Оралда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында әлем шемпионы, әлем кубогының иегері, Қазақстан Республикасыныңеңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған ашық республикалық турнир өтті.

«Жайық арена» спорт кешенінде бастау алған байрақты бәсеке – боз кілемде ел намысын асқақтатқан даңқты спортшының жарқын бейнесін ұлықтап, өшпес ерлігін кейінгі буынға өнеге ететін тағылымды дода. Қазақ спортының тарихында қайсар мінезімен, жеңіске деген жігерімен дараланған Асқар Шайхиевтің есімі ұрпақ жадында.
Ширек ғасырлық тарихы бар турнир соңғы екі жылдан бері дзюдо күресінен ұйымдастырылып келеді. Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес Ресей мен Өзбекстаннан келген 200-ден
астам спортшы күресті. 16 команданың басын қосқан дүбірлі дода бүгінде жас дзюдошылардың шеберлігін шыңдайтын маңызды алаңға айналды.
Турнирдің ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Айбек Имашев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, дзюдодан Қазақстанның тұңғыш әлем шемпионы Максим Раков, әлем шемпионатының күміс жүлдегері Рустам Ибраев, Азия шемпионатының күміс жүлдегері Елдос Жұмаханов, БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев және самбодан үш дүркін әлем чемпионы Алмас Сүлейменов қатысты.
– Асқар Шайхиев – боз кілемде топ жарған шемпион ғана емес, қайсарлық пен рухтың символына айналған тұлға. Оның өр мінезі мен жеңіске деген жігері – жас буынға мәңгілік үлгі. Осындай арда азаматты ұлықтау – ел рухын көтеретін маңызды іс. Бұл сайысқа жыл сайын шетелден де мықты палуандар қатысады. Турнир жеңімпаздарына ҚР спорт шебері атағы беріледі. Сондықтан бұл дода – әр балуан үшін үлкен мүмкіндік, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Қазақстан дзюдо федерациясы президенті-нің кеңесшісі Айбек Имашев мұндай турнирдің ел спорты үшін маңызы ерекше екенін атап өтіп, федерация атынан облыс әкіміне алғысхат табыстады.
Салтанатты рәсім аяқталған соң татамиге шыққан палуандар тартысты белдесулер өткізіп, жанкүйерлерге нағыз дзюдо мерекесін сыйлады. Қайсарлық пен мінез сыналған жарыс қорытындысында әр салмақта үздіктер анықталды
Турнир қорытындысы
Қыз-келіншектер арасында:
48 келі салмақ дәрежесінде І орынды Айдана Хасенқызы жеңіп алды. Ал БҚО өкілі Әсем Бисенғалиева қола жүлдегер атанды. 52 келі салмақта шемпиондық тұғырға Жамбыл облысының спортшысы Аружан Адасхан көтерілді. 57 келі салмақ дәрежесінде Нұрайлым Сәрсенбек (Ұлытау облысы) алтын медаль иеленді. 63 келі салмақта Дана Абдирова (Атырау облысы) жеңімпаз атанды. 70 келі салмақ дәрежесінде Қызылорда облысының палуаны Нұрбибі Ұлықбекова топ жарды. Осы салмақта оралдық Айдана Елеусінова қола жүлдеге қол жеткізді. 78 келі салмақта Атырау облысының өкілі Аружан Жандарбай бірінші орынды жеңіп алса, БҚО спортшысы Дарья Забильская үшінші орынға тұрақтады. +78 келі салмақ дәрежесінде Айдана Ғазизқызы (Қызылорда облысы) шемпион атанды. БҚО спортшыларынан екінші орынды Әсел Қазиева иеленсе, қола жүлде Айсұлу Сәрсенова мен Карина Такиеваға бұйырды.
Ерлер арасында:
60 келі салмақ дәрежесінде БҚО дзюдошысы Темірлан Меңдіғалиев шемпион атанды. Күміс жүлдені тағы бір өңір спортшысы Абай Жанәділ еншіледі. 66 келі салмақта жергілікті палуан Нұрсұлтан Зайзағалиев жеңіс тұғырынан көрінді. 73 келі салмақ дәрежесінде Қарағанды облысының өкілі Дастан Жұмажанов алтын медаль жеңіп алды. Ал теректілік Тайман Нұрғалиев қола жүлдеге ие болды. 81 келі салмақта Қызылорда облысының спортшысы Айғали Қалдыбек үздік атанды. 90 келі салмақ дәрежесінде Ақтөбе облысының палуаны Нұржан Бисенов шемпион атанса, күміс медальді БҚО атынан сынға түскен Данилл Крылов иеленді. 100 келі салмақта жерлесіміз Нұрымжан Ғаббасов шемпиондық атақты жеңіп алды. Аса ауыр салмақта Түркістан облысының палуаны Мейіржан Абдумаников топ жарды. Екінші орын БҚО спортшысы Мерей Бердіғалиға бұйырса, қола жүлделерді жерлестеріміз Рамиль Халилов пен Айдос Мұратов иеленді.
Осылайша Асқар Шайхиевті еске алуға арналған дәстүрлі турнир биыл да тартысты белдесулерге толы болып, жас дзюдошылардың шеберлігін шыңдайтын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»