7.05.2026, 20:58
Оқылды: 5

Казталовта «Рух» ұлттық спорт орталығы ашылды

6 мамыр күні «Айбын» спорт клубы жанынан «Рух» ұлттық спорт орталығының ашылу салтанаты өтті.

image-07-05-26-05-27-1

Отан қорғаушылар күні қарсаңында өткен бұл шараның символдық мәні ерекше. Себебі ұлттық спорт тек дене шынықтыру құралы ғана емес, ол ұлттың болмысын, тарихын, қайсар рухын айқындайтын бірегей мұра. Көкпардың тартысы, бәйгенің қарқыны, аударыспақтың айқасы мен садақ атудың мергендігі бәрі де бабалардан жеткен дәстүрдің көрінісі.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев ел рухын асқақтатқан жарқын бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті. «Бүгінгі ашылып отырған бөлім тек спорт бөлімі емес, бұл ұлттық тәрбие мен намысты ұштайтын қасиетті орта», – деді.

image-07-05-26-05-27-2

Жаңа спорт бөлімінің басты ерекшелігі жас буынды ерте жастан ұлттық спортқа баулу. 11 жастан бастап қабылданатын жасөспірімдер мұнда тек спорттық машықтарды меңгеріп қана қоймай, елжандылық, батылдық, табандылық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңіреді. Бұл болашақ чемпиондарды ғана емес, елін сүйетін саналы азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған жүйелі қадам.

image-07-05-26-05-27-3

Шара барысында сөз алған өзге де қонақтар ұлттық спорттың қайта түлеп, жаңғыруы тәуелсіз елдің рухани жетістігі екенін атап өтті. Олар мұндай бастамалардың өңірлерде кеңінен қолға алынуы ұлт болашағына жасалған инвестиция екенін жеткізді.

Жалпы, «Рух» ұлттық спорт бөлімінің ашылуы тек бір нысанның іске қосылуы емес, бұл ұлттық сананың жаңғыруы, жас ұрпақтың бойында рух пен жігерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

image-07-05-26-05-27

Казталовтағы бұл бастама ертең ел намысын қорғайтын саңлақтардың шығуына негіз болары сөзсіз.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале