Бөкей хандығының 225 жылдық мерейтойы аясында Хан ордасында ауқымды «Bokei Orda Trail - 2026» жүгіру жарысы ұйымдастырылды.

Спорттық шараға еліміздің әр өңірінен келген 133 кәсіби спортшы мен бұқаралық спортты қолдаушы қатысып, өзара бақ сынасты. Бұл бәсеке тек желаяқтар жарысы ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттау және Бөкей Ордасының тарихи-мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін кеңінен танытуды мақсат еткен. Жарыстың ашылуында сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, мұндай шаралардың жастарды белсенді болуға баулудағы маңызы зор екенін атап өтті. Марафоншылар өңірдің көркем табиғаты мен тарихи орындары арқылы өткен арнайы бағыт бойынша жүгіріп, өздерінің төзімділігін көрсетті.

Тартысты өткен аламан бәйгенің қорытындысы бойынша ерлер арасында Мақсат Қозбағаров мәре сызығын бірінші болып қиып, І орынды иеленді. Екінші және үшінші орындарды Жарас Айтуаров пен Дәулет Батырхан өзара бөлісті. Әйелдер арасындағы бәсекеде Айман Сәрсенғалиева шашасына шаң жқтырмай жеңімпаз танылса, Тұрсынай Сұлтанғалиева екінші, ал Мөлдір Туткушева үшінші орынға табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық аламан Бөкей хандығының 225 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың соңы емес, алдағы уақытта өңірде тағылымды әрі мазмұнды бағдарламалар өз жалғасын табады.

Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров