(қаз-қалпында)
14 маусым – Малшылар күні
Иә, расында да, биылғы көктем Қамыстыкөлдің бойын құлпыртып жіберді. Атына заты сай нар қамыс самал желмен тербеліп, теңіздей толқиды. Әлсін-әлсін жаңбыр жауып, айнала көкке бөккелі қашан... Меңдіқайырдың көңілі де сол құлпыра, жасана, жайнап келген көктеммен бірге жасарып, жарқырап кеткендей. Оған, бір жағынан, соңғы жылдары шүкірге бұрылған шаруалары да әсер ететіні шындық.

Қой қоздап, қорада шу дегендей, қойлар да биыл төлді төгіп салды. Сиырлардың соңында құйрықтарын көкке шаншып алып, бұзаулар ерсілі-қарсылы асыр салады. Әлдеқайдан күміс қоңыраудай сыңғырлаған құлын-шақтардың үні келеді. Соларды естіп тұрып, Меңдіқайырдың көңілі қайтып көкке өрлемейді. Әне-е-е, сонау ат алқынар, көз ұшындағы жерде тұрған үйдің жанында орамалы ағараңдап, Жәния көрінеді (көрінеді де отардың шетінде тұрған бұған білегін аспанға асып, қол бұлғайды... «Отағасы, шәй әзір» деп тұрғаны... Бұл біздің қиялымыз ғой... Тап осылай болмаса да, болашақта бола жатар...). Бейсболкасын көзіне түсіре киген Меңдекең жымияды. Есіне әлденелер түседі. Жақында өзіміздің Оралда ІІ халықаралық «AUYL INVEST FEST.» қой шаруашылығы 2.0» фестивалі өтті емес пе? Сонда ғой осы Меңдіқайыр сабазды атын атап, түсін түстеп тұрып, фестивальге арнайы шақырды. Мінберден мұның атына жақсы да көтеріңкі сөздер, жылы лебіздер айтылып, марапатқа ие болды. Сыйлық алды. Сыйлыққа екі адамдық үрмелі көрпе (матрас) берді. Оны сонау Оралдан Қамыстыкөлге арқалап келгенде, Жәния таңғалған. Меңдіқайыр: «Екі кісілік «диван», жеңгей екеуіңіз бұдан былай осыған жатып, осыдан өресіңдер деп бастықтар мұқияттап тапсырды» - дегеніне Жәния «Сен де соғасың-ау» - деп әдемі күлкісіне салып, жымиған. Сол «диваннан» гөрі, қой қырқатын электр қайшы болғанда қатып кететін еді, бірақ адамның дегені бола бере ме?.. Электр қайшы демекші, қойдың жүні қанша жыл ит рәсуа, қор болғалы. Есіл байлық жылына екі рет өртеліп, екі рет жерге көміледі... Ал жалдаған кісіге әр қойды бір мың теңгеге қол қайшымен қырықтырып бұлар шаршады. Әй, қайсыбірін айтасың, елде рәсуа болып жатқан, пайдаға асыра алмай жүрген дүние баршылық қой...
* * *

Иә, биылғы мырзақол көктеммен бірге Қамыстыкөл бойы құлпырып тұр.
Бағзы заманда Қамыстының бойында табанды ел болған ғой.
Үлкендер бұл маңайды Байбақтының қынық руының Болғанбайынан тараған ұрпақтарының мекені, атақонысы деп отыратын. Анау іргеден өтетін Өлеңтінің жағасында Ақбор деген жерде Жымпитының осы қалай деген ауқатты адамдары тұрыпты. Осындағы үлкен қорымда Меңдіқайырдың атасы, яғни әкесінің әкесі Мерғали, арғы әжесі Айғаным жатыр. Мерғалидың Сатай, Ұлықпан және Қайырғали деген бірге туған бауырлары болған. Сатай мен Ұлықпан кешегі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Қалғандары сол қорымда, мәңгілік мекендерінде. Сондықтан бұл жер Мерғалиевтерге өте ыстық, өйткені атакүлдіктері ғой... Әкесі Ыбырай сонау 1996 жылы Қамыстыкөлге біржолата көшіп алды. Келген бойда малға қора-қопсы, өздеріне үй салды. Өзінің атынан көрініп тұрғанындай Қамысты десе, Қамысты. Бір мың гектардай қамысы есте жоқ ескі заманнан бері осы өңірге пана, отын, құрылыс материалы болып келеді. Арасында жортқан аң мен құсы, төбесінде ұшқан құсы қысылтаяң жылдарда талай адамның өзегін жалғап, аман алып қалған. Сол аңдар әлі де бар. Меңдіқайыр қолы қалт еткенде саятшылық құрып, қанжығасын қандап оралатыны бар. Бұл «хобби» өзі көрмесе де, Сатай атасынан жеткен әуестік шығар. Өйткені Сатай соғысқа дейін қанжығасы құрғамайтын аңшы болған екен. Қақпан, тұзақ, қандақ құрып аулаған аңды. Сонау ашаршылық жылдары сол кәсібімен бүкіл бір ауылды асыраған екен деген әңгіме бүгінге жеткен. Меңдіқайыр әлдебіреулер құсап, құсын топырлатып атып, аңын қуып жүріп тапай бермейді, ретімен аулайды, шегімен қызықтайды. Қасқырының өзін қысқа қарай шектен шығып кетсе, малының мазасын алса, анау тұрған қаршанасына (снегоход) отырады. Отырады да түз тағыларын тәубесіне келтіретін әрекетіне көшеді. Содан кейін ит-құсыңыз құйрығын қысады, Қамыстыкөлдің тереңіне сүңгіп, қарсақ-түлкі, қоянымен амалдайды. Меңдіқайырдың үйінде өзі соққан қасқырдың қатырып қойған тұлыбы бар. Жетікөлдің Қырымқожасына дейін (бұл жерден 30 шақырымдай) өкшелеп барып соққан. Үшінші қар басқан, жастау қасқыр екен. Малының мазасын ала бергесін қандыауыздың соңына әдейі түсті. Қазір тісі ақсиып, көзі шатынап, айбат шегіп тұрған қалпында Меңдекеңнің үйінде тұр. Қиғыр оқ қиып түсер сәттегі соңғы мезеті соқса да, тайсалмай айбат шегіп, қасқыр мінезбен қатқан да қалған...
Сонау бір жылдары жүйрік баптап, жылқыларының бағын сынап көрген атбегілігін қайда қоясыз. Ол аз десеңіз, Жәния екеуі аналары Мәншүктің бас-көз болуымен үй құстарын өсіріп, бағбандықпен айналысады. Арнайы қаздырған төрт құдықтың тұп-тұщы суы жанға да, малға да, бау-бақшаға да молынан жетуде.

Іргеден ағатын Өлеңтінің тереңінде балықтың неше түрі бар, оны да қызық үшін емес, жеңсік ас деп анда-санда мөлшерімен аулайды.
Айтпақшы, біз әңгімелеп отырған Меңдіқайыр Мерғалиев деген азаматты дұрыстап таныстырайық оқырманға. Сырым өңірінің белгілі малшыларының бірі. Отыз бес жылдан бері малшы атанып, сол кәсіптің берекетін де, ырыс-несібесін де Құдайға шүкір, көріп келеді. Ағасы Ілияс «Мерғали» шаруа қожалығының «генеральный директоры» болса, Меңдіқайыр оның мал шаруашылығы жөніндегі «бірінші орынбасары» нақтылағанда, шаруашылықтағы түліктердің амандығы, өсіп-өнуі Меңдекеңнің жауапкершілігінде. Әу баста Қособаның орта мектебін бітірді. Сосын Жымпитының ауылдық-кәсіптік техникалық училищесінде (СПТУ-деуші еді ғой) оқсатып тұрып, үш жыл оқыды. Былайша айтқанда, дипломды – шопан, механизатор, электрмен дәнекерлеуші. Бітірген бойда сол кезде «Өлеңті» кеңшарына қарайтын Тасемен нүктесінде жылқы бағып жатқан әкесі Ыбырай Мерғалиевке көмекші жылқышы болып, еңбек жолын бастады. Бұл 1990-1995 жылдар ғой. 1996 жылы осы атакүлдік-Қамыстыкөлге түпкілікті көшіп келді. Ыбекең көзінің тірісінде балаларын атақоныстарына орналастырып кеткісі келген шығар... Айтпақшы, Ыбекең заманның ауанын тез байқаған ғой, сонау 1991 жылы шаруа қожалығын құрып, оны өзінің әкесі Мерғалидың атымен атаған еді. Міне, сол қожалықтың шаруасы бүгінде бөрікті алшысынан кигізгендей. Қожалықта 750 бас қой, 60 ірі қара, тап сол шамада жылқы бар. «Ұмытып бара жатыр екенмін ғой, бір атан түйем бар. Оны қалдырмай жазшы, түйе байғұс бойына сеніп, жылдан құр қалды деген рас па деймін. Ылғи ұмытып кетеміз. Жасы оннан асып барады, қыста бүкіл қой мен сиырға шөп таситын сол!», – дейді Меңдекең әзіл-шынын араластырып. Техникаларын сайлап алған: трактор, бір «КамАЗ», жүкті тиеп-түсіретін техника, өткен жылы және бір су жаңа трактор алған. Әйтеуір техника жағынан ешкімге жалынбайды, Мерғалиевтер!

Қиындықтар да кездесті, соның бірі – көшіп келген бойда сыңғырлатып салып алған үйлері 2015 жылы тып-типыл өртеніп кетті. Бірақ Мерғалиевтер мойымады, келесі жылы өз күш-қаражаттарымен су жаңа үй, монша, сарай салып алды.
Әкелері Ыбекең-Ыбырай өмір бойы малдың төңірегінде болған адам. Әуелі, ірі қара баққан, сосын жылқышылыққа ден қойған. Аналары Мәншүк қарты қайда болса, қасынан табылып, бие сауған, зейнетке шыққанша тыным таппаған. Перзенттері мен үйдегі аналары Мәншүк үшін қымбат жанның жүзін топырақ жасырғалы 12 жыл болып қалыпты. Осы өткенде ағайын-тумалардың басын қосып, абзал азаматтан қалған төрт күміс тұяқ әкелерін еске алып, садақа берді. Жарықтық, қатал болатын, бірақ мейірімсіз қаталдық емес, тәртіпті, дұрыс жүріп, адал өмір сүргенді талап ететін қаталдық еді. Ұрлық жасама! Өтірік айтпа! Өсек сөзге жолама! Адал бол! Біреудікін тартып алма, алдама, еңбегін жеме! Бұл әкенің көзі тірісінде төрт перзентінің құлағына құйып кеткені. Бір айтатыны, жарықтық және онысын орындататын. Содан да болар ағайынды төрт жігіт еңбекқор болып өсті. Мерғалиевтер әулетін еш жерде ұятқа, сөзге қалдырған жоқ. Осы Қамыстыға көшіп келген алғашқы жылдары қиын болды. Ол өзі елдікке, адамдарға үлкен сын болған кезеңдер еді ғой. Тіпті, ұрлық деген әбден ұшынып, бәрін былай қойғанда бағаналардың басындағы сымдарға дейін ұрлап, талай ауылдың жарықсыз қалғаны қалай ұмытылады. Қамыстыкөл де сол ұрылардың кесірінен алты жыл керосин шаммен амалдағанын осы Меңдіқайырлар көре қалды. Содан күндердің күнінде марқұм Ыбекең Қамыстыға балық аулап, демалуға келген бір топ орыс ағайындармен кездесті. Неғылса да оларды Қамыстыға Құдай айдап келген ғой, ішінде облысты электр қуатымен қамтамасыз ететін компанияның басшысы Графкиннің өзі бар екен.

Қысқарта айтқанда, Ыбырай ағамыз әлгі азаматтарды үйге қонаққа шақырып, бір ісекті алып ұрып, дастарқан жайып, пілте шамның жарығымен қонақ етті. Шалжығар қымыз құйылды, арасында бата жүрмес сусын да жүр... Сонда компания басшысына былқып піскен ісектің миын (ғарышкерлердің тамағы деп) Ыбекең асатыңқырап жіберген ғой көп ұзамай, Қамыстыкөл түнге қарай самаладай жарқырап тұрды. Одан беріректе ауылға көгілдір отын келді, сөйтіп, Қамысты бүгінде қаладан кем түспей, кемеліне келіп тұр. Бір жағынан, оның қойнауы мен өрісін малға толтырып отырған Мерғалиевтер еңбегі қалай мақтауға да тұрарлық. Малшы еңбегін мансұқ етпей, ырыс пен дәулеттің көзіне айналдырып жүрген ерен еңбек иесі Меңдіқайырмен әлі талай абырой биігінде кездесерміз деген үмітпен осы әпсанамызды аяқтайық. Бар болыңыздар, Мерғалиевтер!
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Сырым ауданы