17.06.2026, 14:00
Оқылды: 6

500-ге жуық кітап жинаған кейіпкер

Жақында жұмыс барысымен Ақжайық ауданына қарасты Алғабас ауылына бардық. Сол сапарымызда кітап өмірінің ажырамас бөлшегі, жан серігіне айналған ерекше жанмен таныстық. Тегісжол ауылындағы кітапхананың кітапханашысы Дәмелі Бисенғалиева бізді жылы шыраймен қарсы алды. Үйге кірген сәттен көзге бірден түсетіні – қабырға бойына тізілген жүздеген кітап. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Дәмелі апаның дастарқанынан дәм татқан соң біз кейіпкерімізден кітапқа деген қызығушылық қалай басталғанын сұрадық.   

DSC07089

– Отыз жылдан бері кітапханашы болып еңбек етіп келемін. Өз саламды таптым деп ойлаймын. Кітап оқуды жақсы көрген соң бұл мамандық маған жат емес еді, – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

1979 жылы Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінің жанындағы пансионға оқуға барған жылдары оның өмірінде ерекше із қалдырған.  Ауыл мен екі ортаға қатынас қиын еді.  Оны ылғи құрбысы  Сәуле Еспекованың әкесі қызымен бірге алып кететін.  Дәмелі апай Сәуленің ауылында ауылдан көлік келгенше тағы бір-екі күн қонатын. Сәуле құрбысы  отбасындағы он екі баланың бірі болатын.   Он екі бөлмелі үйде тұратын ол үйдің барлық баласы дерлік темір кереуетке жатып алып, кітап оқитын. Ол кездері 6-сыныпта оқитын Дәмелі апай тоқыма тоқығанды жақсы көреді. Бірде әдеттегідей тоқыма тоқып отырғанында құрбысы «Кемпір құсап тоқи бергенше, кітап оқы» деп тоқымасын жұлып алып, орнына кітап береді.

– Алғаш оқыған кітаптарымның бірі «От жүректі чекистер» болды. Шынын айтсам, бәрін толық түсінбедім. Бірақ сол кітаптан кейін кітапқа деген қызығушылығым оянды. Кейін кітап оқымай тұра алмайтын жағдайға жеттім, – деп өткен шақты еске алды кейіпкеріміз.

Ол кезде пансионда бір бөлмеде 20 қыз жататын. Әр демалыстан кейін бәрі үйлерінен жаңа кітап әкеліп, кезектесіп оқитыны есінде. Тіпті түнгі жарық өшкеннен кейін де кітаптың қызық тұстарын бір-біріне айтып беріп, таң атқанша әдеби кейіпкерлер тағдырын талқылайтын әдемі кездер де бұл күндері жиі еске оралады екен.

Дәмелі апайдың сол жылдары Орал қаласындағы шағын дүңгіршектерден алған кітаптары бүгінге дейін сақтаулы. Солардың бірі – Молдахмет Қаназдың «Ақтайлағым-ай» кітабы. Алтыншы сыныпта сатып алған бұл кітап бүгінде де жеке кітапханасының төрінде тұр.

– Кітап жинау әдетім де бала кезден басталды. Анам берген бір сом ақшаның көбін кітапқа жұмсайтынмын. Ол кезде кітаптың бағасы отыз-қырық тиын ғана болатын, – дейді Дәмелі апай.

DSC07186

Жылдар өте келе оның кітап қоры молая түсті. Туыстары, әріптестері, қаламгерлер сыйлаған кітаптар жеке кітапхананың құндылығын арттырған. Қазір мұнда бес жүзге жуық кітап сақтаулы. Арасында өткен ғасырдың елуінші жылдары жарық көрген сирек басылымдар да бар.

Сөрелерден Сәбит Мұқановтың, Тайыр Жароковтың, Жюль Верннің кітаптарын кездестіруге болады. Кейбір кітаптардың шыққанына жүз жылға жуық уақыт болса да, кітап иесі оларды көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Дәмелі Сембіқызының кітапханасында қазақ әдебиеті-нің таңдаулы туындылары мол. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін», Оралхан Бөкейдің шығармалары, Бексұлтан Нұржекеұлы, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов сынды қаламгерлердің еңбектері ерекше орын алған.

– Әсіресе тарихи шығармаларды сүйіп оқимын. Өйткені біздің тарихымыз – үлкен қазына. Бұрын оқулықтардан көп нәрсе білмедік. Қазір сол олқылықтың орнын кітап арқылы толтырып жүрмін, – дейді ол.

Кейіпкеріміз тек прозаны ғана емес, поэзияны да ерекше жақсы көреді. Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Ақұштап Бақтыгереева, Мұхтар Шаханов шығармаларын жиі оқиды. Ұнаған өлеңдерін жаттап алып, түрлі жиындар мен отбасылық басқосуларда мәнерлеп оқып береді. Оның өлең жаттауы да қызық. Бірнеше жыл бұрын балалары туған күніне принтер сатып алып береді. Әр уақытын тиімді пайдаланатын Дәмелі апай қазір сол принтерден ұнаған өлеңін шығарып алып, әр шумағын ішкі есіктерден бастап кіреберіс есікке дейін, жол бойындағы шкафтарға жапсырып қояды. Содан қарап жүрмей, кіріп-шыққан сайын әр шумағын қайталап жүріп, өлеңді тез жаттап алады екен.

Тағы бір атап өтерлік жайт, кейіпкеріміздің балалары мен немерелері де кітап оқиды. Әсіресе Астана қаласында тұратын үлкен қызы анасының кітап қорын толықтырып отырады.

– Қандай кітабым жоқ екенін қызым жақсы біледі. Жаңа кітап шықса, алып береді. Кейде өзі оқып болған соң маған әкеледі. Бұл – мен үшін ең үлкен сыйлық, – дейді сыйлыққа кітап алса, шын қуанатын Дәмелі апай.

Отыз жыл бойы ауыл кітапханасында табан аудармай еңбек еткен маман оқырман сұранысын орындауды басты міндет санайды. Қажетті кітап ауыл кітапханасынан табылмаса, аудандық, облыстық кітапханалармен байланысып, оқырманға жеткізуге тырысады.

– Оқырман сұраған кітапты тауып берген кезде ерекше қуанып қаламын. Ал таба алмай қалсам, өзімді кінәлі сезінемін. Кітапханашының басты міндеті – оқырманның сұранысын қанағаттандыру, – дейді тәжірибелі маман.

DSC07193

Бүгінде ауылда бар болғаны жиырма шақты үй қалғанымен, кітапхана жұмысы тоқтаған емес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін кітапхана табалдырығын аттайды. Дәмелі апай жастардың кітап оқуға қызығушылығы төмендеп бара жатқанына алаңдайды. Оның пікі-рінше, кітап оқуға баулу, ең алдымен, отбасынан басталуы  керек.

– Баласына «Кітап оқы» деп айтып, өзі телефонға үңіліп отырған ата-анадан нәтиже шықпайды. Бала көргенін қайталайды. Сондықтан кітап оқу мәдениетін алдымен үлкендер өздері қалыптастыруы керек, – дейді тәжірибелі кітапханашы.

Бес жүзге жуық кітап жинаған кейіпкеріміздің арманы – осы рухани қазынаның келер ұрпаққа жетуі. Ал біз Дәмелі апаймен кітапқа деген рухани құштарлық ұрпақтан ұрпаққа ұласа бергей деген тілекпен қоштастық.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале