1.03.2017, 11:49
Оқылды: 69

Алғысым шексіз  

 

Мен 1969 жылдың қыс айында қазіргі Көпжасар ауылында дүниеге келдім. Бала кезім, жастық шағым сол Көпжасар ауылында өтті. Ел қатарлы білім алдым, Отан алдында әскери борышымды өтеп келіп, отбасын құрдым. Жұбайым Ляззат екеуміз 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Осыдан 17 жыл бұрын тағдырдың жазуымен жазылмас дертке тап болып, арбаға танылдым.

Ауырып қалған жағдайда ауылдық жерден аудан орталығына қатынау  қиындық туғызған соң 2012 жылы аудан орталығына қоныс аудардық. Аудан орталығында дайын тұрған үйіміз болмағасын,  амалсыздан  5 жыл бойы пәтер жалдап тұрып келдік. Былтырғы мешін жылы біз үшін армандар орындалатын жыл болды. Өйткені 2016 жылы Елбасының сарабдал саясатының және жергілікті әкімшіліктің жүйелі жұмысының арқасында үйлі болып, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Енді Елбасымыздың былтырдан бастап енгізген «Алғыс айту» күні мерекесіне орай мың да бір алғыс айтамын. Соның ішінде біздерді назардан тыс қалдырмай, әрдайым барлық жағдаймызды жасап отырған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылығы мен ұжымына және тағдыр дертімен арпалысқан 17 жылда үлкен қолдау көрсетіп, үнемі  жанымнан табылып жүрген  жұбайыма алғысым шексіз. «Алғыс айту» күні мерекесі  өзге ұлт адамдарын өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі деп білемін. Сол себепті біз секілді жандарға түсіністікпен қарап, үзіліп қалған арман-мақсаттарымызды қайта жалғаған барша қазақстандықтарға ризашылығымды білдіре отырып, зор денсаулық, отбасы бақытын тілеймін!

Мэлс Рысқалиев

Жаңақала ауылының тұрғыны

І топ мүгедегі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале