19.06.2026, 15:50
Оқылды: 14

Тасқала ауданында әлеуметтік мәселелер талқыланды

Тасқала ауданы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында жастар мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

жастар 1 (1)

Шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық маслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, білім бөлімінің басшысы Айгүл Касимова, ауылдық округ әкімдері және жастар қатысьы.

Кеңес отырысының күн тәртібіне бес маңызды мәселе енгізілді. Алғашқы болып отбасыдағы ажырасудың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Рита Сапарова баяндама жасады. Ол отбасы институтын нығайту, жас отбасыларға қолдау көрсету және ажырасу көрсеткіштерін төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Келесі мәселе ретінде аудан көлемінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру және отбасылық құндылықтарды дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Бұл жөнінде жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Айбек Шарипов, сондай-ақ, ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі мамандары ақпарат берді. Баяндамашылар жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, патриоттық тәрбие беру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша атқарылған шараларды атап өтті.

Сонымен қатар аудан бойынша отбасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары қарастырылды. Аудандық полиция бөлімінің өкілдері құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

жастар (1)

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе отбасы жоспарлау және жастар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбына арналды. Аудандық аурухана мамандары жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және репродуктивтік денсаулықты сақтау бойынша қолға алынған шараларды таныстырды.

Жиын соңында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұмагелді Үмбетәлиев «Ұлттық тәрбие – ұлт діңгегі» тақырыбында баяндама жасап, жастарды ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша жастардың жан-жақты дамуына, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде тиісті ұсыныстар қабылданды. Аталған мәселелер алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатындығы айтылды.

Бекжан Өтемісов

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале