9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күн – сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерлігі мен елге деген адалдығын ұлықтайтын тарихи дата. Жеңіс жолы миллиондаған тағдырдың, сансыз құрбандықтың, өлшеусіз қайсарлықтың жемісі.

Бұл материал Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының тумасы Жүсіпбеков Амантай Жағпарұлы ұсынған деректер негізінде дайындалды.
"Мен жасымнан ұрпағына қанағат пен қарапайымдылық сынды асыл қасиетпен үлгі болған сол майдангерлердің ұрпағымын" дей келе өз әулетінің ардагерлері туралы құнды мәліметтер ұсынды.
Жер бетін тып-типыл еткен соғыс бар адамзаттың тағдырын ойрандады. Соның бәріне шыдамдылық танытып, Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен өтіп, Отанға деген махаббатын от басып, су кешіп жүріп дәлелдеген тұлғаларды ұмыту әсте мүмкін емес.
Бұл – бір отбасының ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті.
Оның атасы Жүсіпбеков Ысмағұл 1904 жылы бұрынғы Орал облысында дүниеге келген. 1942 жылы Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынып, Қызыл Армия жауынгері ретінде 952-атқыштар полкі, 268-атқыштар дивизиясы құрамында Ленинград майданында шайқасты. Ол Ленинград қаласын қорғауға қатысып, ерлігі үшін «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған. 1944 жылы ауыр жараланып, госпитальда ем қабылдаған. Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, 1973 жылы Шыңғырлау ауданындағы Шілік совхозында өмірден озды.
Майдан жолын жалғастырған оның ұлы Жүсіпбеков Жағпар Ысмағұлұлы 1925 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1943 жылы әскерге шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде қызмет атқарды. Әскери дайындықтан өтіп, десанттық бөлімдерде қызмет еткен ол 1945 жылы Жеңіс күнін Мәскеу түбінде қарсы алған. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 9 мамырдағы жарлығы негізінде, әкем «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Медаль 1945 жылы 6 қыркүйекте табысетілді. Ал, 1985 жылы ол 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Әкем әскери борышын өтеген соң А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түсті. Казақ сыныптарында орыс тілі мұғалімі болып жұмыс атқарды. 1955 жылы Шыңғырлау ауданындағы Ағатан мектебіне директор болып тағайындалды. Еңбек жолында 1957 жылы Тасмола мектебінің директоры, 1959 жылы Лубен мектебінің директоры болып ауыстырылды. Содан кейін 1962 жылы әкем Шілік совхозындағы Тасмола мектебіне оралып, зейнеткерлікке шыққанша оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. Халық ағарту ісін дамытудағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін әкем 1966 жылы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 1961 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Компартиясының 11-съезіне Шыңғырлау ауданынан делегат болып сайланды. Еңбегі үшін көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды, сондай-ақ 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс құрметіне арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған. Анам Айжан Қалмағамбетова 91 жаста. Алматы қаласында тұрады. Әкем мен анам 68 жыл шаңырақ көтеріп, бес бала тәрбиелеп өсірді. Әкем 2021 жылы 22 шілдеде 96 жасында Алматыда қайтыс болды. Әкеміздің жауынгерлік жолы мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесімен қатар партиялық-қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, ел дамуындағы абыройлы қызметін мақтан етеміз.
Әулеттегі тағы бір майдангер – аға лейтенант Жусупбеков Бисенбай. Ол 1942 жылы Солтүстік-Батыс майданда 74-атқыштар дивизиясының құрамында рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары ретінде шайқастарға қатысқан. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында ерекше ерлік көрсетіп, екі жау танкісін жойып, бірнеше қарсыласын тұтқындаған. Осы ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Ұрыста ауыр жараланып, кейін елге оралып, бейбіт өмірде еңбек еткен.
Осындай тағдырлар Жеңістің шынайы шежіресі. Бірәулеттің бірнеше буынының майданға аттанып, ел қорғауы сол кезеңдегі халықтың бірлігі мен патриотизмінің айқын көрінісі. Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары әкелері салып берген сара жолмен ел қамын ойлайтын азамат болып қалыптасып, әр салада абыройлы қызмет атқарды. Майдангер Жағыпар Ысмағұлұлының ұлы Асқар Жүсіпбеков бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) Геотехника институтының директоры, профессор және Қазақстан геотехника қауымдастығының президенті. Ол геотехника саласындағы жетекші қазақстандық ғалымдардың бірі, 100-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 2 монографиясы бар.
Біз өз ұрпағымызды бейбітшілікті бағалауға, өмірді сүюге және Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларымыздың ерлігін құрметтеуге үйретуіміз керек. Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады.

Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Бейбіт өміріміз сол ардагерлердің жанқиярлығы мен ерлігінің нәтижесі. Олардың есімі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы