Қазіргі қоғамда діни сауатсыздық пен әлеуметтік желідегі күмәнді ақпараттардың ықпалы күшейіп тұрған шақта, деструктивті ағымдардың алдын алу мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе жастар арасында теріс идеологияның таралу қаупі мамандарды алаңдатып келеді.

Осыған орай Теректі ауданына Батыс Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы, дінтанушы Мейрамбек Ержанұлы Қабдоллин келіп, бірқатар түсіндіру кездесулерін өткізді.
Алдымен Федоровка қазақ мектебінде оқушылар және ұстаздармен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жастар арасындағы діни сауаттылық, интернеттегі діни контенттің әсері және деструктивті ағымдардың белгілері сөз болды.
Кейін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілермен семинар өтті. Жиынға Теректі ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мирлан Сагитьянұлы Еркибаевқатысты. Басқосуда қоғамдағы діни ахуал, радикалды көзқарастардың алдын алу және мемлекеттік қызметкерлердің ақпараттық сауаттылығы талқыланды.
Дінтанушының айтуынша, деструктивті ағымдардың 70-тен астам белгісі бар. Семинар барысында олардың негізгі белгілеріне арнайы тоқталды.
– Мен сіздерге дінге шақырмаймын, насихаттамаймын. Бірақ ақ пен қараны білу – сізге, сіздің отбасыңызға қажет. Мемлекет дінмен күреспейді, мемлекет деструктивті ағымдарға қарсы, – деді маман.
Сонымен қатар ол мемлекеттің мақсаты адамдарды қоғамнан шеттету емес, керісінше толерантты көзқарас таныта отырып, дұрыс бағыт-бағдар беру екенін атап өтті.

Түсіндіру жұмыстары кейін аудандық аурухана қызметкерлері мен мансап орталығы мамандарымен жалғасты. Кездесулер барысында діни сауаттылықты арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және теріс ағымдардың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Мұндай кездесулер қоғамдағы рухани қауіпсіздікті нығайтып, тұрғындардың діни мәселелерге қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді.
Әдемі Талғатқызы
Теректі ауданы