12.06.2026, 10:30
Оқылды: 13

Әдебиет пен арманды қатар ұстаған Кәусар

Бөрлі ауданында үлкен жетістікке жеткен оқушылары қатарында Кәусар Жәкібайдың есімі жиі аталады. Ол қаламыздағы №6 мектептің озат оқушысы. Ата-анасы Ерік пен Ақтотының әлпештеп өсіріп отырған 5 қызының 4-шісі екен.

Каусар 4

«Шәкіртім Кәусар «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңінің бірінші орын жүлдегері болды. Аталған олимпиаданың «Жазушылық» бөлімі бойынша республикалық сынына үлкен үмітпен аттанған еді. Республикалық олимпиадада «Өркениеттің адасуы» атты күрделі тақырып ұсынған. Кәусар бар болғаны 8 сыныпта оқиды ғой. Сонда да үмітті ақтап, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Оның алдында Ә.Кекілбаев оқуларының зерделеу жобасынан «Ә.Кекілбаев шығармаларындағы афоризмдер» тақырыбында жоба қорғап, облыстық деңгейде үшінші орын алып келгені тағы бар» - деп қуана хабарлады Кәусардың ұстазы Кенжегүл Ақашева.

WhatsApp Image 2026-06-11 at 15.29.12
Республикалық жарыстан жүлдемен оралып, редакциямызға келген Кәусар екеуміздің арамызда мынадай диалог өрбіді:
- Сабақты жақсы оқисың ба?
- Иә, озат оқушылардың бірімін.
- Әдебиетті жақсы көресің бе?
- Иә, әңгіме, эссе жазғанды жақсы көремін.
-Кітап оқисың ба? Қандай кітаптар оқыдың?
- М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын», Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» оқыдым. Қазіргі прозадан Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағын» оқыдым».
- Демек, болашағыңды әдебиетпен байланыстыру ойда бар?
- Жоқ, мен болашақта дәрігер болғым келеді. Адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жан атына ие болсам деймін.
- Ол үшін химия, биология пәндеріне қарай ойысу керек шығар?
- Иә, аталған пәндерді де сүйіп оқимын.
- Ал әдебиетке деген қызығушылығың ше?Жазғандарың, жазатындарың..?
- Кітап оқитын, әңгіме жазатын дәрігер болуға болатын шығар. Екеуінің бір-біріне еш кедергісі болмайды деп ойлаймын.
- Тағы қандай іспен айналысқанды жақсы көресің?
- Көп жылдан бері би үйірмесіне қатысамын.
- Бәріне уақытың жетеді ме?
- Үлгеріп жүрмін. Негізі адам алдына мақсат қойса бәріне де үлгеруге болады деп ойлаймын.
- Сенің республикадан жүлде алғаныңа ата-анаң, мектебің, достарың қатты қуанғанын білеміз..
- Иә, бәрі қуанып жатыр. Жақында ғана мектеп басшысы Күнсұлу Махунқызы мектебіміздің басқа да жетістікке жеткен оқушыларымен бірге мені де құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Маған сыйлыққа планшет берді.
- Жүлде алған эсселеріңді газет оқырмандары да оқыса деп едік.
- Олардың барлығы сол жерде жазылып, байқау комиссиясына тапсырылды. Ал қазір қолымда бары байқауға дайындалғанда үйде жазған эсселерім. Оқып көрулеріңізге болады. «Ауа сататын қала» экология тақырыбына жазылған.

Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы

WhatsApp Image 2026-06-11 at 15.29.39

Ауа сатылатын қала

Сол күні мен алғаш рет ауа сатып ала алмадым. Таңертең әдеттегідей кезекке тұрдым. «Тыныс орталығының» алдында адамдар үнсіз тұр. Барлығының жүзінде бірдей бейтараптық, бірдей шаршау бар еді. Ұзын-сонар кезек. Электронды тақта жыпылықтап тұр:
«Бір күндік тыныс – 3200 теңге».
Қалтамды да, әмиянымды да ақтардым. Ақшам жетпеді...
— Келесі! — деді сатушы.
— Жарты ақшасын төлеуге бола ма?.. — дедім бәсең дауыспен.
— Ауа бөлінбейді, — деді сатушы пысқырмағандай.
Мен шегіндім. Мектепке қарай бет алдым. Бірақ бұл жол бұрынғыдай емес еді. Әр қадамым ауырлап, тынысым тарылып бара жатты. Мен өзімді осы қоғамға қажетсіз адамдай сезіндім. Мектепке жеткенімде досым Асхат мені көріп, селк ете қалды.
— Саған не болған өзі? Түрің қашып кеткендей!
— Ауа... ала алмадым... — дедім әрең.
Асхат бір сәт ойланып тұрды да, бетпердесін шешіп, маған ұсынды.
— Біраз уақыт сен демала тұр, — деді ол.
— Сен болмасаң, қайтер едім, досым... — дедім мен оны бауырыма басып.
Сол күні сабақ та дұрыс өтпеді. Сыныптасым үзілісте есінен танып, құлап қалды. Мұғалімдер асығыс келіп, арнайы баллонмен дем берді. Бірақ... ол баллон бәріне жетпейді ғой. Сабақтан кейін қала көшелерімен келе жатқаным сол еді, жол жиегінде отырған бір қарияны көрдім. Ең таңғаларлығы — бетінде бетперде жоқ. Тіпті оны «Тыныс орталығынан» да бұрын-соңды байқамағанмын.
Мен еріксіз тоқтадым.
— Сіз қалай дем алып отырсыз? — дедім. Қария маған көзін қадады. Оның жанары тым терең, тыныш еді.
— Сен бүгін ауасыз қалдың ба? — деді ол.
Мен басымды изедім.
— Мен табиғатты сатпаған соң, ол да мені сатпады, — деді ол сабырмен.
Бұл сөздер менің санама бірден жеткен жоқ.
— Бірақ... қалайша? Бұл қалада таза ауа жоқ қой... — дедім мен таңырқай.
— Бар, — деді ол. — Сендер оны ұмыттыңдар.
— Қайда?
— Көргің келсе, жүр ендеше, — деді ол жымия. Біз ұзақ жүрдік. Қала біртіндеп өзгеріп жатқандай болды. Әсем гүлдер, қылтиған шөптер, дымқыл топырақтың иісі сезілді.Тоқтап, терең тыныс алдым.
— Бұл... рас па?.. — дедім.
— Бұл — сендер ұмытқан нәрсе, — деді қария.
Осы сәтте мен алғаш рет қорықпай дем алдым. Өйткені мен бір нәрсені түсіндім: Ауа сатылмайды. Ол тек жоғалады. Ал жоғалған нәрсе қайта табылуы да мүмкін.

Автор: Кәусар Жәкібай

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале