17.06.2026, 22:50
Оқылды: 7

Қазталовта 65 мекеменің мемлекеттік рәміздерді қолдану барысы тексерілді

Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

image-17-06-26-10-29-4

Жиында Қазталов ауданы көлемінде еліміздің негізгі нышандарын қолдану және насихаттау жұмыстарының ахуалы жан-жақты талқыланды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова маусым айында 65 мекемеде жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен пайдалану талаптарына қатысты бірқатар кемшілік анықталғанын мәлімдеді. Бөлім басшысы Ту, Елтаңба және Гимнді орналастырудың заңнамалық талаптары міндетті екенін және ереже бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ ол Болашақ, Талдықұдық, Көктерек және Қарасу ауылдарында жаңадан ту тұғырларын орнату қажеттігін алға тартты.

image-17-06-26-10-29-3

Өз кезегінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева мектептер мен балабақшаларда патриоттық тәрбиеге баса мән беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2025-2026 оқу жылында білім ұйымдарында 5 мыңнан астам адамды қамтыған 248 түрлі танымдық іс-шара мен флешмобтар ұйымдастырылған.

image-17-06-26-10-29-6 image-17-06-26-10-29-5 image-17-06-26-10-29-1

Ал Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Бибі Уәли жастар арасында патриоттық рухты нығайту мақсатында «Туымыз төрімізде» атты аудандық жас патриоттар форумы өткенін және әлеуметтік желілердегі челлендждер кең қолдау тапқанын атап өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мемлекеттік нышандарды қадірлеу тек айтулы даталарда ғана еске алатын науқандық шара емес екенін қадап айтты. Бүгінде ауданның 13 ауылында мектеп түлектерінің бастамасымен зәулім ту тұғырлары орнатылғанын тілге тиек еткен аудан басшысы бұл игі іске ұйытқы болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Дегенмен анықталған олқылықтарды жою бойынша жауапты тұлғаларға шұғыл шаралар қабылдауды жүктеді. Аудан әкімі хаттамалық тапсырмаларды уақытында орындамаған мекеме басшыларының тәртіптік жауапкершілігі қатаң қаралатынын ескертті.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале