Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне көктемгі шақырылым аясында 200-ге жуық жас сарбаз келді. Олар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарынан шақырылған.

Қазіргі таңда жас жауынгерлер бастапқы әскери даярлық курсынан өтуде. Бір айдан астам уақытқа созылатын дайындық барысында сарбаздар саптық, атыс және тактикалық дайындық сабақтарына қатысып, әскери жарғылар талаптарын меңгереді. Сондай-ақ оларға әскери бөлімнің қызметтік міндеттері мен Ұлттық ұлан әскери қызметінің ерекшеліктері түсіндіріледі.
Жас сарбаздарды әскери іске баулуға тәжірибелі офицерлер мен сержанттар жұмылдырылған. Олардың басты мақсаты – болашақ жауынгерлердің кәсіби даярлығын шыңдап, әскери тәртіпке бейімдеу.
Әскер қатарына жаңадан қосылған қатардағы жауынгер Нұрбол Баубеков алғашқы әсерімен бөлісті.
– Әскери қызмет маған ұнап жатыр. Командирлер бізге барлық қажетті білім мен дағдыларды үйретуде. Күн сайын жаңа нәрсе меңгеріп, өзімді шыңдап келемін. Алдағы уақытта Отан алдындағы борышымды абыроймен атқаруға бар күшімді саламын, – деді жас сарбаз.

Айта кетейік, жас жауынгерлердің әскери ант қабылдау рәсімі 25 шілде күні әскери бөлімнің саптық алаңында өтеді. Салтанатты іс-шараға сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысады деп жоспарлануда.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі