29.05.2026, 17:15
Оқылды: 19

Дәрігер Бисеновтер: Жаппай қуғын-сүргіннің зардабын тартқан әке мен қыз  

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

 

Дәрігер ретінде мені әу бастан қазақтың алғашқы дәрігерлерінің өмірі мен қызметі ерекше қызықтыратын. Олар туралы әртүрлі жазба деректер ұсынған ғалымдармен және журналистермен тікелей тілдесуге үнемі ұмтылып жүремін. Солардың бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Досаханов Әлихан аға еді.

WhatsApp Image 2026-05-29 at 16.45.26

Ол «ХХ ғасырдың басында қазақ мемлекеттігін құру идеясын паш еткен «Алаш орда» саяси қозғалысының Әлихан Бөкейхан бастаған аса білімдар, жан-жақты «талантты» белсенді қатысушыларының арасында жиырма бес дәрігер мен жиырма фельдшер болды» деген дерек берген. Олардың бірі Саратов императорлық университеті медициналық факультетінің 1917 жылғы түлегі оралдық Бақтығали Бисенов болғанын [(Досаханов Ә. «Медики-алашординцы – жертвы политических репрессий» «Казахстанская правда», 2023. – 26 мая. - №98 (29975) ]  жазған. Осы тұлға туралы арнайы зерттеулер де жүргізген. Ол жұмыстарының бастауында Б. Бисеновтің дәрігер қызы Розаның берген деректері жатқанын да аутордың өзінен білген едік. Бізге де сол әріптес апайдың өзінен мәлімет алу мүмкіндігін ұсынып, ұйымдастырған ауылдас інішегім журналист-жазушы Кенжебек Сержанұлы болды. Еуразия университетінің жанындағы алаштану клубында арнайы шақырылған осы апаймен етене танысып, сол талайлы тағдыр иесінің өміріне ден қойып, сол мезгілде республиканың бас газетінің бетінде мақала [Сержанұлы К. «Ізі қалған өшпестей» «Егемен Қазақстан» газеті, 2016 жыл 15 маусым, №113(28841)] да жариялап үлгерген ол Роза апаймен жақсы таныс ретінде мені онымен жүздестірді де. Ол 2024 жылдың 9 наурызы еді. Бірер жылда сексеннің сеңгіріне шығажақ, бірақ ой жүйесі мен әңгіме жүргізуі жоғары деңгейдегі апай сонау маңғыстаулық әріптес інісінің қазақтың алғашқы дәрігерлерінің өміріне үңіліп жүргеніне ерекше қуанатынын көңілі толып айтқан-ды.

– 1936 жылдың 26 тамызы күні Орал облысы Тайпақ ауданының Базартөбе деген ауылында Тана руының Асан бөлімінің өкілі, дәрігер Бақтығали Бисенұлының жанұясында тудым. Жасым бірге толған кезде, 1937 жылдың 16 қыркүйегінде 48 жастағы әкемді, ел оны Бах деп те, Бақыш деп те атайды екен, НКВД жендеттері ұстап әкетіпті. Есімді білгенде оның «революция мен Кеңес өкіметінің жауы, қазақ ұлтшылы» деген айып тағылып, 1937 жылы 5 желтоқсанда РКФСР ҚК 58-бабының 2, 11-тармақтарымен өмірінің 10 жылын «еңбекпен түзеу» деп аталатын лагерьде өткізуге кесіліпті. Екі айдан соң іс қайта қаралып, 1938 жылы 15 ақпанда ең жоғары – ату жазасы тағайындалады. Үкім 3 күннен кейін Орал қаласында орындалған. Осылайша әкемнің өмірі 1938 жылдың 19 ақпанында бар болғаны 49 жасқа қарап тұрған шағында қиылыпты. Оның соңында анамыз Жанша Мақашқызы мен біз – 5 ұл, 2 қыз қала барыппыз... Шешем алаша руының қызытұғын, ол – қазақтың белгілі жазушысы Берқайыр Аманшиннің жақын апасы.

Жасымнан әкеме ұқсап дәрігер болуды армандайтынмын. Власов армиясының құрамында соғысып жүріп, жау қолына тұтқынға түсіп, неміс концлагерінің азабын көргені аздай, кеңес сотының шешімімен 25 жылға тағы «лагерьлік түзетуге» кесілген үлкен ағам Махмұт 1955 жылы ғана түрмеден босап [Досаханов А. «Бактыгали Бисенов – врач по призванию и патриот по духу» газета «Приуралье», 2020 жыл  26 мая, №41; Құттымұратұлы Қ. «Бисеновтер тағдыры» «Егемен Қазақстан» газеті, 2022 жыл 29 қараша] шыққан соң: «Розтай мектепті бітіргеннен кейін әкесінің жолын қуып, медициналық институтқа түсуі керек» деген кесімді сөзін айтыпты. [Роза Бақтығалиқызы Бейсенованың естелігі / жазып алған Жұмағұл С. // Естеліктегі Алаш: Әдеби-танымдық басылым: Құрастырған С. Жұмағұл / І-басылым. – Қарағанды: «TENGRI Ltd» ЖШС, 2018 жыл 676 б. - Бб. 371-375 (374)]. Алматыда тұратын немере апам, әкеммен шаңырағы бөлінбеген ағасы Нұрғали көкемнің қызы  Ғафура да сол институтқа түс деп кеңес беруден  жалықпады. Тумаластарымның сол ықылас-ниеттері тағы қолдау болып, мектепті 1956 жылы үздік бітірген мен сол уақытта Сталиннің маңындағы көсемдердің бірі Молотовтың атын иеленген Алматы медициналық институтына түстім. Оқуымды 1962 жылы аяқтап, Алматы облысы Панфилов ауданының В. Ленин атындағы кеңшары амбулаториясына дәрігерлік қызметке жолдандым. Менің дәрігерлік ғұмырымның алғашқы 1 жылы өткен ол жер мен үшін нағыз кәсіби мектеп болды. 5-курста оқып жүргенімде тұрмысқа шыққан жұбайым Тоққұлы Әбішев Жезқазғанның жағалбайлысы еді. 1963 жылы сол күйеуімнің отанына – Жаңаарқаға ауыстым. Ол агроном болатын, өзінің елінде мамандығы бойынша абыроймен қызмет етіп жүріп, 1982 жылы 45 жасында өмірден өтті. Аллаға шүкір ететінім, бала-шағам (Анар, Оңал, Берік, Ерік, Бақытжан, Орал) аман-сау өсті. Баршасы да өмірден орындарын тапты, адал еңбектерімен нәпақаларын табуда. Ерекше айтарым – Анарым  әкем мен менің жолымды қуды, ол нефролог-дәрігер болып біздің жанұяны дәрігерлік әулеттер қатарына қосты.  Ал мұндай династиялардың әлем бойынша аса көп еместігін көпшілік біледі. Сөйтіп, ұрпақ өз  бағытымен  жалғасуда.

Тікелей өзіме қатысты әңгімемді жалғастырсам, балалар емханасынан (аудандық емхана жа-
нындағы балалар консультациясынан) басталған дәрігерлік қызметім аудандық ауруханада жалғасты. Күндіз-түні дерлік еш аянбай еңбек еткенімді қысылмай, қымтырылмай  айта аламын. Елдің разылығы мен алғысына, әріптестерімнің шынайы құрметіне бөлендім. 2-шақырылымдағы Қарағанды облыстық атқару комитеті кеңесінің депутаты болып сайландым. Халық қалаулысы ретінде де барымды сала елге қызмет еттім. Еңбегімді Үкіметтің де бағалағаны ғой, әр кезде «Құрмет белгісі» (1971),
«Октябрь революциясы» (1981) ордендерімен, әртүрлі медальдармен марапатталдым.

WhatsApp Image 2026-05-29 at 16.44.49

Мен саналы ғұмырымның біраз уақытын әкемнің өміріне қатысты деректерді іздеумен, жүрген іздеріне көз салумен өткіздім. Біраз нәрсе таптым да. Таба алмағаным – оның сүйегі жерленген жер. Өмірімдегі үлкен өкінішім де сол.

Әкем Бақтығалидың өмірі мен қызметін әріптес жерлесі, үлкен ғалым-дәрігер Ә. Досаханов терең зерттеп, бірнеше мақала жазды, оның атын «Алғашқылар: Алаш медиктері» атты кітабына қосты. Ол жайлы журналистер М. Шамұратов, Қ. Құттымұратұлы, М. Бердәлі тұшымды материалдар жариялады. Бұл іске араласқандардың барлығының, олар мені кешірсін, тап бүгін аттарын атай да алмай жатырмын. Әкемнің студенттік өмір кезеңі 2022 жылғы «... ұлт тарихына қатысты археографиялық экспедиция» кезінде зерделенді [Р. Оразов, С. Смағұлова «Саратовта оқыған қазақтар» «Егемен Қазақстан» газеті, 2022 жыл 29 қараша].

Әкем жөнінде қысқа-нұсқа айтар болсам: ол 1889 жылдың 24 тамызында Тайпақ өңірінің Мамай-Сарыбас жерінде өмірге келген. Ол жер сол кезеңде ресми Орал облысы Ілбішін үйезі Қызылжар болысының №5 ауылы деп аталған-ды. Әуелі түземдік мектепте, кейін қалалық Романов, Орал әскери реальды училищелерін тәмамдап, 1910 жылы Саратов қаласындағы императорлық Николаев университетінің медициналық факультетіне қабылданады. Ол оның 9-семестрін бітірген кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып жатты да, көптеген курстасы сияқты әскери дәрігер ретінде соғыс ісіне тартылған. Өзінің дипломын (куәлігін) тиісті емтихандардан өтіп, 1917 жылы ғана алып, 17 желтоқсан күні «ғылым берген медицина докторы құқығын терең сезіммен қабылдай отыра... науқастарға барлық уақытта көмегімді беремін» деген қасиетті «факультеттік уәдесін» (антын) берген. Сол жылы Орал облысы ХІІІ Қызылқоға дәрігерлік учаскесінде дәрігерлік қызметіне кіріседі. Алашорданың Батыс бөлігінің жұмыстарына барынша белсене қатысып, қасына туған інісі Ізінейді (Ізімғали), 2 немере тумаласы – Ишанғали мен Ізепқали Бисеновтерді тартып, Халел мен Жанша Досмұхамедовтердің жақын маңынан табылады. Азамат соғысынан кейінгі шаруашылықтар қирап, елді күйреткен жұқпалы аурулар кеңінен тарап жатқан 1920-1921 жылдары Калмыков үйезі денсаулық сақтау бөлімін басқарады, 1921-1924 жылдары – Байғұтты дәрігерлік учаскесінде, 1925-1926 жылдары – Жымпиты денсаулық сақтау бөлімінде санитарлық дәрігер, 1926-1928 жылдары – Жымпиты, 1928 – Тайпақ аудандық ауруханаларының меңгерушісі, 1929 жылы – Оралдағы кеңес-партия мектебінің дәрігері, 1930-1934 жылдары – гүбернелік денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы болып істейді. 1934 жылы Тайпақ ауданының Базартөбе учаскелік ауруханасына меңгеруші болып, кейін 1937 жылдың басында Жымпиты аудандық ауруханасына жолданады. Өкініштісі, бұл жер оның соңғы жұмыс орны екен. Оның қалған тағдыры әңгімемнің басында айтқанымдай болып, аянышты түрде өріледі. Осылай өңірдің «белгілі дәрігерінің тағдырын мемлекеттік қауіпсіздік сержанты аса тез, өте дөрекі, ешбір аяусыз түрде шеше салады» (Ә. Досаханов). Арада жылдар өтті, жаңа заман келді, Үкіметтің саяси ұстанымдарының бағыты өзгере бастады, «жылымық кезең» жетті. Жаппай қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары ақтала бастады. Солардың бірі менің әкем Бақтығали болды. Батыс Қазақстан облыстық соты алқасының 1958 жылдың 14 маусымындағы қаулысымен НКВД Батыс Қазақстан облысық басқармасы Үштігінің «Бисенов Бах Бисенұлына қатысты 15.02.1938 ж. күнгі шешімінің күші жойылып, оның іс-әрекетінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс өндірісі тоқтатылды. Б. Бисенов ақталды және саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады» [Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының Ақтау жөніндегі (17.10.2005ж., №17-6-05) анықтамасы]. Тағы да бір мен үшін ерекше күйінішті жағдай – 1953 жылдың 11 ақпанында дәрілбақиға аттанған анамның бұл жайдан бейхабар кеткені.

Көңілімізді қуантып, әкемнің жақсы аты бірте-бірте шыға бастады. Соның бәрі жаралы көңілімізге медеу. Орал қаласының Арман шағынауданының бір жаңа көшесіне ақталған дәрігер Б. Бисеновтің аты берілді.

Менің де жастық шағым «халық жауының қызы» деген айып тағылумен өтті. Өмірімде кедергілер өте көп болды дегенім менің жан дүниемнің езіліп-мұжылып өткенінің деңгейін ешбір аша алмайды. 1992 жылдың 28 наурызында өткен Алматы қаласының Алмалы аудандық соты өзінің шешімімен менің жаппай саяси қуғын-сүргін көрген жайыма заңи тұрғыдан баға берді.  Біз – әкелі-қызды қос дәрігер осылай заңды түрде ақталдық. Енді бізді ешкім де ешқашанда «халық жауының» қатарына қоса алмас.

Мен енді республикалық комиссия құрамында саяси қуғын-сүргін шеккендердің тағдырына араша түсу ісімен белсене айналыса бастадым. Бұл бағыттағы қолымнан келген аз-маз оңды еңбегімді
Ә. Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты аса жоғары бағалады. Оның ғылыми кеңесі 2024 жылғы 25 қарашадағы (хаттама №10) шешімімен (институт директоры Ұ. Сейдрахман) мені «Алаш зиялысы» медалімен марапаттады. Мен ол еңбегімді жан әкем мен оның тағдырластарының рухына  арнаймын.

Өскелең ұрпақ менің әкем мен оның замандастарының алғаусыз, жанкешті енбектерінен үлгі алса-ау деп армандаймын. Ал олар елі мен жері үшін аянбай еңбек етіп, шайтани заманда шаһид болып кетсе-дағы, бүгіндері сол ұрпаққа дәрілбақидан руһи шуақтарын төгіп те жатқан болар-ау деп пайымдаймын, – деп  әңгімесін  аяқтады Роза апай.

Жаппай қуғын-сүргін тепкі-сін көрген әке мен қыз – қос дәрігер Бисеновтер туралы негізгі деректер – осылар. Олардың тағдыры өте ауыр, жүректі сыздатады. Тек орнында бардың оңалатыны көңіл  жұбатады.

Әзірбай Ораз,

медицина ғылымдарының кандидаты,

Ақтау қаласы,

Маңғыстау облысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале