26.05.2026, 17:00
Оқылды: 8

Орал қаласында «ЖайықTazaRiver» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Орал қаласындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Таза Қазақстан» идеологиясы аясында «ЖайықTazaRiver» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.  Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау ісіне қоғам назарын аудару және белсенді азаматтық ұстанымды дәріптеу.

e0e2ec4f-3f1f-44f5-b0b2-45139b891005

Экологиялық акцияға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қатысып, жастармен кездесуде қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қолға алынып жатқан жұмыстың қоғам үшін маңызы  зор  екенін  атап  өтті.

– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – жастарға «Таза Қазақстан» идеясын кеңінен түсіндіру және олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Экологиялық мәдениет – ел болашағының сапасын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Осы бағыттағы жастар бастамаларын қолдау – біздің басты міндетіміз. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Өзіңнен
баста» челленджі қолға алынды. Челлендждің негізгі мақсаты – табиғатты, қоршаған ортаны қорғау өзімізден басталатынын түсіндіру, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.

4dbdb92f-2f1e-46f2-b2aa-8139612ba9a0

Іс-шараға өңірдің белсенді және танымал жастары қатысып, ашық сипатта пікір алмасты. Кездесуде экологиялық бастамаларды дамыту, жастардың қоғамдағы рөлі, волонтерлік қызметті кеңейту және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар табиғатты қорғау тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті.

– Қазіргі таңда Алматы қаласында тұрамын. Дегенмен туған қалама үнемі келіп, осындай игі іс-шараларға белсенді түрде қатысамын. Мектепте жүрген кезімізден ұстаздарымыз қаланы таза ұстап, ағаш көшеттерін отырғызудың маңызын жиі айтатын. Сол тәрбиенің арқасында шығар қолымнан келгенше әрбір пайдалы іске құлшына атсалысуға тырысамын, – деді жайдарманшы, әнші  Қабдол Тілеков.

Акцияда жастар Жайық өзені бойымен кеме арқылы жүзіп өтіп, жағалауларды қоқыстан тазартты. Сонымен қатар ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар жүзеге асырылды. Жағалауда еркін сипаттағы басқосу өтіп, қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға қатысты өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін  ортаға  салды.

Кездесуде жастар спикерлерге сұрақтар қойып, экологиялық волонтерлік қозғалысты дамыту, жастар жобаларын қолдау және қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді. «ЖайықTazaRiver» акциясы жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды.

Гүлфия Қолғанатова,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале