12.06.2026, 11:00
Оқылды: 15

Бір миллиард теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталды

Батыс Қазақстан  облысы  бойынша  тексеру  комиссиясының  2026  жылға  арналған  жұмыс  жоспарына  сәйкес  кезекті отырысы өтті.  Жиында Бөрлі ауданындағы  бірқатар  мемлекеттік  мекеме мен ұйымдарда аудан бюджеті  қаражаты мен мемлекеттік  активтердің  пайдаланылу  тиімділігіне  жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары  қаралды.

ЖП АҚША

Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақовтың баяндауынша, аудит барысында жалпы шамасы бір млрд теңгеден асатын қаржылық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде бюджет кірісіне өтелуге тиіс 175 млн теңгенің 115 млн теңгесі аудит кезінде бюджетке қайтарылған. Қалпына келтірілуі тиіс 930 млн теңгенің 204 млн теңгесі өтелді. Сондай-ақ 53 рәсімдік бұзушылық пен сегіз кемшілік анықталды.

Мектептер мәртебесі күмәнді

Аудит барысында Бөрлі ауданындағы «Александров мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» мен «Облав мектепбөбекжай-балабақша кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде оқушылар контингентін жасанды түрде көбейту деректері мәлім болды.

Тексеру нәтижесі көрсеткендей, аталған білім ұяларында шәкірттер саны шағын жинақты негізгі мектеп мәртебесін сақтау үшін қажетті шекті көрсеткішке тамыз айында ғана жеткізіліп отырған. Алайда оқу жылы басталғаннан кейін бірнеше ай ішінде оқушылардың бір бөлігі басқа мектептерге ауысып, нақты контингент 32-36 оқушыға  дейін азайған.

Мысалы, Александров мектебінде 2024-2025 оқу жылында балалар саны 41 деп көрсетілгенмен, 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш 36-ға дейін төмендеген. Осындай жағдай 2025-2026 оқу жылында да қайталанып, оқушылар саны 32 адамға дейін қысқарған. Сонымен қатар оқушылар саны аз болғанына қарамастан, мектептерде штаттық бірліктер саны жоғары деңгейде сақталған. Мәселен, Александров мектебінде 39-41 оқушыға 52,5 штаттық бірлік (педагогикалық, әкімшілік және техникалық қызметкер) қарастырылған. Осы дерек оқушылар саны мен кадр ресурстарының көлемі арасындағы айтарлықтай теңгерімсіздігін көрсетеді. Іс жүзінде бір оқушыға бір штаттық бірліктің үстінде қаралған. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалану қағидаттарына қайшы. Осыған байланысты тексеру комиссиясы облыс әкімдігіне мектептердің мәртебесін нақты контингент санына сәйкестендіру, білім беру ұйымдары желісін оңтайландыру және оқушыларды формальды тіркеу тәжірибесіне жол бермеу жөнінде ұсыныстар  жолдады.

Құрылыс саласындағы  ірі заңбұзушылықтар 

Аудит барысында Ақсай қаласының 10-шағынауданындағы №26 және №27А көпқабатты тұрғын үйлерінің құрылысына қатысты елеулі қаржылық бұзушылықтар анықталған. Тапсырыс беруші Бөрлі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі №26 тоғыз қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы нысанын құрылыс материалдары мен жабдықтар орнатпай тұрып қабылдап, 285,7 млн теңге көлемінде негізсіз төлем жасаған. Жобаның нормативтік құрылыс мерзімі 10 ай болғанымен, іс жүзінде құрылыс төрт жылдан астам уақытқа созылған. Нәтижесінде 954,8 млн теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған. Нысанның «сақалды» құрылысқа айналуы мердігер «Нұркапстройгаз» ЖШС-ның шарттық міндеттемелеріне салғырт қарауынан болған. Ақыр аяғында бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың түпкі нәтижесі – тұрғын үйді пайдалануға беру   жүзеге   аспады.

Тапсырыс беруші №27А тұрғын үй бойынша материалдар мен жабдықтар үшін 109 млн теңге көлемінде мерзімінен бұрын төлем жасаған. Мемлекеттік аудит барысында құрылыс нысанында жүргізілген бақылау өлшемдері 47 млн теңгенің орындалмаған жұмыстарын көрсетті. Сондай-ақ мердігер ұйым «Нұркапстройгаз» ЖШС орындалған жұмыстар актілерінде пластик терезе жақтауларын орнату көлемін (637,2 метрді 6 317,2 метр деп) 10 есеге жуық асыра көрсеткен. Соның салдарынан 15,1 млн теңге  негізсіз төленген.   «Бұл нысанның құрылысы да 2021 жылдан бері аяқталмады. Соның нәтижесінде 1,6 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланылған», – деді Қ. Жапақов.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша тоғыз лауазым иесіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, салынған айыппұлдар бюджет кірісіне өндірілді. Тексеру комиссиясы отырысының нәтижесінде тиісті қаулы қабылданып, анықталған заңбұзушылықтарға жол берген жауапты басшыларды жауапкершілікке тарту, бұзушылықтардың себептері мен салдарын жою және олардың қайталануына жол бермеу жөнінде нұсқамалар  берілді.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале