19.06.2026, 16:45
Оқылды: 50

Бәйтеректің 40 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды

Переметныйда «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Биыл аудан бойынша 40 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болды.

image-19-06-26-03-43

- Кеше ғана мектеп табалдырығын балапан болып аттаған бүлдіршіндеріміз бүгін қыран құстай түлеп, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Осынау білім бәйгесінде оқ бойы озық шыққан ұл-қыздарымыз он бір жыл бойы үлкен қажырлылық танытты. Олар балалық шақтың қызығы мен ойын-сауығынан саналы түрде бас тартып, мақсатқа жету жолында, ұстаз бен ата-ананың үмітін ақтау үшін ішкі темірдей тәртіпке бағынды. Нәтижесінде жеңіске жетті,-деген аудан әкімі Марат Тоқжанов шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, өзіндік оқыту әдістемелері арқылы болашақта тұлға болар жандарды тәрбиелей білген мектеп басшылары мен ұстаздар қауымына да алғысын жеткізді.

​ Кештің толқынысты сәті — «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімі болды. Сахна төріне білім бәйгесінде оқ бойы озық шыққан дарынды түлектер өздерінің аяулы ата-аналарымен бірге қол ұстасып шықты. Бұл сәт перзентінің он бір жылдық еңбегінің жемісін көріп, көзіне жас алған ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін шынайы мақтаныш сезімін ұялатты.

​Биылғы оқу жылында үздіктер түлектер негізінен ​Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатынан (7), Қадыр Мырза Әлі атындағы ЖОББМ (7), ​Достық ЖОББМ (5), Дариян ЖОББМ-дан (4) шықты. Ал ​Б. Момышұлы атындағы, Переметный, ​Т. Бигелдинов атындағы, Новенький, ​Январцев орта мектептерінің әрқайсынан екі түлек тең құрбысының алды болды. Ал Ш. Уәлиханов, Қ. Аманжолов, ​ Қ. Ахмиров атындағы, Асан,​ Белес, ​Камен және​Чувашин білім ұяларынан бір-бір мектеп бітіруші «Алтан белгі» алды.

​Осы түлектердің атынан сөз алған Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Нұрдәулет Мұхамбет барша құрдастарын мектеп бітірулерімен құттықтап, болашақ өмір жолдарының сәтті болуына тілектестігін білдірді.

 

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

image-19-06-26-03-43-1

Фатима Хамидуллиева, Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі (Байқоныс ауылы):

- ​«Алтын белгіге» қол жеткізу — мен үшін де, ата-анам үшін де үлкен мәртебе, зор жетістік. Әрине, бұл шыңды бағындыру оңай болған жоқ. Бастауыш сыныптан бастап үнемі ізденіс үстінде, үздіктер қатарында болдым. Мектеп қабырғасында өзім болашақта таңдайтын мамандығыма қажетті математика, қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндеріне ерекше ықыласпен ден қойып, білімімді шыңдадым. Болашағымды журналистика мамандығымен байланыстырғым келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале