«Бастау UP» айдары аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашқан ауыл тұрғындарының еңбегін насихаттаймыз.

Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Оразгүл Бақтыгерееваның айтуынша, мемлекеттік қолдау тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға оң әсерін тигізуде. Бүгінде округте грант қаражатын тиімді пайдаланып, шағын кәсібін өркендетіп отырған азаматтар баршылық.
Солардың бірі — Қайыңды ауылының тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Нұржан Ескалиев. Ол 2025 жылдың маусым айында қайтарымсыз грант ұтып алып, құс шаруашылығын қолға алған. Бүгінде 100 бас құс бағып отырған кәсіпкер ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағада жұмыртқа өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған тағы бір кәсіпкер — тігінші Лунара Теміржан. Бірнеше жыл бұрын алған грантының арқасында ол өз шеберханасын ашып, бүгінде ұлттық киімдер, қыз жасауы мен күнделікті киімдерге тапсырыс қабылдайды. Лунара болашақта ісін кеңейтіп, ауыл жастарын жұмыспен қамтитын үлкен ателье ашуды жоспарлап отыр.

Ал Фариза Ғалымжанқызы үшін қайтарымсыз грант наубайхана кәсібін ашуға жол ашқан. Ол алған қаражатына нан илейтін құрылғы, үлкен пеш пен қамыр жаймалау құралдарын сатып алған. Қазіргі уақытта нан өнімдерінен бөлек фастфуд тағамдарын, лағман қамыры мен жайма дайындап, халыққа ұсынып келеді.

Қайыңдыдағы бұл үш түрлі кәсіп иелерінің мақсаты бір — адал еңбек арқылы табыс тауып, туған ауылдың дамуына үлес қосу. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған кәсіпкерлер ауылдың экономикалық әлеуетін арттырып, өзгелерге үлгі болуда.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы