Маусым айының үшінші жексенбісі — Әкелер күніне орай Переметный ауылының маңында «Әке мен бала экспедициясы» атты спорттық-танымдық сайыс өтті.

Аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Бәйтерек» спорт клубы ұйымдастырған бұл отбасылық байқауға әкесі мен баласынан құралған 5 жұп қатысты. Дүбірлі додада Атамекен ауылынан Нығметовтар, Егіндібұлақтан Жамиевтер, Переметныйдан Белгиевтер, сондай-ақ №24 өрт сөндіру бекетінен Исалиевтер және аудандық мәдениет үйінен Жанболатовтар отбасы бақ сынады. Шара әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуды, салауатты өмір салтын насихаттауды және қоршаған ортаға деген экологиялық жауапкершілікті арттыруды мақсат етеді.
Экспедиция бағдарламасы қатысушылардың қабілеттерін сынайтын 4 негізгі бекеттен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар интеллектуалды сұрақтарға жауап берсе, екінші бекетте спорттық кедергілерден өту бойынша жарысты. Ал үшінші кезеңде әкелер мен балалар айналадағы қоқыстарды қапқа жинап, экологиялық акцияға үлес қосты. Қорытынды төртінші бекетте «Отбасы — бақыт мекені» тақырыбында арнайы экспозиция ұсынылды.

Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушы түрлі аталымдармен марапатталды. Атап айтқанда, Жамиевтер отбасы «Креативті әке мен бала», Исалиевтер «Табиғат жанашырлары», Белгиевтер «Білімді әке мен бала», Жанболатовтар «Спортшы әке мен бала», ал Нығметовтар «Жүйрік әке мен бала» номинацияларына ие болды.
Сәнім Берік,
Бәйтерек ауданы