2023 жылдан бері елімізде маусымның үшінші жексенбісі әкелер күні аталып келеді. Осыған орай бүгін аудандық кітапханада “Әке - өнегелі өмірдің үлгісі” атты дөңгелек үстел өтті. Оған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара шымылдығын Ақнұрлы Нұрғалиқызы құттықтау сөзімен ашып, қашанда ер-азаматтың орны биік, бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтынын жеткізді. Одан әрі ортаға жас әкелер: Сыйлыхан Жұмасалық, Қолқанат Серіков, Әсет Ғұмаров, Айымбек Сарымсақов пен Еркін Қарасай шақырылды. Жас болса да отбасы құндылығын дәріптеп жүрген азаматтар алдымен өздерін таныстырып, әкенің қоғамдағы рөліне тоқталып, бала тәрбиесіне қатысты пікірлерін білдірді. Олар өз сөздерінде “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дегендей, ата-ана - баланың айнасы, сондықтан тәрбиені бірінші баладан емес, өзімізден бастау қажеттігін айтты. Сондай-ақ әке атану - зор мәртебе, алайда жауапкершілігі жоғары. Әке статусын иеленген азаматтың санасы, сөзі түзеліп, ұрпағы ұялмайтындай ғұмыр кешу керектігін де тілге тиек етті. Және жанұяда әкенің орнын ана айқындайтынын атап өтіп, екеуі де өз рөлдерін дұрыс атқарса, отбасы институты сақталады деді.

Шара барысында қонақтар балалары жайлы қызықты сұрақтарға жауап беріп, әсерлі оқиғаларымен бөлісті.
Әкенің әрбір сөзі мен ісі баласы үшін өмірлік бағдар екені көрініс тапқан басқосу соңында ұйымдастырушылар жас әкелерге естелік сыйлықтар табыс етіп, алғыстарын білдірді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы