Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиынға полиция бөлімінің басшылығы, Отбасын қолдау орталығының директорлары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Басқосуда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңбұзушылықтар, мүлік және мал ұрлығына қарсы іс-қимыл бағдарламаларының орындалу барысы сараланды.
Аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Айдана Сапарова жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған шаңырақтардан 24 дабыл келіп түскенін мәлімдеді. Орталық мамандары барлық отбасының әлеуметтік жағдайын бағалап, қажетті құқықтық әрі психологиялық көмек көрсеткен.

Ауданда жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азайған. Аудандық полиция бөлімінің өкілі Данияр Байдуллиннің сөзінше, 2026 жылдың басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында 6 қылмыстық теріс қылық тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Тұрмыстық жанжал шығарған 31 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 53 қорғау нұсқамасы шығарылды. Сонымен қатар аймақта мүлік ұрлығына қарсы іс-қимылдар да тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 57 қылмыстық іс тіркелсе, оның ішінде 8 ұрлық және 4 мал ұрлығы фактісі анықталған.

Жиында мал ұрлығының алдын алу және қараусыз малдың кесірінен болатын жол-көлік оқиғалары ерекше талқыланды. Бүгінгі таңда ауданда мал иелерінің жауапсыздығынан жануарларды жаю қағидаларын бұзудың 189 дерегі тіркеліп, тұрғындарға 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ бағымсыз малдың қатысуымен 4 жол апаты орын алған. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қараусыз жүрген төрт түлік қылмыскерлер үшін оңай олжаға айналатынын және жол қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін қадап айтты.

Жиын қорытындысында ауылдық округ әкімдеріне елді мекендерде ұйымдасқан мал бағымын жолға қою, бақташылармен қамтамасыз ету және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы нақты тапсырмалар жүктелді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы