Ерекше сайыс аудандық ішкі саясат бөлімі және «TYGYRYM» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылып, «Жеңгесі жақсы қандай-ды?!» деген атаумен өтті.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған байқаудың ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнері мен тапқырлығы қатар өрілген, жеңге мен қайын іні арасындағы жарасымды байланысты дәріптейтін сайысқа Аңқаты ауылынан Аңқаты мәдениет үйі саз жетекшісі, екі қыздың анасы Закира Сағындықова мен Ернұр Меңдібай, Подстепное ауылынан алты баланың анасы Айымгүл Мендыбаева мен Дамир Қауысқалиев, Ақжайық ауылынан әлеуметтік қызметкер, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Айгүл Жүршешова мен Армат Мусиев, Төңкеріс ауылының намысын қорғап келген Долин ЖОББМ директоры, екі баланың анасы Мадина Кульниязова мен Долин ЖОББМ биология пәні мұғалімі, үш баланың әкесі Еламан Зейнулин, Үлкен Еңбек ауылынан үш қыздың анасы Аделя Нурошаева мен Еңбек негізгі орта мектебінің педагог-психологы Данияр Молдабеков, Сарыөмір ауылынан ауылдық мәдениет үйінің кассирі, екі баланың анасы, қос немересі бар Зина Мусағалиева мен ауылдық кітапхана меңгерушісі Әділет Есжанов, Жаңа Өмір ауылынан №1 Трекин ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Онайша Жаманбаева мен Госплемстанция ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Бағжан Серіков қатысты.

Сайыстың алғашқы кезеңінде «Сәлем түзелмей әлем түзелмейді» атты өзін-өзі таныстыру болды. Одан кейін «Жадыраған жаны гүлдей жеңеше-ай» жеңге мен қайын іні арасындағы сыйластық, қазақи салт-дәстүрді құрметтей білуге, өжеттік пен батырлыққа тәрбиелейтін сахналық қойылым кезеңі орын алды. «Халық тәлім-тәрбие бастауы» кезеңінде сайысқа қатысушыларға салт- дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, ырым-тыйымдарға, мақал-мәтелдерге байланысты сұрақтар қойылды. «Өнерің болса қолыңда, байлығың жанар жолыңда...» атты кезеңде қатысушылар өз өнерлерін көрсетті.

Аталмыш сайыс қорытындысында барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, әділқазылардың жоғары бағаасына ие болған Жаңа Өмір ауылының намысын қорғап келген Онайша Жаманбаева мен Бағжан Серіков бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға аңқатылық Закира Сағындықова мен Ернұр Меңдібай ие болса, үшінші орынды Сарыөмір ауылының тұрғындары Зина Мусағалиева мен Әділет Есжанов қанағат тұтты.
Темірболат Әнуарұлы,
Теректі ауданы