Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербургтегі мәдени байланыстарды нығайту, креативті және шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйледі, - деп жазады primeminister.kz.

Іс-шараға Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстанның Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.
Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің, сондай-ақ Достастыққа мүше барлық елдер көшбасшыларының тікелей қолдауымен және қатысуымен креативті индустриялар мен мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамыту ТМД-ның күн тәртібіндегі неғұрлым өзекті әрі сұранысқа ие бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Қазақстан мәдениет пен шығармашылық қызметті қолдауды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары деңгейінде бекіте отырып, аталған жұмысқа дамудың стратегиялық бағыты ретінде мән береді.
«Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді.
Мамыр айында Астанада өткен «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты.
Одан бөлек жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілген. Осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Жаңа нарықтар, жаңа жұмыс орындары қалыптасып, ұлттық креативті өнімді экспорттау мүмкіндіктері кеңейтілуде», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда мәдениет пен креативті индустриялар экономикалық өсудің маңызды факторларына айналуда. Қазақстанда креативті индустрия 40-тан астам қызмет түрін қамтиды, салада 150 мың адам еңбек етеді. Креативті сектордағы жалпы қосылған құн көлемі соңғы жылдар ішінде төрттен біріне артып, $3 млрд құрады.
Қазақстан кино, музыка, дизайн, ойын индустриясы мен цифрлық контентті дамытуда айтарлықтай нәтижелер көрсетуде. Отандық фильмдер, сериалдар, музыкалық және цифрлық өнімдер шетелдік нарықтарға шығып, халықаралық аудиторияны еліміздің бай мәдени мұрасымен таныстыруда, осылайша Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуда.
Креативті саланың өсуін халықаралық рейтингтер де растап отыр. Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымындағы позициясын дәйекті түрде жақсартып келеді, оның ішінде Жаһандық инновациялық индекс көрсеткіштері де бар. «Креативті нәтижелер» бағыты бойынша еліміз 2025 жылы 32 позицияға көтерілді.
«Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің креативті индустриялар қауымдастығын құру жөніндегі бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл формат бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және креативті өнімдерді ілгерілету үшін жағдай жасауға бағытталған», — деп атап өтті ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта Қазақстан креативті сектордың инфрақұрылымын жүйелі түрде нығайтуда. Қажетті заңнамалық база қалыптастырылды. Былтыр Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылды. Оның қызметі авторларды, шығармашылық командаларды және кәсіпкерлерді бәсекеге қабілетті өнімдер әзірлеуде, соның ішінде жоғары экспорттық әлеуеті бар жобаларды жүзеге асыру барысында қолдауға бағытталған. Еліміздің барлық өңірінде жастардың шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруға және кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасайтын креативті хабтар жұмыс істейді.
Олжас Бектенов жасанды интеллект экономиканың барлық секторларын дамытудың негізгі элементіне айналатынын атап өтті.
Қазақстанда 2026 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, алдымызға қоғамдық өмірдің барлық саласын жаппай цифрландыру міндеті қойылып отыр. Бүгінде жасанды интеллект контент жасау тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, шығармашылық мүмкіндіктерді де кеңейтіп, мәдени өнімдерді ілгерілетудің жаңа арналарын қалыптастыруда. Мысал ретінде AI-технологиялар көмегімен бейне генерациялау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын қазақстандық Higgsfield компаниясы аталды. Қазақстандық «цифрлық сыңармүйіз» стартапының тәжірибесі біздің азаматтарымыздың таланты мен құзыреттері тек сұранысқа ие болып қана қоймай, технологиялық нарықтарда жаңа трендтер қалыптастыра алатынын дәлелдеп отыр.
ҚР Премьер-министрі Қазақстанда мәдени мұраны цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанына назар аударды. Тарихи маңызы бар бірегей нысандарды сақтау мақсатында жоғары дәлдіктегі LiDAR – сканерлеу және 3D-мұрағаттау технологиялары қолданылатын ұлттық платформа – Цифрлық көшірмелер банкі іске қосылды. Жоба елдік және халықаралық маңызы бар тарихи-мәдени нысандарды қамтиды. Олардың қатарында ЮНЕСКО қорғауына алынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы шатқалының петроглифтері, Маңғыстау облысының жерасты мешіттері және басқа да археологиялық ескерткіштер бар.
Осы бағытта E-Museum платформасы дамып келеді, оған 300 мұражай қосылған, ал цифрлық каталогқа ондаған мың мұражай экспонаты енгізілген. «Қазақ киносының алтын қорын» қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда: соңғы жылдары өткен ғасырда түсірілген 43 фильм цифрлық форматқа көшірілді.
Олжас Бектенов цифрландыру шекараға қарамастан миллиондаған адам үшін өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін аша отырып, мәдени және тарихи нысандарға қолжетімділікті кеңейтетінін атап өтті. Жаңа цифрлық кеңістікті дамытумен қатар ТМД аясындағы мәдени ынтымақтастықтың дәстүрлі нысандары: көрмелер, фестивальдер, гастрольдік алмасулар және мәдениетаралық диалогті нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар маңызды болып қала береді. Осы оқиғалардың әрқайсысының артында шығармашылық қоғамдастықтың зор еңбегі жатыр. Соның нәтижесінде мәдениет жаңа сипатқа ие болып, кең аудиторияға жол тауып, заманауи экономиканың ажырамас бөлігіне айналуда.