Туған жерге туыңды тігіп, өскен өлкеңнің өркендеуіне үлес қосу әр азаматтың парызы. Бүгінде ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде жалғасып жатқан «Түлектердің туған жерге тартуы» жобасы ел бірлігін айқындаған игі бастамаға айналды. Бұл туған ауылын ұмытпаған түлектердің, туған жердің дамуына жанашыр азаматтардың игілікті ісі.

Кезекті қуанышты жаңалық Көктерек ауылынан жетті. Көктерек ауылының Лұқпанов көшесіне2006 жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Құны 2,5 миллион теңгені құрайтын бұл нысан ауыл бүлдіршіндеріне жасалған үлкен сый.
Ауылдың әлеуметтік жағдайына бейжай қарамай, тұрғындардың игілігіне бағытталған бастамаға қолдау білдірген азаматтардың бұл ісі көпшілікке үлгі боларлық.
Бүгінде жаңа ойын алаңы ауыл балаларының шат күлкісіне толып, тұрғындардың қуанышына айналды. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада ойнап, уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін нысан ауыл келбетіне де ерекше көрік қосты.
2006 жылғы түлек Мәди Сабыров: -Туған ауыл әр адамның жүрегіне жақын мекен. Біз осы жерде білім алып, өсіп-өндік. Сондықтан туған жерге аз да болса пайдамыз тисін деген ниетпен осындай істі қолға алдық. Бұл біздің ауылға деген құрметіміз, -деді.
-Балалардың қуанышын көру бәрінен қымбат. Осындай істер ауылымыздың дамуына серпін береді. Туған жерге жанашыр азаматтар мен түлектердің көбейгені қуантады, -деді аауыл тұрғыны Али Рахматуллин.
Мәриям Рахим,
Казталов ауданы