Шыңғырлау аудандық күндізгі емдеу стационары мамандарына шыңғырлаулықтар дән разы. Құрамында 4 маманы, 1 техникалық көмекшісі бар ұжымның атқарып отырған жұмысы тау-төбе.
Келген сырқаттың емін тағайындау, дәрі қабылдау уақытын, мөлшерін белгілеп, құжатын толтырып, кеңес беруді бөлім меңгерушісі Гүлнар Уразбаева тиянақтаса, статист-маман, бөлімше мейірбикесі Гүлайна Халелова сырқаттың электронды түрде тіркелуі, ем-шаралардың басталуы мен аяқталуы, жеткен нәтиже мен жасалған ем-домдардың ауқымын нақты тіркеп, жұмыс барысын тәртіптеп отырады. Бірлесе қимылдаған ұжымның жұмысы да өнімді.
-Айына, біздің бөлімше бойынша орта есеппен 170-тен аса адам тағайындалған емдік шараларын алып, толық емдеуден өтеді. Күнделікті қалың кезек, толассыз келіп жатырған сырқаттар санының көптігі, әрине, қалжыратады. Бірақ біз міндетімізді адал орындап келеміз. Көпшілік жұмысымызға оң баға беріп кетіп жатады, - дейді бөлім меңгерушісі Гүлнар Уразбаева.
«Қолы жұмсақ Құрманай», «алақаны шипалы Ақнұр» деп бағалаған көпшілік алғысы осы күндізгі емдеу стационары бөлімінің мамандарына арналып жүр. Халық саулығын қамдаған, емдеуден еш жалықпаған пейілдеріңізге аудан жұрты дән риза. Біз де көпшілікке үн қосып, ұжымға өз алғысымызды білдіреміз.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz