5.06.2026, 16:00
Оқылды: 28

«Жасыл қаланың» жанашыры

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні

Орал қаласын өзге өңірлер «Жасыл қала» деп таниды.  Табиғаттың  көркемдігін  сипаттайтын бұл  атау шырайлы шаһарамызға тектен-тек қойылмаса керек.  Десе де, жаһанға «Жасыл қала» деп жар салған Ақ Жайық өңірінде экологтар саусақпен санарлық.  Осы ретте экобелсенді, «Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамы» ҚБ-ның төрағасы Дархан Сариевпен сұхбаттасуды жөн көрдік. 

ағаш фонда болсын дейді

Дархан Сүндетқалиұлы Орал қаласында дүниеге келген. Ол осы күнге дейін өңірде орын алған экологиялық мәселелерге араласып, өз азаматтық ұстанымын жеткізіп жүр. Табиғат тазалығы барша адамзатқа ортақ міндет деп есептейді кейіпкер. Әрі ол экология негізі болғандықтан, табиғатқа салғырт қарау түбінде адамзат денсаулығына, қоршаған ортаға кері әсерін тигізері анық. Эколог әңгіме барысында өзі жан-жақты зерттеп жүрген осы сала төрт негізгі бөліктен тұратынын  жеткізді.

– Экологияның негізгі бөліктеріне ауа, өзен-көл және жердің тазалығы, ормандарды қорғау жатады. Осы төрт бағыт табиғаттың тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде осы бағыттың ішіндегі ормандарды қорғау бөлігіне көңіл бөліп жүрмін. Еліміздің батыс аймағы тоғайлы жерлердің көптігімен ерекшеленеді. Шамамен батыс өңірінде 85-90 мың гектарды орман алып жатыр. Орал мен Атырау қалаларының арасын жалғап, ағып жатқан Жайық өзені жасыл желектердің көптеп өсуіне септігін тигізуде. Байқасаңыз, өзен бойын жағалай өскен тоғай тізбегі Атырау аумағына таяғанда сирей түседі. Бұл бір қарағанда көзге ұрар аса үлкен мәселе болмағанымен, өте өзекті. Мен жазық жерлер мен қала ішіндегі ағаштардың оталуына қарсымын. Себебі ағаш – таза ауаның кепілі, көлеңкесі серуен құруға ыңғайлы, шаһар мен саябаққа ерекше әсемдік сыйлайды. Оған қоса, табиғи тұрақтылықты сақтауда да пайдасы мол. Қала ішін мекендейтін құстар ағаш діңіндегі құрт-құмырсқалармен қоректенеді. Құстардың мекен ету аймағын өзгертуіне ағаштың жойылуы да бір себеп болуы мүмкін. Өкініштісі, қаламыздағы алтыншы және оныншы шағын-аудандарда тоғайлы саябақ некен-саяқ. Сонда ол жерде тұратын адамдар демалу үшін саябақ іздеп қала орталығына қашанғы сенделіп жүрмек? Тіпті жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің алаңдарында отырғызылған бір түйір ағашты көру кейде мүмкін болмайды. Ал бұл «Елді мекендердің аумағын абаттандыру» мемлекеттік норматив құжатындағы талаптарға мүлде қайшы. Талап бойынша, тұрғын үй ауласының 40 пайызы жасыл аумақ болуы қажет. Қазіргі кезде жасыл аумақ былай тұрсын, тұрғын үйлерде көлік тұрағы дұрыс жолға қойылмаған. Норматив құжатына тағы бір көз жүгіртейікші. Қалада жаяу жүргенде әр 400-600 метр сайын алдыңнан саябақ шығуы тиіс. Сондай-ақ  саябақ сыйымдылығы кемінде 100 адамнан аспауы керек. Мұны қазіргі жағдаймен салыстыралық, қалалық мәдениет және демалыс саябағында бір кеште мыңға жуық адам жүреді. Оның себебі, шаһарда тұрғындар қызығушылығына сай саябақ аз. Астында көлігі барлар жүйткіп жетеді ғой, ал алыс шағынауданда тұратын жаяу жүргіншілер аутобоспен қатынайды немесе серуендеуден бас тартады. 2024 жылы №1 қалалық емхананың аумағын үлкейтеміз деген мақсатпен, ғимарат алдындағы тынымбақтың ағаштарын кеспек болды. Сол сәтте бір топ экобелсенділер және «Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамы» ҚБ мүшелері ағаштардың оталуына қарсылық білдірдік. Әлеуметтік желі парақшаларында бейнероликтер жариялап, «Елді мекендердің аумағын абаттандыру» мемлекеттік норматив құжатындағы талапты алға тарттық. Мұнда аурухана аумағының 30-40 пайызы жасыл-желек болуы міндетті деп анық жазылған. Әйтеуір сіз-біз десіп жүріп ағаштарды оталу қаупінен аман алып қалдық, – деп кейіпкер азаматтық ұстанымын нақты іспен дәлелдеп жүргенін жеткізді.

Дархан Сариевтің сөзіне сүйенсек, 2020 жылы қаламыздағы мәдениет және демалыс саябағы жеке кәсіпкерлерге беру жөнінде мәселе қаралған екен. Сол мезетте кейіпкеріміз бастаған табиғат жанашырлары тағы да қарсылық білдіреді. Себебі саябақ аумағын сатып алған кәсіпкерлер жасыл-желекке зиян келтіруі мүмкін. Экобелсенді аталған саябақтың кіреберіс жолы, көпірдің арғы беті мен кей аумағы саябақ меншігінде емес екенін жеткізді. Ол саябақ аумағы толығымен саябақ меншігінде болуы керек деп есептейтінін айтты.

Сүндетқалидың Дарханын ағаш мәселесі ғана алаңдатып отырған жоқ. Қала аумағындағы қоқыс қалдықтарының көбеюі де экологтың көкейінде жүр. Бұл – қала халқын қынжылтып отырған өзекті тақырып. Біз кейіпкердің қоқыс мәселесіне қатысты ойын сұрап-білдік.

– Күнделікті тұрмыстық қатты қалдықтардың көбеюі еліміздің барлық өңірінде кездесіп жатыр. Қатты қалдықтарды қайта кәдеге жарату жұмысын жандандыру қажет. Қоқыстардың түрлеріне байланысты бірнеше жәшік қойылуы керек. Бұл қалдықты сұрыптау кезеңінде тиімді болады. Осы орайда  тұрғындардың экомәдениеті де бірте-бірте қалыптасады деген сенімдемін. Қалдықтардың мүлде пайдасыз бөліктерін полигондарда үйінді ретінде сақтай беру де жөн емес. Қажетке жарамайтын қоқыс бөліктерін арнайы түтін тазалағыш құрылғысы бар зауыттарда өртеу керек. Бірақ зауыт ғимаратының қаладан қашық жерде болғаны абзал. Әйтпесе, тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. Қоқыс мәселесін жауапты мекемелерге ғана ысырып қою дұрыс емес. Бұл мәселе қоғамға ортақ болғандықтан, қоршаған ортаның тазалығына кез келгеніміз жауапкершілікпен қарауымыз қажет, – деді Д. Сариев.

Қорытындылай келе, табиғаттың тағдырына бейжай қарамау – нағыз азаматтық ұстаным. Әр тұрғын экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты қорғау жолында өз үлесін қосуы қажет.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале