22.06.2026, 14:30
Оқылды: 11

«Шеберлік деген бір шың бар...»

Жазушы Мұқадес  Есламғалиұлының  туғанына  – 80 жыл

Осы заманғы  кейіпкерлерді бейнелеудің  көңілден  шықпайтындығы  бағзыдан  бері  айтылып  келе  жатқан  шындық.  Бұл  мәселе  әр  кезеңдерде  әрқилы  тарапта  сөз  болып  жатады.  Сонда  әр  кезеңде  де  сол  заман  кейіпкерлерін  қаламгерлер  жеткілікті  түрде  көрсете  алмайтын  сияқты.  Бұл  ретте  бірден  ешкім  таласа  алмастай  түйінді  сөз  айту  да  оңай  емес.  Мұқадес  Есламғалиұлының  «Өз  жүрегіңе  үңіл»  деп  аталатын  романын  қолға  алғанда  да  көңілімізде  осы  пікірлер  тұрған  еді.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 12.26.41

Алдымен романның атауына келелік. Дәл қай жылы басталғаны белгісіз, әйтеуір, бертінде кітап атауы бұрынғыша үшінші жақпен емес, екінші жақпен сөйлейтін болды. Айталық, «Шырағың сөнбесін» (Тахауи Ахтанов), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (Ілияс Есенберлин), «Өз отыңды өшірме» (Оралхан Бөкеев)... Рас, атауда тұрған ештеңе жоқ та тәрізді. Дегенмен жоғарыдағы романдардың атауы шығарманың айтпақ ойын алдын ала сездіріп тұратын. «Шырағың сөнбесін» кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың талай шырақты сөндірген суық лебін сездірсе, «Көлеңкеңмен қорғай жүр» адамдардың жұмыс барысындағы бір-біріне қамқорлығы мен өзара қолдауын көрсетеді. Ал «Өз отыңды өшірменің» негізгі – өмір жалғастығы, кезінде заман екпінімен шекара асып кеткен Таңатар шалдың ұлы  Дарханға ошағының отын сөндірмеуді аманат етуі, бұл аманатты енді Дархан шалдың немересі Жалғасқа тапсыруы. Қысқасы, қай атау да шығарманың мақсатын ақтап тұр.

Ал мына «Өз жүрегіңе үңіл» не дейді?  Бұл ретте, әрине, жоғарыда айтқанымыздай, алдымыздан осы заман кейіпкерлері шыға келеді. Оқиға Мәскеудегі көпке белгілі Тамыз дүрбелеңімен тиянақталады. Еліміз тәуелсіздік алар тұста, өліара шақта советтік Қазақстан адамдарының көңіл күйі қандай болды? Кім нені армандады? Кімнің не нәрсеге қолы жетпей қалды? Жазушының бұл ретте мойнына ауыр жүк артып алғаны белгілі. Себебі кітап жарыққа шыққан уақытта сол заман адамдарының көзі тірі еді. Рас, кейіпкерлер өз атымен аталмағаны мәлім. Дегенмен біріне-бірі жалғасып жатқан оқиғалардан, оларға қатысқандардың көңіл ауанынан әркім де хабардар болғаны белгілі. Сондықтан жазушы қателікке ұрынса немесе жауырды жаба тоқыса, дау айтып шыға келетіндер де жоқ еместі. Себебі романның ұзын-ырғасы да ылғи бір даулы нәрселер-тұғын. Дау болғанда да, жалпы жұрттың, тұтас елдің қамынан туындайтын ірі мәселелер емес, жеке адамдар арасындағы ұсақ-түйек кикілжіңдер.

Романның негізгі кейіпкерлерінің бірі Береке болғанда, екіншісі – Аңшыбай. Шығарма осы екеуін бейнелеуден  басталады.

Береке – елдік шаруаға жаны ашып жүретін тұлға. Осының салдарымен министрліктегі екі-үш кабинетке де кіріп шығады. Қазақстанның қазба байлығы неге немкеттіліктің құрбаны болып жатқанын түптегісі келеді. Өзі журналист болған соң әлгідей әйдік кабинеттерге кіріп шығудың қиындығы да жоқ. Бірақ қайда барса да, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ қызметкерлерге кезігеді. Және әлгідей себептің негізі қайда жатқанын анықтай алмай діңкелейді. Әркімнің сөзі әрқалай, тіпті жұмбақ. Қабырғасы қайысып отырған ешкім жоқ екен, «сен тимесең, мен тименнің» нақ өзі. Жаттанды жауаптар, жалықтырып жіберетін ақталулар. Ақыры,

Береке өзіне өзі ренжиді:

«Қайдағы бір өнжусіз істі төңіректеп жүрсің?! Әлдеқашан кесіліп, пішіліп қойған іске тұмсығыңды тықпалағанда тапқан мәпақаң осы ма? Жетістірдің! Осылай сүйкімсіздікпен сүйкен де жүр! Мүйізіңнің қышуы қанған шығар! Жетесіз... Жаңағыдағыдайлардың өзіңе жиіркене қарағанын көргенде өтің неге жарылмады?! Ол ғой сені жалған намыстың көне  тулағын желпілдеткен сасық көкірек, ұлтшыл, әлдебіреусымаққа балады. Сен болсаң...».

Аңшыбай осы қатардағы журналист Берекенің әріптесі. Бас редактордың орынбасары.

Өзгешелігі – бұл Береке тәрізді елдік шаруаға онша бас ауыртпайды. Өзіне жоғарыдан берілген тапсырмаға ғана белсене кіріседі. Онда да ең әуелі бұдан өзіне қандай пайда түсетінін есептеп алады. Міне, жақында мекеме қызметкерлеріне аттестация басталмақ. Комиссия төрағасы – өзі. Қайтпек керек? Аттестациядан құлатпау арқылы неге бедел жинап алмасқа? Мысалы, комиссия мүшелері «мамандығына лайық емес» дегендерге бұл араша сұрайды, «Тәрбиелейік, білімін жетілдірсін. Бір жыл уақыт берелік. Қазір барлық жерде штат қысқарып жатыр. Қызмет табу қиын. Семьясы бар ғой...» деген секілді жанашырлық сөздерді көлденең тартады. Сонда ғой бұл олардың алдында кешірімпаз, қамқор басшы тұлғасын танытады. Тек ондайлар мұның арқасында ғана жылы орындарын сақтағандарын сезінуі керек. Аңшыбайдың ойлары шамамен осылай  өрнектеледі.

Романның алғашқы он шақты бетін алып жатқан осы таныстырулардан соң одан әргі оқиғалар қалай өрбитіні жөнінде де, жалпы шығарманың нені қамтитыны хақында да алдын ала болжам жасай беруге болатын сияқты. Өйткені былайғы адамдарға да, соның ішінде оқырманға да қазіргі кеңселік қызметкерлердің ой-өрісі біршама мәлім. Роман тармақтала келе бірнеше жаңа кейіпкерлер қатарға қосылғанымен де олар осы екі кейіпкердің (Береке мен Аңшыбайдың) сұлбасынан онша алшақтамайды. Жазушы барша кейіпкердің бітім-болмысын, ішкі жан-дүниесін суреттеу арқылы сол заман  бейнесін  беруге  ұмтылған.

Расында да кез келген шығарманың бір мақсаты – заман бейнесін беру ғой. Романдағы жиі көрінетін кейіпкерлер Қуангерей мен Далбай да осы орайда сәтімен қосылған кейіпкерлер.

Барша дерлік ұжымда қолынан іс келмесе де кабинеттердің жай-күйін алдын ала біліп, соған орайластыра қимыл жасайтын бұларды заман бейнесінен ажыратып алуға да болмайды. Басшының көңіл күйін қас-қабағынан біліп отыру, сол арқылы өз есептерін түгендеп алу үшін қарым-қатынастарды шиеленістіру бұл кісілердің қолынан келетін істер. Кейін бас редактордың орындығына қонжиған Аңшыбайдың да қосымша сүйенері осы адамдар. Қосымша сүйенетін себебі – қолы адал, пиғылы таза болмаған соң, ертеңін үнемі ойынан шығармайтын бірінші басшының да ұжымда іштей ығысатын адамдары болады. Әрине, ақылды басшы олармен таза жауласпайды, әрі кеткенде оларға әлгі Қуангерей, Далбай тәрізді сенімді қызметкерлерін білдірмей айдап салып отырады. Айдап салғанда да көзсіз ақымақтыққа  бармайды, болашақта бұлардың да майлы жіліктің бір басын ұстауы мүмкіндігін ишаралап қана білдіреді. Себебі, Береке лақтыра салатын мүжілген сүйек емес, талантты, білімді, көзқарасы терең жігіттердің бірі. Әрі-беріден соң ұжымға қысылғанда дем болатын мұндай қызметкерлер де керек.

Дегенмен бұндай озық ойлы қызметкерлерді биіктете беруге де болмайды. Өйтсе өз беделі төмендеп қалуы әбден мүмкін. Сол себепті шарғы жіпті бір босатып, бір тартып дегендей, шама жеткенше орта аралықта отыруы керек.

Солайша жүре берер ме еді, бір күні бұларды ғана емес, күллі елді есінен тандырған бір оқиға болды. Мәскеуде  табан астынан бүлік шығып, бас хатшы Горбачевты қызметінен кетірудің әрекеті  жасалды. 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң халықты дүр сілкіндірген бұл әрекетке көзқарас та әрқилы еді. Ұжымдағылар әр қалай пікір айтып жатты.

«Кәдімгі, сексен алтыдағы, біздегі секілді қақтығыс боп жатқан секілді ме, қалай» деді бірі, екіншісі «Тапқан екенсің салыстыратын нәрсені. Бізде қарусыз жастарға қарулы әскер жұмсалды. Мұнда екі жағы да қаруланған. Әрі әскер де екі жаққа бөлінген» деп соқты. Одан әрі «Көздегендері жүзеге асса, әлгі бөлек ел болды деген республикаларды қайта қосып, матап алу түкке тұрмайды. Шалаптарын босқа шайқады деген сөз» дейтіндер де табылды. Ал Береке ше? «Береке дәлізде шылым шегіп тұрып: «Ойпырмай, біз де жеке ел боламыз ба деп жүргенде... Қайтып кетер екен шынында?!» деді іштей қатты үргелектене тыпыршып». Ал аңсаған орындығына отырып алған Аңшыбай төңкерісшілдерді қолдай жөнелді. Ұжымда кішігірім төңкеріс жасап үлгерді. Дереу жауапты хатшы мен еңбекшілер хаттары бөлімінің меңгерушісін алмастырып тастады. Сенімсіз адамдар ретінде Жәдігер мен Берекені төмен сырғытты. Үлкен басшы өткізген жиында да елден бұрын төңкерісті мақұлдап, көсемси сөйледі. Тек бұған батқаны – өзін сол жиынға қатысып отырған басқалардың қолдай жөнелмегені, тымырайып  отырып  алғандары.

Ақыры не болды? Ақыры төңкерісшілдер түрмеге тоғытылды.

Біреулері өзін-өзі атып өлтірді. Қызметін тапсыруға бұйырылған Аңшыбай жүрек талмасынан қайтыс болды. Романның соңғы парақта-рында Берекенің іссапарға аттанып бара жатқаны суреттеледі: «Іссапарға аттанып бара жатқан жігіт ағасы иллюминатор жиегіне бас сүйеп, сүлесоқ отыр. Ал он миллион қазақтың бірі боп ол көксеген, не әкелері беймағлұм Егемендікке әлі бес ай бар еді».

Алдан ала озып айта кетейік, Егемендік те жетті. Бірақ жеке басынан басқаның қамына қайғырмайтындардың психологиясы өзгеріссіз қалды. Әрине, бұл жағы романда айтылмайды да. Дегенмен шығарманы үңіліп оқыған оқырман солай болатындығын алдын ала болжайды да. Өйткені санаға әбден сіңіп қалған мінезді өзгерту Егемендіктің де қолынан келмейді екен. Жазушы шығармасын осы жерден  кілт  үзеді.

Сонымен шығарманың негізгі тақырыбы бір ұжым ішіндегі түрлі әрекеттерді бейнелеу болғанымен, негізгі идеясы – жеке кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы заманның мән-мағынасын толық түсіндіруге тырысу болса керек. Өйткені аутор әр оқиғаның әр жағындағы адамдар арасындағы тартыстар арқылы романның бояуын қалыңдатып, бітпейтін шиеленістердің себеп-салдарын ашуды мақсұт етеді. Кейбір кейіпкерлерге ішің бұра отырып, бұлардың неге ылғи  аты озбайтынына қынжылып отырасың. Мысалы, Берекенің досы Орманды алыңыз. Талғамы тамаша сауатты архитектор. Оның үстіне қайнағасы Абыз бұл қызмет істейтін мекеменің басшысы. Былайша қарасаңыз, жолы даңғыл болмайтын жөні жоқ секілді. Бірақ сол қайынағаның екі отбасына қатысы жоқтай өз мүддесі бар екен. Бұл көз майын құртып, жүйкесін тоздырып жасаған сәулеттік жобаны жоғары жаққа өз атымен жібереді, сөйтіп абыройына абырой қосып алады. Онда да қаланың сәулетіне көріктілік қосу үшін емес, өз жеке басының қадірін биіктету үшін ғана қимылдайды. Жалпы бұндайларды романдағы басты кейіпкерлердің бірінің ішкі монологы айна-қатесіз бейнелеп береді: «...Бұл әйел дегенде ес болсайшы. Өз талабың мен талантыңа сүйен дейді. Мың жерден та-лантың тасыса да жебеушің,  сүйеушің болмаса, танылып көр. Қазір жұмыр бастының мен талантсызбын, мен талапсызбын дегенін естіген құлақ керең, көрген көз қариға айналар, бәрі де кеудесімен көк тіреуге әзір. Жалғанды жалпағынан басып өтуге құмар. Тек қолдарына тізгін бер. Билік бер. Сол тізгін үшін, билік үшін жолындағылардың бәрін садаға етуге дайын, білімін, өресін өлшеп жатқан ешкім жоқ. Бәрінің көңілін күпті еткен – қабылдау бөлмесі бар кабинеттер, сол қабылдау бөлмесінде сарсыла күткендерге көз қиығын да салмастан, баса-көктей кердеңдеп, өз кабинетіне еніп бара жатуды ғана көксейді. Соларды көріп-біліп жүріп, бұл олардан өз сыбағасын жарты мысқал неге кем алуға тиіс?..».

Жалпы қалалықтардың тұрмысы мен тіршілігі қазақ әдебиетіне соңғы жылдары ғана берік кіріге бастады.

Бұл, әрине, қазақтардың қалаға, әсіресе Алматыға мол  қоныс аудара бастауынан  екені анық. Мысалы, сонау жылдары оқу іздеп келгендердің белгілі бір дәрежеде  бір тобы, әрине, өзіне өзі сенімді тобы Алматыда қалып жатты. Сол топтар қазір көбейді, нығайды, оның үстіне тек қазақтар ғана қызмет ететін газет, журнал, баспа секілді мекемелер пайда болды. Басқа салаларда да қазақтар өз кәсібіне сай келетін қызметтер тауып жатты. Қысқаша айтқанда, қалалық қызметкерлердің тұрмыс-тіршілігін баяндайтын туындылар жазбауға қаламгерлердің амалы да қалмады. «Қала прозасы», «деревня прозасы» деген жіктелулер орыс әдебиетінде баяғыдан бар екені белгілі. Сол үрдіс қазақ әдебиетіне екі мыңыншы жылдары ғана көшіп келе бастады да қазір әбден  қалыптасты. Ал, расын айтқанда, қазір ауылда қаламға ілігетін ештеңе қалып та жарытпады, қалаға үдере көшкен ауыл тұрғындарының уайым-қайғысы, қаңырап қалған ауылдардың азған-тозған кескін-кейпі жазушыларға қашанғы нәпақа бола берсін. Дегенмен қалалықтардың арасынан «мынау нағыз әдеби қаһарман» дейтіндей кейіпкерлер табу да оңай болып тұрған жоқ. Дегенмен ондай кейіпкерлер жасауға деген талпыныстар осы «Өз жүрегіңе үңіл» тәрізді романдарда байқалып отырады.

Рас, бұл романда оқырман аса сүйсінетіндей қаһарман жоқ тәрізді. Сөйтсе де, мысалы, Береке, Жәдігер тәрізді қаһармандар жүрек жылытатыны даусыз. Өйткені Береке құдай салды, мен көндім дейтіндей босбелбеу біреу емес. Ең бастысы – өзінің берік принципі бар, сол принципіне адал адам. Осы өмірінде тағдырдың ащысын да, тұщысын да біршама бастан өткізген кейіпкер. Күнделікті тіршіліктен аса алмайтын күйбеңді бастан өткере жүре әйтеуір бір жақсылықтың болатынына сенімді қызметкер. Әттең, сол сеніміне лайық басшы болса, қолынан келген талай істі атқарып та кетерлік шамасы бар екендігі аңғарылады. Бірақ ондай басшы әзірге табылмай да тұр. Аңшыбай дүниеден озған соң оның орнына тағайындалған жаңа бас редактор Сақып та сырғақ мінезді біреу еді. Оның Берекені осы іссапарға аттандыруында да газеттің мүддесі емес, өзінің әлдебір ішкі мүддесі жатқаны даусыз. Жолға шығып бара жатқан Берекенің көңіліндегі түйін: «Әзірге арман – жүйрік, қиял – жабы, үміт – тарпаң, сенім – сайқал».

Қалай болған да, оқырман осы кейіпкердің болашағынан әлдебір тәуір үміт күтеді. Расында да шығармада бастан-аяқ созылатын көңілсіз оқиғалардың бір көңілді түйіні болуға тиіс қой. Аутордың баяндауына қарағанда ондай үміттен қол үзуге де болмайтын сияқты. Міне, осындай ойларға сүйрей отырып жазушы романын да аяқтайды. Оқырманның көңілі алау-далау күйінде қалғанмен, саяси-әлеуметтік ауқымдар, жаңа заманның лебі оқырманды алға қарай жетелей береді. Біздіңше, жазушының мақсаты да сол – үмітті күйретпеу, жаңа дәуірде болатын жақсылықтарға деген сенімдерді нығайту. Не болғанда да, әу бастағы принципінен ауытқымау, оның рецептісі де әр-кімнің өз қолында – «Өз жүрегіңе  үңіл».

Жалпы Мұқадес Есламғалиұлының қай шығармасында да адамның жүрегіндегі аласапырандар әр алуан та-рапта бейнеленеді. Тіпті әңгімелерінде де кейіпкерлер не істесе де өзіне-өзі осыным қалай болды екен деген сауал қояды. Сондай әңгімелердің бірі – «Аты жоқ адам». Аудандағы музей үйіне кіргендер ерекше назар аударатын бір бөлім бар: «Біздің майдан және еңбек ардагерлеріміз». Осы тұсқа келгенде әңгіме кейіпкері бір суреттің тұсына еріксіз тоқталып қалады. «Омырауы медальға толы шалғы мұрт, еңгезердей қара сұр адамның суретіне жанарым арбалды да қалды. «Кім бұл? Кімі несі? Таныс жүз... Жүзі танысы қалай? Таныс  кісі демейсің бе? Иә, сол. Завферма. Кейін колхоз бастығы болды деген екен-ау! Аты-жөні кім еді өзінің?». Сол сурет сонау алыста қалған екі оқиғаның сұлбасын елестетеді. Біріншісі – Сталин өлген күн. Сол түні қаралы хабар жеткен жұрт үрпиісіп қалады. Түн қоюланғанда қой фермасының меңгерушісі Әбухан мен есепші Уайс әңгімелесіп отырады, бұл әңгімеге куә болған үшінші кісі – жұрт атын атамайтын, «пермі», «заппермі» немесе «управ» дей салатын дәу қара. Ұзақ әңгімені Уайс түйіндейді: «Нишауа, – дейді серпіле сөйлеп. – Көсем дүниеден озса, партия бар. Партия ешқашан өлмейді. Партияның соңына ерсек, өле қоймаспыз еншалла...». Осыдан бес-алты күн өтпей жатып ауданнан келген милиция  Әбухан мен Уайсты ауданға жаяу айдап әкетеді. Екінші оқиға – ауылдың аяулы адамдарының бірі Нұржұманы жерлеу кезіндегі даулы әңгіме еді. Уайс марқұмды жерлеу үстінде, қазақ салтында жоқ әрекетке барып, әлгі дәу қараның бетін аймандай қы-лады. Өздерінің үстінен Сталин өлсе өле берсін деген сөз айтты деп, ақпар берген, бұлардан басқа да талай азаматтарды ұстатып жіберген осы дәу қара екен. Болған болды, өткен өтті, дегенмен адамның жадынан ештеңе де шығып кетпейді екен. Әрине, бүгінде дәу қараны жауапқа тартатын заң да жоқ. Бірақ Ар, Ұят заңы ешқашан әділетсіздікті кешірмесе керек. Әңгіменің айтпағы – сол сабақты кейінгі ұрпақтың ұмытпауы керектігі, жасалған қиянаттың ешуақытта із-түзсіз кетпейтіндігін  есте  сақтау.

Ал «Аққанаттың ашуын» бір жағынан экологиялық әңгіме деуге де келетін сияқты. Экология дегеніңіз табиғаттың ғана емес, сананың да тазалығын талап ететінін ұмытпаған жөн екен. Құсбегі Байсал кенжесі Тастайға Аққанат қыранды мәпелеп ұстау керектігін әлденеше рет ескертеді. «Атаң қазақ қыранның кеудесінен итермеген. Бұл – ондайларға кінәмшіл мақұлық» деуден танбаған. Бірақ кенже бала айтқанды тыңдай ма, Аққанатқа дөрекі мінез көрсетуден тиылмайды. Сондағы қояр кінәсі – қыранның екі-үш мәрте қоян шалмағаны. Бұндай да болатыны бар. Әйтпесе Аққанат қыбыр еткен тірі мақұлықты қиядан көзі шалып, құйрық, қанатын боздата, жасын оғындай жалт еткен, талай қасқырды қан құстырған кездері көп болған. Сірә, соңғы кездері еркіндіктен айырылып, бертінде келген әлдебір жас қыранға телінген соң, ашушаң болып кеткен сыңайлы. Бабын таппасаң құс та ашушаң болады екен. Ақыры, Тастайдың ажалы осы Аққанаттан болады. Бір күні үй тұсынан өтіп бара жатқан Ізбасар көрші Тастайдың ақырып-жекіргенін, бүркіттің айбат шеккен ысылы мен қиқылын естігенмен көп бөгеле қоймай, әрі қарай кете береді, тек ұзай бере Тастайдың әжептарқы даусын естіп, төбе шашы тік тұрады да, қораға келеді.

Келсе... мойны әнтек қайрылып, етпетінен сұлап жатқан Тастайды көреді... Қазақта натуралист жазушы жоқтың қасы, сол себептен де, айталық, аң-құстың тіршілігін терең зерделеп жазатын қаламгерлерге де зәру екендігімізді мойындауымыз керек. Мұқадес ағаның мына әңгімесі сондай олқылықтардың орнын толтырып тұратын бір мысал. Аң да, құс та табиғаттың бір бөлшегі екенін ескерсек, тілі жоқ мақұлықтың да адамнан зияты кездесетінін әр-әр жерде  естіп  қаламыз.

Әттең, соны естіген бойда қағазға түсіріп, жан-жақты зерделеп, көркем шығарма етіп жазып шығуға құлқы-мыз жоқ болады көбіне. Содан келіп оқиғасы айтуға оңай (әлбетте, қиялдан шыққан), тілі мақау туындылар жамырап шығып жатады. Ондай дүниелерді әлдекімдер мақтайды, сол мақтауларды әлдекімдер қостайды, сөйтіп ешкім қызығып оқи ал-майтын дүниесымақтар көптің көз алдында көлбеңдеп тұрып алады. Жай тұра берсе, ештеңе демейсің де ғой, бұлар шын мәніндегі жақсы жазушылардың қатарынан орын алғысы келіп, өлімін сатады. Осындайда Асқар Сүлейменовтің шын ақын туралы жаза отырып: «...қарап жатса өлеңші бола ма. Ол,  күн ұзарды деп қысқара қоятын түн емес. Ол – енесімен қатар отырып ап сыбағаға таласатын көргені кем келіндей» дейтіні еске түседі. Бұлай деп отырғанымыз, жазушы Мұқадес Есламғалиұлының таңдап алатын объектісі де, тілінің көркемдігі де кейінгі буынға ғана емес, өзі қатарлы қаламгерлерге де үлгі болуға жарайтындығын еске салу еді. Осы ретте бір абзацты келтіре кетейік: «...Кәдімгі өзіміз жиі тамсана айтатын алтын күз. Астананың  бір реңді шағы. Апта бойы сілбіреп жауумен болған күн кеше кеште сап тыйылған. Шексіз көкті торлаған шуда-шуда бұлт атаулы көршісіне кінәлі боп қалып, ұрлана көшкен әлдебіреулерше, түн жамылып ізім-қайым жоғалыпты. Апта бойы жер-жаннаттың келбетін көруге сағынып, зарығып жеткен шара табақ күн төңіректі мөлшерсіз шұғыласымен шымқапты. Табиғат атаулы көктемгі ақ жауыннан кейінгі шағындай жасаңғырап шыға келіпті. Қарағай, қарағаш, теректердің әлі сиреп үлгермеген ну жапырақтарына іркіп, мөлтеңдеген сансыз тамшылар күн сәулесімен аймаласып, көз ұялтады» деп баяндай жөнеледі жазушы. Тоқтай тұрыңыз. Дәл осындай алтын күзді сіз де көрдіңіз. Әсіресе бірнеше күнгі ақ жауыннан соң аспан реңі ашылып, бойыңызды әлдебір көңілді сезім билейтінін ұмытқан жоқсыз. Қазір көптеген әдеби шығарма ішінен дәл осындай өзіңізге таныс суреттерді көре алмай жүрсеңіз, бұл, әрине, қаламгердің ұмытшақтығы, ұмытшақтығы емес-ау, көз алдында тұрған тәп-тәуір суреттерді елемей өте беретін қаперсіздігі. Әлбетте шығарма оқиғасы тек идеямен немесе моральдық меңзеулермен шектелуі тиіс емес. Біздіңше, оқырманды ең болмаса ара-тұра жерге түсіріп, көк пен көне мекеннің перзенті екенін ұмыттырмау үшін осындай детальдар  әбден  керек.

Қалай десек те, жазушы М. Есламғалиұлының ең қадірлі қазынасы – екі кітаптан тұратын «Әйтеке би» тарихифилософиялық дилогиясы. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізге тәуелсіздік келгенге дейін үш бидің – Қазыбек бидің, Төле бидің және Әйтеке бидің есімдері қазақ жұртына онша мәлім болмады. Рас, қазақта осындай билері болғаны аталып жүрді, бірақ олардың елдік шаруаға қосқан мол үлестері жан-жақты талқылана айтылмады. Өйткені, әсіресе Ресейдің, одан соң КСРО-ның империяшыл саясаты күллі қазақтың басын қосқан ірі тұлғалардың дәріптелуінен қатты қорықты. Сол себепті де билер мен хандар, батырлар хақында көсіліп айтуға ешкімді де жібермеді. Мысалы, Қаныш Сәтпаевтың «Едіге» дастанын жинақтап, жариялауы академикті қанша азапқа салғаны қазір көзі қарақты жұртқа жақсы мәлім. Міне, осылайша ұмыт қалдырылуға бұйырылған аяулы тұлғалардың бірі – Әйтеке би туралы роман жазуға батылдық етудің өзі жанкештілікке барабар тірлік еді. Өйткені, би ғұмыр кешкен ХVІІ ғасырдан бері қаншама уақыт өтті, оның үстіне бұл адам хақында әңгімелеуге тыйым салынғаны бар. Қазақ тарихынан аласталғаны және рас, әйтеуір, Әйтеке қайткенде де ел жадында жаңғырмауы тиіс, ұмыт қала беруге тиіс есім  еді. Ал тарихи роман дегеніңіздің хикметі көп іс еді.

Жарайды, аты-жөні белгісіздеу біреу болса, түрлі оқиғаларды байжан жобамен қиыстырып шығуға да болар. Ал Әйтеке би туған, өлген жылдары шамамен болса да белгілі, өмір кешкен аймағы мәлім, заманында күллі Кіші жүздің атынан сөз алған ірі тұлға ғой. Ал мұндай кісі жөнінде жазудың жауапкершілігі де мол болмақ қой. Мұхтар Әуезов Абай туралы эпопеясын жазғанда Абайды көрген кісілердің бірқатары тірі еді, ол кездегі оқиғалар кейінгі ұрпақтың да жадынан шыға қоймаған. Ал Әйтеке бидің заманы тым алыста тұр еді. Ел есінде «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанып қалған қиракезік заман еді. Оның үстіне би туралы көркем дүние оқырманды сендіруі керектігі және бар. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, бұл романның арқалайтын жүгі зор болатын. Әйтеке би, онымен замандас болған әр кейіпкердің сөз саптасынан, әрине, сол дәуірдің лебі сезіліп тұруы керек-ті. Бидің шығыс ғұламаларының білімінен су-сындағанын, қазақтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрін білуі керектігін де ұмытуға болмайды. Ежелден бері «не қиын» дегенде қазақ жұртының «алқалы топта сөз бастаудың қиындығын» айтатын тәмсілдері белгілі. Және бұл сөз күнде көріп жүрген, бір дастарханнан дәм татып жүрген жерлестерге айтылар сөз емес, алыстан ат қойып келетін, өздеріне өздері бек сенімді жау-дұшпандардың алдында айтылатын сөздер еді. Әрі-беріден соң роман кейіпкерлері ат өтті біреулер емес, Тәуке хан, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әнет баба, Мәті, Болпыш секілді қазақтың небір жақсылары ғой. Олардың алдында сөз саптау, өз ұйғарымын жете түсіндіру, былайша айтқанда, шынайы ділмарлық көрсету шалқар айдында құлашың талмастан еркін жүзуден кем еместі. Міне, ел тағдыры кезекті рет қыл үстінде тұрғанда алты алаштың ғана емес, түбі бір түркі жұртының тұтастығын көксеумен өткен көсем биіміздің өз пікірлестерімен бірге ел бір-лігін, ынтымақтастық дәстүрін, өзара сыйластық өнегелерін, әр сөзі бұлжымас жарғы-заңға айналған көрегендігін бейнелеу үшін жазушының қанша тер төккенін болжап қана айтуға болар. Айтқанда да, би-шешендікке шын мәнісінде лайық болған бұндай дүние жазу екінің бірінің қолынан келмейтінін мойындауымыз керек. Қалай болғанда да, сонау есте жоқ ерте заманның кескін-келбетін бүгінге адал жеткізе білген жазушы Мұқадес Есламғалиұлының тарихи танымдық, этномәдени құндылығы жоғары бұл дүниесі елімізге тәуелсіздікпен тұстас келген жауһар шығарма. Ал жалпы алғанда бұл роман туралы, мысалы, тарихшы, сосын филолог, сосын барып, әрине, әдебиет сыншысы арнайы сөз қозғаса, шығарманың негізгі артықшылықтары айқын көрініп тұрар еді. Сайып келгенде айтарымыз – «Әйтеке би» романы өз алдына ғылыми-практикалық конференцияға сұранып тұрған тақырып. Сонда ғана құнды дүниенің ажары айшықтала көрінер  еді.

Аз сөз жазушы ағамыз туралы. «Әйтеке би» романына дейін де Мұқадес аға қазақ әдебиетіне тамаша шығармалар берген еді. «Аққу сазы» (1977), «Екі басқа дүние» (1986), «Толқын мен ағын» (1992), «Тұман ішіндегі көш» (2000) тәрізді прозалық кітаптары, «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» атты танымдық еңбегі (2000), орыс тілінде «Пробный камень» (1990) атты кітабы басылған болатын. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Биыл тірі болса 80 жасқа толғанын тойлап отыратын ағамыздың соңында қалған мол мұрасы шеберлік деген бір шыңның басында тұра береді  деп  сенеміз.

Бауыржан Құрманқұлов,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының лауреаты, 

Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе  облысы бойынша өкілі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале