Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек спорт саласында қызмет атқарып жүрген мамандармен кездесті. Басқосуға аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы мен жаттықтырушылары, аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры және әдіскерлері қатысты.

Жиынды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жәнібек Ишекенов жүргізді.
Кездесу барысында аудан спортының бүгінгі жай-күйі, өзекті мәселелері, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы ұсыныстар кеңінен талқыланды. Қатысушылар ауылдық жерлердегі спорт алаңдарының жағдайы, жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыру, жаттықтырушыларға қолдау көрсету және бұқаралық спорттық іс-шараларды көбейту жөнінде пікірлерін ортаға салды.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары спорт саласын дамыту аудан басшылығының назарындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол салауатты өмір салтын қалыптастыру мен жастарды спортқа баулу қоғам үшін аса маңызды екенін жеткізіп, сала мамандарының ұсыныстары кезең-кезеңімен қарастырылатынын айтты.
– Бұқаралық спортты дамыту арқылы халық денсаулығын нығайтып қана қоймай, жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке тәрбиелейміз. Сондықтан спорт саласындағы мәселелер назардан тыс қалмайды, – деп атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, бірқатар мәселелер алдағы уақытта назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды. Басқосу ашық пікір алмасу алаңына айналып, спорт саласын дамытуға қатысты нақты ұсыныстар ортаға салынды.
Светлана Ешматқызы
Шыңғырлау ауданы