20.05.2026, 9:45
Оқылды: 13

Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз

Халық даналығы «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Шәкіртінің жүрегіне жол таба біліп, санасына сәуле құйған, терең ойлауға, биік армандауға баулыған нағыз ұлағатты жанның бірі – Мәрия Бикеева.

WhatsApp Image 2026-05-19 at 15.47.13

Мәрия Сисенқызы 1946 жылы 3 маусымда бұрынғы Зеленов ауданындағы Логашкин ауылында дүниеге келді. Бала кезінен зеректігімен, алғырлығымен, өнер-білімге құштарлығымен көзге түсті. Мектеп қабырғасында озат оқушы атанып қана қоймай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Осы белсенділігінің арқасында атақты бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне екі мәрте жолдама алып, таным көкжиегін кеңейтіп қайтты.

1965-1969 жылдары Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетін үздік бітіріп, жас маман ретінде жолдамамен бұрынғы Тайпақ ауданындағы Қурайлысай, қазіргі Жұбан ауылындағы Талап орта мектебіне қызметке орналасты. Осы білім ұясында 45 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатты.

Мәрия Сисенқызы үшін мұғалімдік – жай мамандық емес, бала күнгі асқақ арманы, өмірлік мұраты болды. Бастауыш сыныпта сабақ берген алғашқы ұстазы Фарида апайдың жарқын бейнесі оның жүрегінде мәңгі сақталып, сол кісідей болсам деп ойлайтын.

Ол әр сабағын нағыз шығармашылық ізденіске айналдыратын. Оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге, уақытты тиімді пайдалануға, ойын жүйелі жеткізуге баулыды. «Баланың тәрбиесі – бесіктен» екенін естен шығармай, олардың рухани әлемін байытуға, адамгершілікке тәрбиелеуге бар күш-жігерін салды. Нәтижесінде шәкірттері тек білімді ғана емес, ұйымшыл, көпшіл, елін сүйер нағыз азамат болып қалыптасты. Оның алдын көрген ұл-қыздар бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Дәрігер, инженер, заңгер, кәсіпкер, ал ең бастысы – ұстаздың жолын қуған ондаған мұғалім бар. Олардың қай-қайысы да 45 жыл бойы тәлім берген ұстазын ұмытпай, үнемі хабарласып, хал-жағдайын біліп, ақыл-кеңесін алып тұрады.

Бұл – ұстаз үшін ең үлкен бақыт.

Мәрия Бикеева жоғары санатты, ізденімпаз педагог ретінде танылды. Оның жетекшілігімен дайындалған оқушылар орыс тілі пәнінен аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда топ жарып, мектептің мерейін үстем етті.

Ж. Айтқалиева, Ж. Мұсағалиева, Л. Жұмағалиева, Ж. Оразғалиева сынды талантты шәкірттері облыс мақтанышына айналды. Ал апалы-сіңлілі Жазира мен Өтегүл Рысқазиевалар (1989, 1990, 1991 жылдары аудан, облыс, республикалық олимпиада) республикалық олимпиаданың жүлдегері атанды. Осы жеңіс үшін облыстық білім басқармасы ұстаздың ерен еңбегін бағалап, Н. Некрасовтың сирек кездесетін үш томдық шығармалар жинағын сыйға тартты. Мәрия ұстаздың шәкірті Жазира Рысқазиева бұл күндері Орал қалалық білім бөлімінде бөлім басшысы болып қызмет атқаруда.

Қырық жылдан астам ғұмырын тек ұстаздыққа емес, мектептегі орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестігіне же-текшілік етуге де арнады. Жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, сабақты жаңаша түрлендіріп өткізуге, озық тәжірибе таратуға өлшеусіз үлес қосты. Оның «Ашық сабақ», «Шеберлік сыныбы», «Ауторлық бағдарлама» атты әдістемелік жұмыстары әлі күнге дейін жас ұстаздарға үлгі.

Ұлағатты ұстаздың ұзақ жылғы адал еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. 1982 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, көптеген аудандық, облыстық, республикалық Құрмет грамоталарымен, алғысхаттармен марапатталды. Тәуелсіздік жылдары да ерен еңбегі ескеріліп, 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің алғысхатына  ие болды.

2004 жылы құрметті зейнет демалысына шықса да, мектеппен байланысын үзген жоқ. Өзі негізін қалаған дәстүрлі іс-шараларға қатысып, жас ұстаздарға бағыт-бағдар беріп  отырады.

Өмірлік жары, мектептің бұрынғы директоры Еркін Жұмашевпен бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, жары ерте бақилық болды. Мәрия әжей – ардақты ана, аяулы әже, немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты жан. Перзенттерінің бәрі – жоғары білімді, елге сыйлы азаматтар. «Балаларым аман, ел тыныш болса, одан артық бақыт бар ма?»  деп отырады ұлағатты ұстаз.

«Маған берілген грамота, төсбелгінің бәрінен де шәкірттерімнің «Апай, көп рақмет!» деген бірауыз сөзі қымбат», – дейді Мәрия апай. Расында, 45 жылда мыңдаған баланың көкірегіне сәуле құйып, үлкен өмірге жолдама берген ұстаздың еңбегі ешқашан өлмек  емес.

Биыл Мәрия Сисенқызы 80 жас мерейтойын атап өтпек. Осы айтулы күн қарсаңында 1982 жылғы түлектер, барша шәкірті, әріптестері мен ауылдастары атынан асыл ұстазға зор  денсаулық, ұзақ  ғұмыр, отбасына  амандық тілейміз!

 

Зибаш Шәріпқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале