Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған облыстық «Шырқа, гитара!» фестивалі өз мәресіне жетті.

Орал қаласындағы «Еуразия» туристік кешенінде өткен байқауды облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырды.
Фестивальдің мақсаты – ауторлық және гитарамен орындалатын әндерді насихаттау арқылы оқушылар бойында патриотизмді қалыптастыру, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін ашу. Іс-шараға колледж және мектеп оқушылары үш жас санаты бойынша қатысып, «Бард әндерді орындаушы», «Ансамбль», «Аутор» және «Гитарамен ән орындаушы» аталымдары бойынша сынға түсті.
Байқау қорытындысында 12 жасқа дейінгі орындаушылар арасында «Бард әндерді орындаушы» аталымы бойынша І орынды Ярослава Лаптиева (Бөрлі) жеңіп алды. Ал «Ансамбль» аталымы Бөрлі ауданынан келген «Колокольчики» ансамбліне бұйырды. Сондай-ақ «Аутор» аталымы бойынша (13-15 жас) І орынды Глафира Васильева (Бөрлі) жеңіп алды.
Бәсі биік фестивальде «Гитарамен әндерді орындаушы» аталымын Нұршат Болат (Қаратөбе) қанжығалады. «Ансамбль» аталымы бойынша (13-15 жас) «Сенім» вокалдық ансамблі (Жаңақала) І орын иеленді. Сонымен қатар «Ансамбль» аталымы (16-18 жас) «Арда» ансамбліне (Бәйтерек) бұйырды. «Аутор» аталымында бас бәйге (16-18 жас) Дархан Салимов (Орал қаласы) лайық деп танылды. Сондай-ақ «Бард әндерді орындаушы» аталымын (16-18 жас) Омар Ғазиз (Бәйтерек) бен Дархан Салимов (Орал) жеңіп алды.
Фестиваль жас таланттардың шығармашылығын шыңдап, өнерге деген қызығушылығын арттырған маңызды мәдени іс-шара болды. Жеңімпаз-жүлдегерлерге диплом мен сый-сияпаттар табысталды.
Гүлфия Қолғанатова,
"Жайық Пресс"