Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке Қосарал және Жетікөл ауылдарын ауыз сумен қамту жобасы таныстырылды.
Бұған дейін Жетікөлге ауыз су Боқай нүктесінен тартылған-ды. Бірақ жоба өз-өзін ақтамады. Қосаралға ауыз су жеткізу тағы да күн тәртібіне шықты.
Облыс әкімдігі Сырым ауданы ұсынған жалпы құны 768,6 миллион теңгенің жобасын мақұлдады.
Ауыз су көзі ретінде «Кеңащы» жерасты су кені пайдаланылмақ. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Арман Гумаров баяндағандай, Шағырлой ауылынан тартылатын су құбыры Қосарал ауылындағы екінші су көтеру стансасына дейін жеткізіледі. Құбыр бойында жөндеу шахталары қарастырылған.
Жобаның тапсырыс берушісі — Сырым аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Мердігер ұйым ретінде «БатысГазСтрой» ЖШС таңдалды.
- Су желісінің жалпы ұзындығы 33,254 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары осы айда басталып, желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған, - дейді бөлім басшысы Артур Искаков.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы