11.06.2026, 11:00
Оқылды: 31

Көне шаһардың құпиясы көп

Таяуда «Жайық қаласы» тарихи-археологиялық, сәулет этнографиялық музей-қорығының аумағына геосканер  құрылғысы арқылы жерасты қабаттарына зерттеу жүргізілді. Бұл зерттеу жұмысына Татарстанның Ғылым академиясының Халиков атындағы Археология институтының ғалымы, «Археологиялық геофизика» зертханасының жетекшісі  Владимир Бездудный арнайы қатысты.

5d2dfef9-4917-43b2-a3bc-392ef9419be4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы «Алтын орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында Алтын орда тарихының зерттеу үдерістерін жетілдіру қажет екенін айтты. ХІІІ және ХV ғасырларды қамтитын Алтын орда дәуіріндегі Жайық қаласы тарихи маңызға ие. Естеріңізге салсақ, 2001 жылы Ақсай-Атырау газ құбырын тартқан кезде шаһардың Ысқырық тау аумағынан Жайық қаласының орны анықталған еді. Содан келер жылы Ә. Марғұлан атындағы археология институты қазба жұмысын жүргізеді. Зерттеу барысында аталған аумақтан тұрғынжайлар мен хамам моншасы табылады. Оған қоса, мешіт, кірпіш күйдіргіш пеш пен кесенелердің анықталуы Жайық қаласының өз заманында сәулеті келіскен шаһар болғанын айғақтайды.  «Жайық қаласы» тарихи-археологиялық, сәулет этнографиялық музей-қорығының директоры Мирболат Ерсаевтың (суретте) айтуынша, қазіргі біз тұрып жатқан Орал шәрі Жайық қаласынан бастау алатын көрінеді. Көне қала Жайық өзенінің бойында орналасқандықтан археологтар оны «Жайық қаласы» деген атауға лайық көрген.

– Бұрын керуен көші өткенде белгілі орындарға аялдап, кейін сапарын жалғастырып отырған. Ал бұл Жайық қаласы – тұрғылықты мекен. Күйдірілген кірпіштен қаланған баспаналар мен кесенелер, хамам моншасы осы сөзімізге анық дәлел. Соның ішінде хамам моншасы мәдениеті өріс жайған өркениетті ортағасырлық қалаларда ғана болған. Жайық қаласы көне ірі шаһар деуге әбден лайық. Осы себепті оның аумағын жіті зерттеген жөн. Ғалым Владимир Бездудный әкелген геосканер құрылғысы жердің астыңғы қабаттарында не бар екенін анықтай алады. Осының нәтижесінде ежелгі қоныстарды, қорымдарды, құрылыс қалдықтарын және басқа да археологиялық нысандарды жерді қазбай, зерттеуге жол ашады. Бұл зерттеу жұмыстарын жылдамдатып, дәлдігін арттырады әрі мәдени мұраны сақтауға мүмкіндік берді. Осылайша археологияның даму сатысына цифрлық бетбұрыс жасап отырмыз. Бүгінде ғалым Владимир Бездудныйдың жанында мекеменің екі қызметкері бар. Олар ғалымға көмектесіп қана қоймай, техника тілін меңгеруде. Болашақта геосканер құрылғысы біздің өңірімізге сатып алынып, мамандар арнайы оқудан өтсе, тарихымызды зерттеу жолында мол мүмкіндікке ие боламыз. Жердің астыңғы қабатын зерттеп, кейін онда қазба жұмыстарын жүргізсе, бұл қаражатқа да тиімді. Жоспар бойынша 2 гектар жер геосканерден өткізілді. Зерттеу жұмысын кезең-кезеңімен жалғастырамыз, – деді М. Ерсаев.

78a10ca5-a9a6-4550-bfa6-e0ac4834fb62

Музей-қорығы директорының айтуынша, келер күндерде осы аумақты толық зерттеп, жер қойнынан табылған кесенелер, хамам моншасы секілді тарихи ғимараттардың үлгісін тұрғызып, туристер тарту жоспарда тұрған көрінеді.

мурат калменов

Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Мұрат Қалменов (суретте) Жайық қаласын зерттеуде мол еңбек сіңіріп жүр. Ол қазба жұмысы барысында қола ғасырына тән жерлеу орны табылғанын айтады. Ғалымның айтуынша, жас қыздың тізесі мен шынтақтары, басы-мойыны бүгіліп жерленген. Мүрденің эмбриондық қалыпта, яғни ана құрсағындағы нәрестенің кейпінде жерленуі ежелгі адамдардың қайтыс болған адам қайта тіріліп, өмірге келеді деген сенімімен байланысты.

– Болжам бойынша  Жайық қаласының жоғарғы нүктесінде қорымдар, ал төменгі бетінде қала болған. Жазба деректерге қарағанда, ежелгі қалаларға кіргенде алдымен зираттар мен жерлеу орындары орналасқан «өлі қалаға», содан кейін ғана тұрғындар мекендеген «тірі қалаға» кіру дәстүрі болған. Бұл ұстаным ата-баба рухтарына құрмет көрсету және өлілер мен тірілер әлемінің өзара байланысы туралы дүниетанымға сай. Көне ғимараттардың ішінен тұрмыстық заттар аз кездесті. Бұл ертеде Жайық өзені тасып, салдарынан тұрғындар Ысқырық таудың арғы бетіне қазіргі Орал қаласына қарай көшкен, – деді археолог.

82837121-183f-40ba-950e-d77e9882c7e6

Ақ Жайық өңіріне арнайы келген  ғалым Владимир Бездудный (суретте) зерттеу жұмысына кіріспес бұрын Жайық қаласының тарихымен жіті танысқанын айтады.

– Жайық қаласы аумағынан табылған тарихи жәдігерлерді көрдім. Бұл Алтын орда дәуіріндегі үлкен шаһар болғанын растайды. Моншаның болуы сол кезеңдегі адамдарда тазалық мәдениеті қалыптасқанына дәлел. Менің ойымша, бұл жерден әлі де ғимараттар мен нысандар табылуы мүмкін. Үлкен қала болғандықтан мешіт, медресе де болуы ықтимал. Геосканер құрылғысының жердің астыңғы қабаттарын зерттеуге пайдасы орасан. Алдымен белгіленген аумақты құрылғымен жүріп өтіп, кейін компьютерге ақпараттарды жүктейміз. Бұл құрылғымен жұмыс істеу оңай көрінгенмен, жүйесі күрделірек. Мекеме мамандары жәрдемдесуде, – деді ғалым.

Алдағы уақытта да зерттеу жұмысы жалғасын таппақ. Жүргізілетін кешенді зерттеулер көне қаланың құпияларын ашып, өңірдің тарихимәдени және туристік әлеуетін арттыруға бағытталмақ.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале