4.05.2026, 17:00
Оқылды: 19

Қаратөбе аудандық редакция ұжымы оқушылармен кездесті

«Қаратөбе өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойы аясында тағылымы мол ерекше кездесу өтті. Аудан орталығындағы Мұхит атындағы орта мектептің 10-сынып оқушылары басылым редакциясына арнайы келіп, газет ұжымының тыныс-тіршілігімен танысты. 

 WhatsApp Image 2026-05-04 at 10.25.06 (1)

Аудан айнасына айналған Қаратөбе өңірі газеті – талай тарихи кезеңдердің куәсі болып, ел өміріндегі маңызды жаңалықтарды дер кезінде халыққа жеткізіп келе жатқан бірегей басылым. Оқушылар үшін бұл кездесу тек экскурсия ғана емес, болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар берген маңызды шара болды.

Редакция қызметкерлері жас қонақтарды жылы қарсы алып, газет шығару үдерісі туралы кеңінен әңгімеледі. Журналистиканың қыр-сыры, ақпарат жинау мен оны сараптау, оқырманға сапалы дүние ұсынудың жауапкершілігі жайында әсерлі мысалдар келтірілді. Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 10.25.06 (4)

Кездесу барысында жас буынның сөз өнеріне, қоғам өміріне деген қызығушылығы анық байқалды. Олардың арасынан болашақта ауданның тыныс-тіршілігін жазатын, ел үніне айналатын жас тілшілер шығары сөзсіз.

Кездесу барысында «Қаратөбе өңірі» газетінің редакторы Бекжан Қойшекенов төл басылымның қалыптасу тарихына кеңінен тоқталып, әр кезеңде еңбек еткен қаламгерлердің тағылымды жолы туралы мазмұнды мағлұмат берді. Ол өз сөзінде газеттің тек ақпарат құралы ғана емес, ауданның рухани шежіресі екенін ерекше атап өтті.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 10.25.06 (5)

Ал газеттің жауапты хатшысы Ерболат Райсов аудандық баспасөз тарихында өзіндік орны бар көрнекті қаламгер, ақын-жазушы, 1993-2006 жылдары бас редактор қызметін атқарған Қайыржан Хасановтың шығармашылығына тоқталды. Ерболат Мырзағұлұлы қаламгердің ел өмірін шынайы суреттеген еңбектері мен журналистикадағы қолтаңбасы бүгінгі жас буын үшін үлкен өнеге екенін жеткізді.

Оқушылар Қайыржан Хасановтың шығармашылық мұрасымен танысып, оның аудан тарихын зерделеудегі еңбегіне ерекше қызығушылық танытты. Мұндай тағылымды әңгімелер жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, сөз құдіретін түсінуге жол ашады.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 10.25.06 (6)

Мерейтой аясында өткен мұндай тағылымды шаралар – ұрпақ сабақтастығын нығайтып, ұлттық баспасөзге деген құрметті арттыра түсетіні анық.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале