11.06.2026, 17:55
Оқылды: 13

Бәйтерек ауданы: Ауылға зәулім арка мен фото аймақ орнатылды

Бәйтерек ауданының Дариян ауылында зәулім арка мен орталық алаңдағы LED-экранның жанынан тұрғындар мен қонақтар сүйсіне суретке түсетін «I Love Darinsk» декоративтік жазуы бой көтерді.

image-11-06-26-08-53-1

Абаттандыру жұмыстары сәуір айының соңында басталып, мамырдың аяғында толықтай аяқталды. Осы бір сәтті жобаны «Бача» жеке кәсіпкерлігі қысқа мерзімде сапалы атқарып шықты. Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Какеновтың айтуынша, бұл нысандардың бой көтеруі – тұрғындардың көптен бергі өтініш-тілектерінің нәтижесі.
«Бұл нысандарды орнату ауыл тұрғындарының көптеген өтініштерінің негізінде қолға алынды. Өткен жылдың соңында осындай арка Байқоныс ауылында орнатылса, бұған дейін Рубежин мен Достық ауылдарында да қойылған болатын.  Мұндай абаттандыру элементтері ауылдың келбетін көркейтіп, кіреберісті тартымды етеді. Бұған дейін көшелерге жарық шамдары орнатылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген еді. Жаңа арка сол бастамалардың заңды жалғасы болды», – дейді округ әкімі.
Ең бастысы, бұл жобаларға бюджеттен артық шығын шықпаған. Қаражат Дариян ауылдық округі бюджетінің үнемделген қаржысы есебінен бөлінген.
Арка құрылысы мен материалдарына шамамен 8 миллион теңге, декоративтік жазуды орнатуға 1 миллион теңге жұмсалған.
Түнде жарқырайтын зәулім арка тек сұлулығымен ғана емес, беріктігімен де ерекшеленеді. Металл конструкциялары бойынша білікті мамандармен кеңесе отырып, бетон мен металдан арнайы жоба әзірленген.
Арка іргетасының тереңдігі - 3,8 метр (диаметрі 16 мм арматурамен күшейтілген), биіктігі - 4,6, ені - 10 метр.
Осындай ауқымды арка астынан жеңіл көліктер ғана емес, үлкен жүк көліктері де еш қиындықсыз, еркін өте алады. Сонымен қатар нысан заманауи түнгі жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Қауіпсіздік талаптарына сай жерге тұйықтау жұмыстары жүргізіліп, арнайы электр желісі тартылды.

image-11-06-26-08-53
Ал ауылдың қақ ортасында бой көтерген «I Love Darinsk» жазуы қазірдің өзінде жергілікті халықтың, әсіресе жастардың сүйікті фотоаймағына айналып үлгерді.
«Бұл жазуды орталық алаңға, LED-экранның жанына тегіннен-тегін орналастырған жоқпыз. Себебі дәл осы жерде түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер мен мерекелік шаралар өтеді. Тұрғындар осында жиналып, естелік суреттерге түседі. Болашақта осы аумаққа жазғы сахна орнатуды да жоспарлап отырмыз», – деп Тілек Насырұлы алдағы жоспарларымен бөлісті.
Дариян ауылының осылайша күннен-күнге көркейіп, заман ағымына сай дамып келе жатқаны – жергілікті жұртшылықты ғана емес, ауыл жанашырларын да қуантуда.

Дина Ахметова,

Бәйтерек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале