Жақында еліміздің бүтін облысында республикалық студенттік және жастар еңбек жасақтарына арналған ашылу іс-шарасы өтті. Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өңірдегі аталмыш студенттік және жастар еңбек жасағы телекөпір арқылы байланысқа шықты.

Республикалық жиында Астана қаласындағы негізгі алаңнан телекөпір арқылы сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев еңбек жасағының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– 2024 жылы еріген қар суы Қазақстанның бірнеше өңірін әбігерге салды. Сол шақта «Ауыл» партиясының бастамасымен құрылыс мамандығында оқитын студенттер еңбекке тартылып, олар үйлері суға кеткен азаматтарға жаңа баспана салуға жәрдемдесті. Алғашында Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жастар жасақтары құрылып, 130 жасты біріктірген алғашқы студенттік құрылыс жасағы өз жұмысын бастаған еді. 2024 жылы құрылған екі құрылыс жасағы 200-ден аса үйді салу және қайта қалпына келтіру іс-шараларына септесті. Бұл жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оң бағасын беріп, жастарды еңбекқорлыққа және елді бірлікке жұмылдырған маңызды бастама екенін атап өтті. 2025 жылдың ақпан айында жобаны одан әрі дамытуға шешім қабылданып, жастар жасағы 10 бағыт бойынша жұмыс істеді. Осылайша елі-міздің 20 облысында 785 жасты қамтитын 67 жасақ құрылды. Олардың ішінде құрылыс, экология, сервистік, педагогикалық, эко-санитарлық, гидротехникалық және ветеринарлық жасақтар бар. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беріп, жазғы демалыс кезінде оқу орындарындағы студенттерге өздері білім алып жатқан салалары бойынша машықтан өткізу. Әрі осы арқылы Қазақстанның экономикалық салаларындағы болашақ кадрларға тәжірибе берудеміз. Биыл жастар еңбек жасағы 78-ге көбейіп, қатысушы студенттер саны мыңнан асты. Келер жылдары жасақ пен қатысушы санын көбейте бермекпіз. Ел болашағы жастардың қолында. Ал оларды дұрыс жолға бағыттау – баршамыздың міндетіміз, – деді Серік Егізбаев.
Іс-шара барысында еңбек ардагерлері телекөпір арқылы байланысқа шығып, ақжарма тілектерін білдірді. 1982-1986 жылдары Орал облыстық комсомол комитетінің студенттік жастары облыстық штаб командирі болған Қалихан Қарабалин бұл бастаманың қайта жаңғырып келе жатқанына қуанатынын айтты. Еңбекқор бозбалабойжеткендерді бір мүддеге топтастырған осы жоба жастардың қызмет жолында шыңдалуға мүмкіндік беретінін сөзге өзек етті.
«Ауыл» партиясы БҚОФ төрағасы Темірғали Ескендіров біздің облыста ЖОО мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерінен құрылған төрт негізгі жасақ бар екенін тілге тиек етті.
– 2024 жылы бұл бастама елдің екі бірдей облысында өңірлік жоба ретінде бастау алды. Студенттік және жастар еңбек жасағы қозғалысы ел Президентінің ыстық ықыласына ие болды. Биыл бұл жоба үшінші мәрте өтуде. Ақ Жайық өңірінен осы жылы 90-нан аса студент жастар қозғалысына қатысуға ниет білдірді. Олар өзінің болашақ мамандығы бойынша тәжірибе қалыптастырады. Атап өтсек, «Қайсар» құрылыс жасағы, «Білім» педагогикалық жасағы, «Жігер» механикалық жасағы және «Жалын» сервис жасағы жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға септігін тигізеді. Студенттік және жастар еңбек жасақтары – жастардың қоғамдық маңызы бар жобаларға белсенді қатысуына, еңбек тәжірибесін жинақтауына және командалық жұмыс мәдениетін меңгеруіне мүмкіндік беретін маңызды бастама. Жасақ мүшелері жазғы демалыс кезінде әлеуметтік, экологиялық, аграрлық және өндірістік бағыттағы жұмыстарға тартылып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосады. Оларға 250-300 мың теңге көлемінде жалақы да қарастырылған, – деді Т. Ескендіров.

Одан кейін «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерекелік төсбелгілері партия белсенділеріне табысталды. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың үшінші курс студенті Полина Сверидова аталған марапатты иеленді. Ол жазғы демалыс уақытында жастар жасағында еңбек етпек. Бұл болашақ маманның тәжірибе жинауына үлес қосып, қаржы табуына да мүмкіндік береді дейді белсенді студент. Айта кетелік, «Ауыл» партиясы бүгінде өңірдегі бірнеше компаниямен келісімшарт жасасқан. Жұмыскерлер сапына қосылған жастарды компания еңбекке баулиды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»