Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 18-20 маусым күндері Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: istockphoto.com
Бұл екіжақты қатынастар тарихындағы Черногория басшысының Астанаға жасаған алғашқы ресми сапары. Осыған дейін 2010 жылғы желтоқсанда Черногорияның сол кездегі Президенті Ф. Вуянович Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысу үшін ғана жұмыс сапарымен келген болатын. Ал бұл жолғы жоғары деңгейдегі кездесуге байланысты уағдаластық екі ел басшыларының Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы кездесуінде қол жеткізілген еді.
Черногория — Қазақстанның Балқан өңіріндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Сондай-ақ бұл сапардың екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толу (14 шілде) қарсаңында өтуінің символикалық мәні зор.
Сапардың негізгі шаралары өтетін 19 маусымда қос мемлекеттің басшылары жоғары деңгейде келіссөздер жүргізеді. Күн тәртібінде тараптар арасындағы саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары кеңінен талқыланбақ. Бұл тарихи басқосу екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, өзара әріптестікке тың серпін береді деп күтілуде.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар кәсіпкерлік қызметті, туризм саласын дамытуға және бұқаралық ақпарат құралдары желісі бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған бірқатар маңызды екіжақты құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.