Мектепке, ауылға, балалыққа деген сағыныш адамның жүрегін өмір бойына әлдилейтін секілді. Сол сағыныш туған жерге деген махаббатпен астасса қандай ғажап?!

Сырым ауданының әр ауылында жерлестер туған мектептері мен мекендеріне сый жасап, халық игілігіне нысандар ұсынды.
Алғабас ауылдық округінде М. Қаналиев атындағы мектептің 1976, 1986, 1996 және 2006 жылғы түлектері туған ауылдың ажарын айшықтай түсу мақсатында ауыл кіреберісіне сәнді әрі заманауи сәулеттік нысан орнатты.
Талдыбұлақ ауылдық округінде 1996 жылы білім ұясынан ұшқан түлектер ауыл көшесіне заманауи көше жарықтандыру жүйесін орнатты. Мектеп баратын жол жарық әрі қауіпсіз деп қуануда оқушылар. Жобаның жалпы құны - 2 500 000 теңге.
Жетікөл ауылдық округінде мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер ауыл тұрғындарының ортақ қажетіне жарасын деген ниетпен 16 қанатты киіз үйді сыйға тартты.
Сонымен қатар, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған жерлестер білім ордасына үстел теннисін тарту етті.
1969 жылы Қосарал ауылының құрылысы басталған тарихи жылда дүниеге келген азаматтар туған ауылдың мерейін үстем ету мақсатында алдағы уақытта ауылға қосымша сый-сияпат жасамақ. Сондай - ақ шәкірттері ауылдың аяулы ұстазда атынан сыйақы тағайындап, білім мен өнерде озат атанған үздік оқушыларға арнайы 90 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табыстады.
*** *** ***
Аралтөбе ауылдық округінде білім ордасын тәмамдағандарына 30 жыл толған 1996 жылғы мектеп түлектері білім алушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында 10 волейбол және 10 футбол ойынына арналған спорттық киім жиынтығын сыйға тартты.
Сонымен қатар, 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында оқушыларға арнап 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық ұсынды.

Бұлдырты ауылдық округінде Бұлдырты орта мектебінің 1996 жылы соңғы қоңырау соққан оқушылары ауылға 8 қанатты ақшаңқан киіз үй сыйға тартты.
Сыйлықты Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Уәлиахметке құрдастары атынан белгілі бапкер Руслан Бекжанов қабылдады.
1979 жылы туған қыз - ұлдар ауылдың шаңырағы биік, керегесі кең болсын деген ырыммен қазақы үй тарту еткендерін айтады.
Б. Ширмединұлы,
Н. Құбаева