Казталов ауданында мал азығын дайындау жұмыстары қарқын алды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес Бостандық, Бірік, Тереңкөл, Жаңажол және Көктерек ауылдық округтеріндегі 12 шаруа қожалығы шөп шабу науқанына кіріскен.
Соның ішінде Бірік ауылдық округіне қарасты Қызылту елді мекенінің шаруалары тұрғындарды қолжетімді бағадағы мал азығымен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізуде.
Ел қамын ойлаған азаматтардың бірі — «Ералы» шаруа қожалығының жетекшісі Ерғали. Бүгінде ол ауыл тұрғындарын мал азығымен қамтуға басымдық беріп отыр. Шаруа иесінің айтуынша, алдағы уақытта көлдік алқаптағы шөпті шабу да жоспарланған.
— Шабындыққа шыққанымызға бес күн болды. Осы уақыт ішінде екі отбасыға қолжетімді бағада мал азығын бердік. Алдағы уақытта да ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз ету жоспарда бар. Қазір «қоңырбас» шөбін шауып жатырмыз. Жер кепкен соң көлдіктегі шөпке түсеміз, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі.
Шаруалардың жұмысымен танысқан аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мал азығын дайындау науқанының маңыздылығына тоқталып, алдымен округ тұрғындарын қажетті шөппен қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
— Мал азығын дайындау жұмыстарын ерте бастау — маңызды міндет. Мамандардың айтуынша, қазіргі «қоңырбас» шөбінің құнарлылығы жоғары. Сондықтан шөп шабу науқанын тиімді ұйымдастырып, облыс жүктеген межені орындау қажет, — деді аудан әкімі.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы