12.06.2026, 15:00
Оқылды: 141

Оралда импорттық жұмыртқаны заңсыз сату деректері анықталды

Орал қаласында тыйым салынған өнімді сатқан кәсіпкерлік нысанына әкімшілік шара қолданылды, - деп жазады kaz.inform.kz.

77a95650-c648-485a-8de5-cde632bc46bd

Фото: kaz.inform.kz

БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі № 146 бұйрығымен ҚР аумағына тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынды.

Шектеу 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге енгізілді және ол Еуразиялық экономикалық одағы сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасының (ЕАЭО СЭҚ ТН) 040721 коды бар өнімдерге қолданылады.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, тыйым көліктің барлық түрлерімен жеткізілетін өнімдерге қатысты. Бұл шара ішкі нарықты тұрақтандыруға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

- Осыған байланысты департамент облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасымен, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Орал қалалық аумақтық инспекциясымен, сондай-ақ Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілдерімен бірлесіп 8 маусым күні «Алтын алма» базарының аумағында рейд жүргізді. Рейд барысында базардағы сауда нүктелерінің бірінде импорттық (Мордовия Республикасы) жұмыртқалардың сатылу дерегі анықталды, - дейді Э.Қиматова.

Оның айтуынша, сату дерегі тіркеліп, соны айғақтайтын фото және видеожазба жасалды.

77263eea-7cf2-4a5a-ac2d-a0c15ba0750e

Фото: kaz.inform.kz

Департамент бұл ақпаратты тиісті шаралар қолдану үшін Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО бойынша аумақтық инспекциясына жолдады.

Аумақтық инспекция берген ақпаратқа сәйкес тыйым салынған өнімді сатқан кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 1 050 дана көлеміндегі өнімді уәкілетті орган комиссиялық түрде жою үшін тәркіледі.

- Рейдтік іс-шараларды жүргізудің нәтижесінде 11 маусымда қаладағы супермаркеттердің тағы біреуінде әкелуге тыйым салынған жұмыртқалардың жергілікті құс фабрикасының өнімі түрінде сатылып жатқаны белгілі болды. Бұл дерек те тіркелді, сауда нысанының басшылығына қатысты шаралар қолданылатын болады, - деп қосты Э.Қиматова.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале