20.06.2026, 11:00
Оқылды: 7

Әлемнің 20 елінен 270 спортшы: Елордада триатлоннан Азия кубогы басталады

Астанадағы Триатлон паркінде 20-21 маусым күндері Asia Triathlon Cup Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

_gluster_2026_6_17_3c6ed51246ec8ab1f34ef6676956d631_1280x720

Фото: gov.kz

Ауқымды жарысқа әлемнің 20 елінен, соның ішінде Қазақстан, Жапония, БАӘ, Түркия, Австрия сондай-ақ Чехиядан 270-тен астам кәсіби спортшы мен әуесқой қатысады. Халықаралық турнир Elite, Junior, Age Group және паратриатлон санаттары бойынша ұйымдастырылып отыр. Жарыстың халықаралық стандарттарға сай өтуін жиырмадан астам төреші мен ассистенттен тұратын арнайы құрам қамтамасыз етеді.

Бағдарламаға сәйкес 20 маусымда Elite санатындағы спортшылар 750 метрге жүзу, 20 шақырымдық веложарыс пен 5 шақырымға жүгіруден тұратын спринттік қашықтықта бақ сынайды. Ал 21 маусымда дәл осы қашықтық бойынша жасөспірімдер (Junior) жарысқа шығады. Дәл осы күні Age Group санатындағы 200-ге жуық әуесқой спортшы 1,5 шақырым жүзу, 40 шақырым веложарыс және 10 шақырым жүгіруден тұратын олимпиадалық қашықтықты бағындыруы тиіс. Бұл санаттағы ерлер мен әйелдер 18 жастан бастап 65 жастан жоғары топтарға дейін өзара мықтыны анықтайды.

Бұл шараны Қазақстан триатлон федерациясы World Triathlon және Asia Triathlon халықаралық ұйымдарының қолдауымен өткізуде. Жобаға Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

Елордада Азия кубогы кезеңін өткізу отандық триатлонды дамытуға, оны халықаралық олимпиадалық жүйеге кіріктіруге, сондай-ақ ұлттық құраманың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілетін арттыруға септігін тигізеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале