20.05.2026, 10:30
Оқылды: 7

Алтай менен Ақжайықтың арасы

 

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының камералық залында белгілі ақын, әнші Ақсұңқар Ақынбабақызының шығармашылығына арналған ән-жыр кеші өтті. «Алтай менен Ақжайықтың арасы» деп әдемі айдар таққан кешке  өнерсүйер қауым  жиналды. Рухани шарада ақынның жыр әлемі мен ән өнеріндегі дара болмысы кеңінен насихатталды.

WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.06

Кеш шымылдығы қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын танытатын арнайы бейнебаянмен ашылды. Одан кейін сахнада ақынның сыршыл да әсерлі өлеңдері оқылып, өзінің сөзіне жазылған әндері көрерменге жол тартты. Әдеби-сазды кеш барысында филармония өнерпаздары Кенесары Болғанбаев пен Тұрлыхан Абуханов, сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж студенттері өнер көрсетіп, кештің мазмұнын байыта түсті.

WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.05 (1)

Ақсұңқар Ақынбабақызы – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясына өзіндік үн, ерекше өрнек әкелген талантты ақындардың бірі. Ол Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келіп, бала күнінен әдебиет пен ән өнеріне жақын болып өсті. Ақын шығармаларында туған жерге деген сағыныш, ұлттық рух, адам жанының терең иірімдері кеңінен көрініс табады. Сонымен қатар ол Алтай қазақтарының дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосып келеді. Ақынның шығармашылық еңбегі жоғары бағаланып, ол «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және аударма саласындағы «Алтын көпір» халықаралық байқауының лауреаты атанды. Оның «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» атты жыр жинақтары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген.

WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.04 (1)

Шығармашылық жолында ақын 2002 жылы Алматы қаласында алғашқы жеке жыр кешін өткізіп, қазақ поэзиясындағы нәзік лирика мен сыршыл үннің иесі ретінде танылды. Ұзақ үзілістен кейін 2024 жылдан бастап «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық ән-жыр кешімен қайта сахнаға оралып, еліміздің бірнеше қаласында өнер кештерін өткізді. Алматы, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларындағы кездесулерден кейін бұл жолы Ақжайық жұртшылығымен жүздесті.

WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.06 (2)

Кеш соңында облыстық академиялық филармонияның басшысы Бауыржан Халиолла ақынға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті. Өнер иесіне алғысхат пен гүл шоқтары табысталып, иығына камзол жабылды. Алтайдан бастау алған асқақ өнер осылайша Ақжайық төрінде жалғасын тапты.

Гүлжан Ғалым,

суреттер Мәди Салық,

"Орал өңірі"

WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.04 WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.05  WhatsApp Image 2026-05-20 at 10.41.06 (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале