12.06.2026, 10:45
Оқылды: 18

Руханият ордасына – 65 жыл

Жақында Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының 65 жылдық мерейтойы атап өтілді.

DSC01694

Іс-шаралар легі шаһардағы «Атамекен» өнер ордасындағы «Уақыт белесіндегі кітапхана: дамуүрдісі мен болашағы» атты халықаралық конференциядан бастау алды. Бұл үлкен ғылыми-практикалық жиынға ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, қаламгерлер және кітапхана оқырмандары қатысты. Сондай-ақ кітапхана мерейтойына орай Ресей Федерациясынан Ақ Жайық өңіріне арнайы келген меймандар да осы басқосуда болды. Алдымен «AQJAIYQ» телеарнасы дайындаған кітапхананың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін «Рухани қазына аралы» бейнефильмі көрсетілді. Одан кейін конференцияны жүргізген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев кітапхана ұжымын мерейтоймен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– 65 жыл – бір ғана мекеменің емес, өңірдің рухани мұрасымен сабақтасқан тағылымды тарих. Кітап пен білім қызмет еткен кітапханашылардың еңбегі. Кітапхана – ұлттың  рухани байлығын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізетін маңызды мәдени институт. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымын қалыптастырып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда кітапхананың орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Ел Президенті өткен айда қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық бұл бағыттағы жобалардың маңыздылығын айқындап берді. Ақ Жайық өңіріндегі тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Игі бастамаларды жүзеге асыруда Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының үлесі зор. 65 жыл ішінде кітапхана мыңдаған жас оқырманның білім мен руханиятқа бастар басты мәдени ошағына айналды. Талай буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін оятып, алғашқы шығармашылық және ғылыми ізденістері осы шаңырақтан бастау алғаны даусыз. Кітапхана ұжымы жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Хамза Есенжановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді. Бүгінде кітапхана дәстүрлі қызметпен ғана шектелмей, заман талабына сай жаңғырып келеді. Цифрлық технологиялар енгізіліп, жаңа сипаттағы мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асуда. Бүгінгі халықаралық конференцияның маңызы да ерекше. Ғылыми байланыс пен кәсіби тәжірибе алмасуға, кітапхана ісінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналып отыр, – деді конференция модераторы.

Облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев кітапхана саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан бірнеше қызметкерге облыс әкімі мен басқарма басшысының алғысхаттарын табыстады. Содан соң ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен Ақсұлу Альменова, Қазақстан Кітапханалар одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Ольга Суханова мен Раушангүл Хамидуллина марапатталды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының алғысхаты Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы және аталмыш кітапхананың бірқатар қызметкеріне берілді. Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов кітапхана ұжымын құттықтап, ҚР «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгісін Гүлназ Хамзина мен Ақкенже Хайруллинаға табыс етті.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, ақын Айтқали Нәріков алғашқы еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастағанын айтты.

Кітапхана туралы емірене де, тебірене де әңгіме айтуға болады. Бүгінгі басқосуда кітапхананың қоғамдағы орны жөнінде тұшымды тұжырымдар айтылуда. Ал мен өткен жылдарға шегініс жасап, жиналған жұртшылықтың назарын алтын бесік ауылға бір сәт аударғым келеді. 1960 жылы Тасқала ауданындағы Оян ауылдық орта мектебін тәмамдадым. Аттестатпен бірге тракторшы мамандығын алып шыққанбыз. Достарым темір тұлпардың тізгінін ұстап, шаруашылық жайына араласып жатқанда маған кеңшардың шеткі фермасындағы кітапханада қызмет етуге ұсыныс жасады. Бұған аудандық газетте жарияланған балауса өлеңдерімнің септігі тисе керек. Бір жыл сол кітапханада қызмет еттім. Қыста шанамен, жазда арбамен ауыл-аймаққа кітап пен газет тарататын едім. Мектеп жасына іліне қоймаған бүлдіршіндер ата-әжесімен бірге отырып, мен оқып берген кітаптарды ұйып тыңдайтын. Өсе келе сол балалар кітапқұмар болып қалыптасып, Оян ауылы кітап оқудан алдына қара салдырмайтын ауыл болды.

1961 жылы Орал педагогикалық институтына оқуға түстім. Студенттік шақтың алғашқы жылдарынан бері осы кезге дейін Хамза кітапханасының оқырманы болып келемін. 65 жыл бойы менің екінші үйіме айналған осы кітапханада мен өзімді оқырман емес, кітапхана қызметкері ретінде сезінемін. Іс-шараларға әркез қатысып, алуан тақырыпты қамтитын конкурстарда қазылық етіп келемін. Кітапхананың қалыптасу тарихы, оның дамуы менің көз алдымда. Зейнет демалысына шыққаныма ширек ғасыр толыпты. Қазіргі кезде уақытымның көп бөлігі кітапхананың оқу залында өтеді. Еңбек жолымның кітапханада басталуы мені рухани тұрғыда байытып, кітапқұмар қылды, – дей келе Ақ Жайықтың Айтқалиы өзінің «Кітапхана» өлеңін оқып берді.

Конференция барысында филология ғылымдарының кандидаты, Хамза Есенжановтың келіні Дина Есенжанның бейнеролик арқылы жолдаған құттықтауы көрсетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Нұрдәулет Ақыш осыдан біразырақ ай бұрын Ақ Жайық өңіріне келген еді. Сол шақта жазушы Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына арнайылап барып, шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандармен жүздескен. Өз кезегінде Нұрдәулет Ақыш та кітапхана ұжымына бейнеқұттықтау  жолдапты.

Есенжановтың есіміне берілген осы кітапхана жазушы-журналист Мира Шүйіншәлиеваның да ыстық ұясына айналған. Қаламгер 1987 жылы студент шағында бүгінгі Назарбаев даңғылы бойындағы қос қабатты кітапханаға алғаш бас сұққан көрінеді.

– Жақында Астанада өткен халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатыстым. Биыл аталмыш кітап көрмесіне барғаныма үшінші жыл болса да, Ақ Жайық өңірінің кітап көрмесінің жоқтығы жанды қынжылтады. Облыстағы Жұбан мен Хамза аталарымыздың атына берілген кітапханалардың қорындағы кітаптарды неге халықаралық деңгейде өтетін көрмелерде насихаттамасқа? Алдағы жылдарда менің осы ұсынысымды жауапты басқарма өкілдері елеусіз қалдырмайды деген сенімдемін, – деп жазушы таяуда жарық көрген «Судағы сағым» кітабын тарту етті.

Мерейтойлық іс-шара барысында Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының 65 жылдығына орай шығарылған «Тәжірибе: дәуірлер тоғысында» мерейтойлық жинақтың лентасы қиылды. Айтқали Нәріков пен Мира Шүйіншәлиева жинақ лентасын қиды. Бұл кітапхананың 50 жылдығына орай жарық көрген «Тарих беттерін парақтасақ...» атты жинақтың жалғасы ретінде шығып отыр. Жаңа жинаққа кітапхананың кейінгі 15 жылдағы тарихы мен жеткен жетістіктері, сондай-ақ сала ардагерлері туралы  ақпараттар жазылған.

DSC01672

Ақ Жайық өңіріне арнайы келген ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы Қаракөз Ихсанова сөз сөйлеп, Ұлттық кітапхана директорының сәлемін жеткізді. Сонымен қатар түрлі бағытты қамтитын кітаптарды кітапхана қорына табыстады. Конференция соңында Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева іс-шараны қорытындылап, пікір бөліскен жандарға  алғыс  айтты.

Мерейтойлық іс-шара кітапхана ғимаратында жалғасты. Мұнда келуші меймандарға кітап ордасының жұмысы таныстырылып, шаһарға онлайн саяхат ұйымдастырылды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале