8.05.2026, 9:30
Оқылды: 22

Ғибратқа толы ғұмыр

Өткен аптада Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Сырым ауданының сыйлы азаматы, абыз қария Наурызбай Жұрмағамбетұлының 90 жас мерейтойына орай «Жыр – дария» және «Уақыт керуені: тоқсаныншы белес» атты қос кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. 

DSC03636

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жерлестері мен қарияның ұрпақтары қатысты.

Іс-шара барысында Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ардагерлер кеңесінің мүшелері де өз ле-біздерін білдіріп, Наурызбай Жұрмағамбетұлының өнегелі өмір жолына тоқталды. Кеш аясында бейнебаян көрсетіліп, қарияның өмірі мен еңбегі кеңінен таныстырылды.

Наурызбай Жұрмағамбетұлы 1936 жылы 4 мамырда Батыс Қазақстан облысының Жамбыл ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Әкеден ерте айырылып, соғыс жылдарының тауқыметін тартқан «соғыс балалары» буынының өкілі ретінде ол жастайынан еңбекке араласып, анасына тірек болды. Соған қарамастан, білімге деген құштарлығын жоғалтпай, түрлі ауыл мектептерінде оқып, орта білім  алып  шығады.

Еңбек жолын киномеханик ретінде бастап, ауыл-ауылды аралап, елге рухани азық сыйлаған жас маман кейін жоғары білім алып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі жауапты қызметтерді  атқарған.

Жиында айтылған естеліктердің бірінде оның өмірлік ұстанымы да ерекше аталды.

«Қалың қалай?» деген сұраққа үнемі «төрт жарым, бірге тырыссақ – бес болады» деп жауап беруі оның кішіпейілдігі мен бірлікке деген сенімін аңғартса керек. Бұл қарапайым ғана сөздің астарында үлкен философия жатқандай еді.

Өмір жолында қуанышпен қатар ауыр қайғыларды да бастан өткерген Наурызбай ата барлық сынақты сабырмен еңсере білген.  Ұрпағын тәрбиелеп, оларды өмірге бейімдеп, үлкен әулеттің бәйтерегіне айналды. Бүгінде немере-шөбересінің ортасында абыройлы ақсақал ретінде құрметке бөленіп отыр.

DSC03649

Кеш барысында ардагерлер мен замандастары, ел ағалары жылы лебіздерін біл-діріп, мерейтой иесінің елге сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Қаладағы ардагерлер кеңесінің өкілдері оның зейнет жасында да қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, ел бірлігін нығайтуға үлес қосқанын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, абыз қария Наурызбай Жұрмағамбетұлының «Жыр дария» кітабы Жайық өңіріндегі айтыстың көрнекті тұлғасы, белгілі ақын, өзінің апасы Жаңыл Жұрмағамбетованың рухына арналған.

 

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале