 облысқа ортақ етіп, әлемдік стандарттарға сәйкес жабдықтаса, шаруалардың маңдай терімен өндірілген өнімдері қолайлы бағаға өтер еді. Сонда тауар өндірушілер өнімдердің сараптамасы үшін қыруар ақша шығарып, АҚШ-тың зертханаларының көмегіне жүгінбес еді.
zhaikpress.kz