Батыс Қазақстан облысы Зашаған кентіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыстың жануын жою жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында іс-қимылды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Жұмыстар Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен қатысуымен тәулік бойы жүргізілуде.

Судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін су тасымалдау ұйымдастырылды. Тұтану ошақтарын үздіксіз жою және сөндірілген учаскелерді топырақпен рекультивациялау жұмыстары жүргізілуде.
Жою жұмыстарына бульдозерлер, экскаваторлар және фронталды тиегіштер инженерлік техникалары белсенді түрде жұмылдырылған.
Арнайы техника топырақты жылжыту және нығыздау, бықсып жатқан қалдықтарды топырақпен жабу, оқшаулаушы қабаттар жасау, сондай-ақ, өрт сөндіру техникасының жану ошақтарына кедергісіз жетуі үшін технологиялық өткелдер қалыптастыру жұмыстарын атқаруда.

Өртті сөндіру жұмыстары қою түтіннің, екпінді желдің және полигонның жекелеген учаскелеріне жетудің қиындығына байланысты күрделенуде. Соған қарамастан жұмыстар күндіз де, түнде де тоқтаусыз жалғасуда.
Жағдай ҚР ТЖМ тұрақты бақылауында.
БҚО ТЖД баспасөз қызметі
Суреттер видеодан скрин