10.06.2026, 15:15
Оқылды: 40

Цифрлық платформа қаншалықты тиімді?

Биылғы 1 маусымнан бастап жол парақтары мен тауар-көлік жүк  құжаттарын  міндетті  түрде Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (КҚББЖ/ЕСУТД) тіркеу керек. Бұл – салмағы 3,5 тоннадан асатын көлік құралдарын пайдаланатын  жүк тасымалдаушыларға  ортақ  талап.  Алайда мұндай компаниялар мен шағын бизнес өкілдері    аталған  цифрлық  жүйеде жұмыс  істеу  оңай емес деп отыр. 

DSC00475

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасында энергетика және көлік салалық кеңесінің отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Бұл жиынға жергілікті бизнес пен мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты. ҚР Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің республикаішілік автомобиль тасымалдары басқармасының басшысы Жәдігер Тілеген, «Атамекен» ҚР ҰКП сарапшысы Қайрат Омаров, КҚББЖ жоба менеджері, «AV-Software» ЖШС өкілі Бауыржан Тұрғали онлайн байланысқа шықты.

Кәсіпкерлердің айтуынша, Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінің өзі әлі жұмыс істеуге дайын емес. Себебі онда техникалық ақаулар көп, көрсетілген талаптарды қалай орындауға болатыны түсіндірілмейді. Сондықтан талапты орындамағандарға айыппұл да салудың жөні жоқ дейді. КҚББЖ-мен құжат алмасудағы қиындық шаш-етектен.

ҚР Көлік министрлігінің КҚББЖ жүйесі – тасымалдаушылар мен мемлекеттік құрылымдар арасында құжаттарды тіркеу, сақтау және алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық платформа. Жүйеге esutd.gov.kz порталы арқылы тіркеледі. Бұл жерде тасымалдаушы, жүк жөнелтуші, жүк алушы, жүргізуші, медицина қызметкері мен бақылаушы құрылым жеке-жеке электронды құжат толтыруы тиіс. Бірақ кәсіпкерлер бұлай құжат алмасу мүмкін емес дейді. «Мысалы, бір жүргізуші бір тәулікте бірнеше дүкенге тауар тасиды. Ол сонда әр дүкенге барған сайын қалай құжат жазып отырады? Біздің бұл сауалымызға жауап жоқ», – деді бизнес өкілдері.  «Біздің компания ауыл шаруашылығымен айналысады. Құс өсіреді. Жуырда егістікте жұмыс басталады. Көптеген техника астық тасиды. Құс фабрикасы қаладан 30 шақырым қашықта орналасқан. Оларды сою үшін тірідей қалаға тиеп әкеледі. Ал егістікте де, фабрика тұрған жерде де интернет жоқ. Сонда жүргізуші электронды құжатты қалай толтырады? Біз бұл порталдың жетілдіретін тұсы әлі көп екенін көріп отырмыз. Оның жұмысын тиянақты тексеріп, пысықтаған жөн. Біз салығымызды төлеп отырмыз. Егістікте интернеттің болмағанына біздің  қандай кінәміз бар?», – деді «Жайық ет» ЖШС басшысы Асан Сұлтанғалиев.

Жүк тасымалдаушы компания өкілдері, әсіресе ауылдық жерлерде КҚББЖ-мен жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ екенін айтты. Олар аталған жүйеде техникалық ақау пайда болғанда немесе интернет байланысы мүлде үзілгенде, тауар уақтылы жөнелтілмейтінін де тілге тиек етті. Тіпті кейбір қызметкерлерге порталмен жұмыс істеуді үйрету де бизнеске жүктеме болмақ. Бірқатар шаруа қожалықтың цифрлық жүйемен жұмыс істеуге техникалық мүмкіндігі жоқ екені де айтылды. Жүк тасымалымен айналысатын компания өкілдері, әсіресе егде жастағы жүргізушілердің цифрлық құралдарды пайдалана алмайтынын баса айтты. «Бізге онсыз да мамандар жетіспейді. Жалақы 500 мың теңге болса да жүргізуші табу қиын. Енді біз оларға смартфон сатып алып, жүйеде жұмыс істеуді үйретіп, құжат айналымды қадағалауымыз керек», – деді бір қатысушы.

Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінің талаптарына сәйкес жүргізушілер сапарға шығар алдында құжатқа лицензиясы бар медицина қызметкерінің қолын қойдыру керек. Бұл да шешілмеген мәселе. Себебі көптеген компанияның штатында медицина қызметкерлері жетіспейді. Ал бұл мамандарды жалдау немесе медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасасу қосымша қаржыны қажет етеді. Тіпті ауылдық жерлерде медицина мамандары тапшы. Ал бұл қызметкерлердің цифрлық қолтаңбасы болмаса, жол құжаттарын уақтылы толтыру мүмкін емес. Сонымен қатар егер жүк алушы жүйеде тіркелмеген болса немесе тауарды қабылдауды растаудан бас тартса, тасымалдаушы тауарды жөнелте алмайды.

Мәселені қызу талқылаған сала мамандары КҚББЖ-ның жұмысын жақсарту қажет деді. Олар жүйе қалыпты жұмыс істегенше және сала мамандары портал қызметін үйренгенше айыппұл салмайтын өтпелі кезең белгілеуді сұрады. Сонымен бірге аймақтардағы цифрлық инфрақұрылымның да жағдайын назардан тыс қалдырмау қажет екенін баса айтты.

– Еліміздің барлық өңірінде осындай мәселе бар. Электронды құжат алмасу жүйесі әлі жетілдіруді қажет етеді. Оны құрастырғандардың өздері қойылған сұрақтарға жауап бере алмай отыр. Мәселелер талқыланғанмен, жауабы жоқ. Мәселен, жол құжатын толтыру мен айыппұл салуға қатысты сауалдар жауапсыз қалды. Ойлап көріңіз, 30 тұрғыны бар ауылдан мал тиеп шығатын адам медицина қызметкерін қайдан табады? Өйткені мұндай елді мекендерде маман жоқ. Интернет болмаса, порталға қалай қосылады?  Қазір бизнесті дамытып, халыққа жұмыс беруді ойлаудың орнына мұндай «шикі» талаптар шығару дұрыс емес деп ойлаймын. Олай болмаса, электронды құжатпен қатар, қағаз құжаттарды пайдалануға рұқсат беру керек, – деді БҚО кәсіпкерлер палатасының энергетика және көлік жөніндегі салалық кеңесінің төрағасы, «Оралтранс» ЖШС директоры Тұрарбек Тілемісов. Кеңес отырысында көтерілген барлық ұсыныс-тілек бойынша ресми хаттама толтырылып, тиісті салалық ведомсволарға хат жолданбақ.

Айна Имашева,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале