Қазақстанда маусым айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мал шаруашылығы қызметкерлері күнін отандық фермерлер жоғары өндірістік көрсеткіштермен қарсы алып отыр, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Фото: gov.kz
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында саланың жалпы өнімі 1 триллион 158 миллиард теңгеден асып, нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады. Сала мамандарының еңбегі арқасында жыл басынан бері 338,2 мың тонна ет (құс, сиыр, жылқы, қой және шошқа еті) өндіріліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға артты. Сондай-ақ сүт өндірісі 986,8 мың тоннаға, ал жұмыртқа өндіру көлемі 1,5 миллиард данаға жетті. Қазіргі уақытта елімізде ірі қара мал саны 9,7 миллионнан, ұсақ мал 25,7 миллионнан, жылқы 5,1 миллионнан, ал құс саны 48,2 миллион бастан асып, тұрақты өсім көрсетуде.

Бүгінде отандық құс шаруашылығы ішкі нарықты жұмыртқамен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін арттыруда. Ақтөбе облысындағы құс фабрикасының қуатын кеңейту жобасымен қатар, алдағы жылдары құс еті өндірісін тағы 220 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте «Aitas» және «Алель Агро» сияқты ірі компаниялардың жобалары ішкі нарықты отандық өніммен толық толтыруға мүмкіндік береді. Саланы заманауи бағытта дамытудың тағы бір тетігі — цифрландыру. Қазір жұмыс істеп тұрған 373 сүт-тауарлы фермасының 112-сі заманауи цифрлық жүйеге көшкен. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Қазақстан облысының осы сәтті тәжірибесі бүкіл елге таратылып, 116 жаңа ферма салу көзделуде. Етті мал шаруашылығында да серпін бар: Түркістан облысында Орталық Азиядағы ең ірі (50 мың басқа арналған) бордақылау алаңы іске қосылып, алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы қолға алынды.

Мұндай ауқымды жаңғыру жұмыстары мемлекеттің тікелей қолдауымен жүзеге асып жатыр. Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 117,6 миллиард теңге қарастырылған (1 мамырға дейін оның 41,6%-ы игерілді). Малдың генетикалық әлеуетін жақсарту үшін бір жынысты ұрықты пайдалануды субсидиялау 18 мың теңгеге, ал эмбрион сатып алу қолдауы 120 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұған қоса, 2026–2030 жылдарға арналған Комплексті жоспар аясында фермерлер үшін жылдық 6%-бен «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелері берілуде. Жақын арада жайылымды дамытуға арналған «Жайлау» бағдарламасы мен жылдық 5%-дық айналым қаражатын толықтыру несиесі іске қосылады. Атқарылып жатқан осы кешенді шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай ірі қара санын 12 миллионға жеткізу және ет экспортын 2,5 есеге арттыру жоспарланған.