10.06.2026, 18:00
Оқылды: 8

Жаз жайнатып, күн күлдіріп...

Барлық бала асыға күтетін жазғы демалыстың басталғанына бірнеше күн өтті. Балдырғандардың біразы алыс қалаларға, енді бірі ауылдағы ата-әжесіне аттанса, тағы бірі жазғы лагерьлерде демалуды бастап кетті. Жақында біз облыс орталығындағы Оқушылар сарайындағы жазғы демалыс орталығына арнайы барып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысып, балғындардың жарқын сәттерінің куәсі болып қайттық.

9c263e36-5d2a-4e28-8333-cc7dc6a3437d

Біз келген сәтте спорт алаңындағы қарбалас бірден назарымызды аударды. Балалардың шат күлкісі мен жарыс үстіндегі айқайы айналаны ерекше көңіл күйге бөлеп тұр. Эстафеталық жарыста түрлі сыннан өтіп, бір-бірін қолдап, жанын салып айқайлаған балалардың жарқын дауыстары да ерекше.  Ең қызығы, топ жетекшілері де баламен бала болып жүгіріп, қолдарын шапалақтап қуанып, бірге ойнап жүр. Мұндағы атмосфераның өзі жазғы демалыстың нағыз мерекесіне айналғандай.

Осыдан бес жыл бұрын Оқушылар сарайының жанынан ашылған жазғы демалыс орталығын жергілікті балалар жақсы біледі. Орталықтың басты мақсаты – балалардың жазғы бос уақытын тиімді ұйымдастыру ғана емес, оларды жаңа ортаға бейімдеп, шығармашылық және танымдық бағыттарға баулу. Орталықта жаз бойы төрт ауысым ұйымдастырылады. Маусым айында алғашқы екі ауысым өтсе, шілде айында үшінші және төртінші ауысым өз жұмысын бастайды. Әр топта жиырма балаға дейін қабылданады. Жалпы жеті топ жұмыс істейді. Бір ауысымда 140 баланы қамтуға мүмкіндік бар. Қазіргі ауысымда 70-тен астам бала демалып жатыр.

1a67291c-45fe-47f6-acf3-1387fc04061e

Орталық басшысы Бекзат Қажиеваның айтуынша, мұнда балалар тек ойнап қана қоймайды.

– Біздің мақсатымыз балаларды қызықты демалыспен қамту ғана емес. Мұнда сауықтыру бағытындағы бассейн бар. Танымдық бағытта саябақтарға, түрлі орталықтарға саяхат ұйымдастырамыз. Кинотеатрларға барамыз. Сонымен қатар оқушылар сарайындағы үйірмелердің барлығы дерлік осы бағдарламаның құрамына енгізілген. Балалар әр үйірмемен танысып, өзіне ұнайтын бағытты таңдай алады, – дейді ол.

Орталыққа бірінші сыныпты аяқтаған жеті жастан бастап он төрт жасқа дейінгі балалар қабылданады. Әр топ жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді.

Балалардың әр күні таңғы сегіз жарымда басталады. Әуелі көңілді жаттығулар мен таныстыру іс-шаралары өткізіледі. Одан кейін таңғы ас ішіп, әр топ өз бағдарламасына кіріседі. Қолөнер, сурет салу, спорттық ойындар, ағылшын тілі, математика, шығармашылық сабақтар мен түрлі шеберлік сағаты ұйымдастырылады. Түскі астан кейін балалар арнайы демалыс бөлмелеріне барып тынығады. Бұл жерде кілемдер мен көрпелер төселген. Ұйықтау міндетті емес. Бірақ балалар аяқтарын созып, кітап оқып, жайлы музыка тыңдап, бой сергітеді.  Күннің екінші жартысында түрлі байқау мен шығармашылық сайыстар өтеді. Топтық би, ән, сахналық қойылымдар ұйымдастырылып, барлық баланың қатысуына мүмкіндік беріледі. Әр күннің соңында ерекше дәстүр қалыптасқан. Ол – «Шырақ» деп аталады. Бұл уақытта балалар күнді қорытындылайды. Бірі өз ойын ауызша айтса, енді бірі қағазға жазады немесе бейнежазба түсіреді. «Бүгін не ұнады?», «Не ұнамады?», «Қандай әсер алдың?» деген сұрақтарға жауап береді. Осылайша әр баланың пікірі мен көңіл күйі назардан тыс қалмайды.

0f0baa27-2419-47f9-a4fb-ca74c981bf82

Жазғы демалыс орталығындағы тағы бір ерекшелік – балалардың телефондары уақытша  жиналып  алынады.

– Алғашқы күні кейбір балаларға қиын болады. Телефон сұрайды. Бірақ қасындағы достары ойнап жүргенін көрген соң тез арада ортаға сіңіп кетеді. Біздің байқағанымыз, балаларға ең керегі телефон емес, шынайы қарым-қатынас, – дейді Бекзат Тасболатқызы.

Мұндағы әр ауысымның өзіндік бояуы мен тақырыбы бар. Бірде балалар қалың джунглидің жұмбақ әлеміне саяхат жасаса, келесі ауысымда теңіз түбінің тылсым сырларымен танысады. «Акула», «Дельфин» секілді топ атаулары да осы тақырыптарға сай таңдалған. Балалар ойын барысында теңіз тіршілігі туралы бейнефильмдер көріп, қызықты деректермен танысады, танымдық тапсырмалар орындайды. Осылайша әр күн жаңа әсер мен жаңа білімге толы өтеді.

Біз балалардың ойынын қызыға қарап, олармен бірге қуанып отырған  Оқушылар сарайының директоры Шолпан Сисенованы әңгімеге тарттық.

– Орталықты ашуға бірнеше мүмкіндік негіз болды. Мекемеде бассейн, биология орталығы, планетарий, роботтық техника және дрон кабинеттері, театр студиялары мен түрлі шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Жазғы демалыс кезінде балалар осы бағыттардың барлығымен танысып, өз қызығушылықтарына сәйкес үйірмелерді таңдайды. Нәтижесінде көптеген бала оқу жылы басталғанда осы үйірмелерге тұрақты түрде қатысуға келеді. Жазғы демалыс орталығының тағы бір міндеті – балаларды гаджеттерден алшақтатып, пайдалы орта қалыптастыру. Балалар түрлі танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шараларға қатысады, кітапханаға барып кітап оқиды, ұлттық құндылықтармен танысады. Биыл арнайы ұйымдастырылған киіз үйде «релакс тайм» өткізіліп, балалар кітап оқып, өзара пікір алмасады. Қазіргі таңда балалар арасында әлеуметтену мәселесі өзекті. Сондықтан орталықта балалардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, жаңа достар табуына ерекше көңіл бөлінеді. Телефон қолдану шектеліп, шынайы қарым-қатынасқа басымдық беріледі, – дейді Шолпан Серікқалиқызы.

Орталықтағы көңілді күндердің куәсі болып жүрген балалардың әсері де ерекше. Балалардың әңгімесін тыңдай отырып, бұл орталықтың басты жетістігі жарыстар мен ойындарда ғана емес екенін түсінесің. Мұнда балалар жаңа достар табады, бір-бірімен араласады, кітап оқиды, өнерге жақындайды, өз қабілеттерін байқайды.

Күн соңында ата-аналарын күтіп тұрған балалардың жүзінен шаршағаннан гөрі қуаныш басым көрінді. Ал ауысым аяқталған кезде жетекшілерін қимай, құшақтап қоштасатын балалардың көзіндегі қимастық – бұл орталықтың өз мақсатына жеткенінің ең үлкен дәлелі секілді. Жаз жайнатып, күн күлдіріп, демалып жүрген балғындарға біз де сәттілік тілейміз.

милана

Милана Болатова, Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» гимназиясының 4-сынып оқушысы:

– Маған лагерь өте ұнайды. Күн сайын жарыстар болады. Бассейнге түсеміз. Түрлі ойын ойнаймыз. Кеше байқауда бірінші орын алып, балмұздақ жедік. Мектеп жанындағы лагерьге қарағанда мұнда қызығырақ. Телефонға қарап отырмаймыз, үнемі қозғалыстамыз. Әр күні «Бүгін қандай қызық болар екен?» деп келеміз. Бізге қызықты демалыс сыйлаған жетекшілерге рақмет!

арнур

Арнұр Елеусін, Орал қаласындағы №1 орта мектебінің 2-сынып оқушысы:

– Мен «Дельфин» тобындамын. Бассейнге түскен ұнайды. Домбыра үйірмесіне барамын. Ағылшын тілін үйренемін. Телефон ұстамаған да жақсы екен. Достарыммен бірге ойнаймыз. Болашақта ғарышкер болғым келеді. Осы орталыққа екінші рет келдім биыл. Өйткені бұл жерде демалыс қызықты  өтеді.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале