Жақында шаһардағы «Атамекен» өнер ордасында «Қазақ тілі цифрлық дәуірде: жасанды интеллект және тіл саясатының жаңа мүмкіндіктері» атты республикалық семинар өтті.

Бұл келелі жиынның өтуіне облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ұйытқы болды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев төрелік еткен аталмыш іс-шараға белгілі ғалымдар, ІТ-сарапшылар, университет оқытушылары мен журналистер қатысты. Академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабай Ақ Жайық өңіріне арнайы келіп, басқосуда баяндама оқыды. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, философия докторы (PhD) Талғат Рамазанов, белгілі журналист, медиа-сарапшы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов (суретте) республикалық деңгейде өткен семинардың пленарлық отырысында қазақ тілінің цифрлық жүйедегі маңызы туралы тұшымды пікірлерін ортаға салды. Айта кетелік, бүгінде ана тілімізді цифрлық жүйеге енгізу бағыты бойынша бірнеше бағдарлама іске асып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда 2026 жыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Оған қоса, елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Академик Шерубай Құрманбайұлы (суретте) әлемдегі тілдер цифрлық жүйеде үш деңгейге бөлінетінін айтты. Академиктің айтуынша, қазақ тілі сөздік қоры бойынша әлемдегі ең бай тілдердің қатарында болғанымен, цифрландыру тұрғысынан салыстырғанда төменгі дәрежедегі ресурстық тіл екен. Жасанды интеллект пен тілдік технологиялар тұрғысынан ағылшын, қытай, герман тілдері жоғары ресурстық тіл санатында болса, түрік, малай, индонезия тілдері орта ресурстық тіл. Ғалым өз сөзінде ақпараттық салада, өндірісте, қазіргі заманауи технологияда қазақ тілінің қолданысын әлі де жандандыру керектігін жеткізді.

– Қазақ тілін цифрландыру – маңызды міндет. Мемлекеттің осы мәселеге көңіл бөлуінің нәтижесінде министрлік құрылып, оқу ордалары мен мектептердің цифрлық әлеуеті артуда. Тілді цифрлық жүйедегі дамуына қарай үш дәрежеге бөлуге болады. Өкініштісі, қазақ тілі цифрлық кеңістікте төмен ресурстық тіл ретінде анықталып отыр. Қазақ тіліндегі ақпаратты цифрландыруды инженерлер, ІТ мамандары, бағдарламашылар қолға алуы қажет. Егер тілге қатысты цифрлық саладағы жұмыстарды әлі де жетілдірсе, алдағы он жылда орта ресурстық тіл қатарына қосылуға мүмкіндік бар. Қазақ тіліндегі ақпараттың сапасы артып, оның өндіріс пен озық технологиядағы қолдану аясы кеңейсе, оның игілігін бүгінгі ұрпақ қана емес, келер ұрпақ та көре бермек.
Жақында еліміздің Түркістан қаласында Түркі мемлекеттерінің басшылары бас қосқаны баршаға аян. Онда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықаралық түркі терминологиялық комиссиясын құру» жөнінде бастама көтерді. Бұл бауырлас түркі елдерінің ғылыми, техникалық, қоғамдық-саяси және басқа да атауларын бірізден-діреді. Түркі халықтарына ортақ бір ұғымға бірыңғай термин бекітіліп, ол барлық салада бірдей қолданылса, түркі мемлекеттері арасындағы өзара түсіністік арта түседі. Мәселен, көршілес қырғыз халқы «жасуша» деген сөзді «клетка», «құжат» деген сөзді «іс-қағаз», «қаржыгер» деген сөзді «финансист» деп қолданады. Дәл осылай басқа түркі мемлекеттерінде де терминдік біркелкілік жоқ. Осының нәтижесінде өнеркәсіп, экономика және осы сияқты маңызды салаларда ортақ ақпарат алмасуда тілдік кедергілер туындап отыр. Тәуелсіздік жылдарында қазақ терминологиясы негізінен Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған ұлттық терминжасам қағидаттарына сүйеніп жұмыс істеді. Бауырлас елдердің ғалымдары ғылымда еш кедергісіз етене қарым-қатынас орнатып, түрлі саланың дамуына үлес қосуы үшін түркі тілдеріне ортақ терминдер қолдану қажет деп есептеймін, – деді академик Шерубай Құрманбайұлы.

Филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкен цифрландыру дәуірінде тіл үйретудің жаңа әдістерін ортаға салды. Ғылым кандидаты бүгінгі заманда тіл меңгерту кезінде дәстүрлі оқулықпен ғана шектелмей, оқыту үдерісі заманауи технологиялармен ұштасуы қажет екенін айтты.
– Қазақ тілін оқытатын платформаларды жетілдіруіміз керек. Мобильді қосымшалардағы аудио және бейнесабақтар пайдалану арқылы тіл үйренушілердің тыңдалым, айтылым және түсіну дағдыларын дамытуға болады. Мұндай цифрлық құралдар тілді меңгеру үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, оның қолжетімділігі мен тиімділігін де арттырады. Бұл платформалардың шалғай өңірлердегі тұрғындар мен шетелдегі қандастардың қазақ тілін меңгеруіне берер мүмкіндігі мол. Қазақ тілі қоғамды біріктіретін, күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын қоғамдық қатынас тілі болуы керек, – деді А. Көкен.
Семинарда сөз алған Мақпал Жұмабай қазақ тілін технология тілі ретінде дамыту мәселесіне ерекше екпін түсірді. Спикер өнеркәсіп саласындағы құрылғыларға қазақша пәрмендер енгізілсе, қазақ тілді мықты кадрлар шығарына сенім мол екенін жеткізді.
– Соңғы үш жылда әлемде технологиялық төңкеріс орын алды. Күнделікті өмірде қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың көмегіне жүгінетініміз жасырын емес. Мәселен, үй тапсырмасын орындауда, ауру белгілеріне қарай диагноз қоюда және құрылыс жобаларына арналған сызбалар әзірлеуде цифрлық модульдердің берер пайдасы зор. Дегенмен бұл ақпараттарды алу үшін біз ағылшын немесе орыс тілдерін қолданамыз. Бүгінде цифрлық желілер қазақ тіліндегі сұрақтарға жауап беріп, пәрмендер орындайды. Десе де, қазақ тіліндегі ақпарат сапасы көңіл көншітпейді. Себебі жоғары деңгейдегі цифрлық қорды әлі күнге дейін жүйеге енгізе алмай отырмыз. Цифрлық модульде «деректер қоры», «корпус» және «нейрожелі» деп аталатын үш маңызды ұғым бар. Қазақ тіліндегі мыңдаған мәтін алдымен деректер қорына жиналады. Бұл мәтіндер өңделіп, жүйеленген соң тілдік корпус құрылады. Ал сол корпус негізінде нейрожелі оқытылып, мәтінді түсіну, аудару, сөйлеуді тану сияқты қызметтерді атқарады. Нейрожелінің ақпаратты меңгеру мүмкіндігі өте жоғары. Кейбір бағалаулар бойынша, оның пайдаланатын деректер көлемі шамамен 15 миллион кітаптағы ақпаратқа пара-пар.
Ақ Жайық өңіріне келмес бұрын осы облыс жөнінде ақпараттарға көз жүгірттім. Мұнда мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына жетекші рөл атқаратын Қарашығанақ кен орны бар. Техника тілін жетік меңгерген кадрларға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Ал ондағы құрылғылардың басқару тетіктері – ағылшын және орыс тілдерінде. Осы орайда қазақ тілін заманауи технологиялық тіл ретінде қалыптасыра аламыз ба? деген заңды сұрақ туындайды. Егер заманауи технология тілі мемлекеттік тіл болса, онда оның мәртебесі де жоғарылап, қазақ тілді білімді жастардың көбеюіне ықпал ететін едік, – деді Ш. Шаяхметов атындағы «ТілҚазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы М. Жұмабай.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты қазақ тілінің цифрлық саладағы дамуына үлес қосып келеді. Институт ғалымдары дайындаған «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» бағдарламасы тілтанушылық қызметте пайдаланушыға жан-жақты ақпарат береді. 12 корпустан тұратын аталған бағдарламада 250 млн-ға жуық мәтін енгізілген көрінеді. Институттың аға ғылыми қызметкері, философия докторы (PhD) Талғат Рамазанов осы жөнінде кеңінен тарқата айтты.
– Бұл бағдарламаның деректер қоры қазақ тілін үйренушіге мол ақпарат ұсынады. Біздің бағдарламада әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі тіл үйрену бағдарламаларында кездеспейтін «Мәдени-репрезентативті ішкорпус» деп аталатын бөлігі бар.
Мұның ішінде қазақ ұлты жасаған материалдық игіліктер, ата-бабамыздан келе жатқан рухани құндылықтардың тілдегі атауын түсіндіріп, сипаттамасын беретін бейнероликтер қамтылған.
«Тарихи мәтіндер ішкорпусында» көне қолжазбаларды тірілтіп, олардың мән-мағынасы туралы ақпарат айтылады. Сондай-ақ иллюстрациялық әлеуетінде сәукеле, білезік басқа да қазақи бұйымдарға қатысты қазіргі желі жауап бере алмайтын білім жүйесі жұмыс істейді. Бағдарламадан ХІІ ғасырдағы көне араб графикасы мен ХІХ ғасырдан бері қарай латын графикасында жарық көрген шығармалардың аударма нұсқасын таба аласыз. Алдағы уақытта «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» бағдарламасын жетілдіре түсіп, оны кеңінен насихаттаймыз, – деді Т. Рамазанов.
Журналист, медиасарапшы Нұрлыбек Рахманов бүгінде интернет ақпарат тарату алаңы ғана емес, қоғамдық пікір қалыптасыратын, мәдени ықпал жүргізетін кеңістікке айналғанын тілге тиек етті. Бірақ қазақ тіліндегі цифрлық орта – жаңалық, ойын-сауық, тұрмыстық хабарлармен шектелетін көрінеді. Ғылым, технология, халықаралық саясат, жасанды интеллект секілді стратегиялық басым бағыттарда қазақ тіліндегі сапалы контент некен-саяқ дейді сарапшы сөзінде.
– Әлемде 8,3 млрд адам болса, оның 0,26 пайызы ғана қазақша сөйлейді. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, ел азаматтарының тоқсан пайыздан астамы әлеуметтік желі тұтынушысы. Бұл көрсеткіш – қазақ тілі қоғамының толыққанды цифрлық жүйеге көшкенінің айқын дәлелі. Алайда интернет пайдаланушыларының саны артқанымен, қазақ тіліндегі сапалы контент көлемі оған сәйкес келмей отыр. Нәтижесінде азаматтар сапалы ақпаратты орыс немесе ағылшын тілдерінде іздеуге мәжбүр. Өкінішке қарай, желі пайдаланушылары сараптамалық-ақпараттарға аса әуес емес. Бұл жағдай өз тәжірибемде де кездесті. Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі болашағы тек тілдің саясатында ғана емес, контент сапасына да байланысты. Қазіргі кезде цифрлық бағдарламалар әлемдік коммуникацияның орнын басуда. Алдағы жылдарда адамдар ақпаратты ғаламтордан емес, бағдарламалардан тікелей сапалы нұсқасын іздеуді дағдыға айналдыруы мүмкін. Қазақ тілінің цифрлық әлеуетін дамытпаса, өзге елдердің ығында қалып қою қаупі бар. Бұл тұрғыда Эстония елінің тәжірибесін сөзге өзек етуге болады. Миллионға жуық азамат эстон тілінде сөйлесе де, тілдің цифрлық жүйедегі дамуы тәуелсіздік алған жылдардан басталған. Бұл ұлт тілінің жандануы халықтың санына ғана емес, цифрлық жүйедегі қолданысына да байланысты екенін айшықтайды. Осы себепті де цифрлық жүйедегі қазақ тілінің қолданысын көркейтіп, сан-саланы қамту бағыты күн тәртібінен түспеуі қажет, – деді Н. Рахманов.
Семинар барысында спикерлер қазақ тілінің дамуына қатысты пікірлер айтты. Жиын соңында мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып жүрген бірнеше азамат «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ атынан алғысхаттарға ие болды.
Іс-шарада академик Шерубай Құрманбайұлы түркітанушы ғалым, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», профессор, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабырға «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыс етті. Бұл марапат ғалымға қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытып, гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтып және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін берілді. Төсбелгі куәлігінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мөрі мен аталмыш министрлік аппаратының басшысы Мадияр Қожахметтің қолы қойылған. Түркітанушы ғалым Мұрат Бөкенбайұлының қаламынан туған зерттеулері, оқу-әдістемелік еңбектері, оқу құралдары, ғылыми мақалалары бүгінде жоғары баға алып үлгерді. Ғалым-ұстаздың тарих үшін де, келер болашақ үшін де сіңірген мол еңбегі елеусіз қалмай, тіл ғылымын дамытудағы ерен үлесі тағы бір мәрте лайықты бағасын алды.
Пленаралық басқосу аяқталған соң секциялық жиындарға ұласты. Бұл басқосуда облыстық және қалалық басқармалардың мамандары, еліміздің әр өңіріндегі тілдерді оқыту орталықтарының басшылары болды. Секция отырысын М. Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің деканы, философия докторы (PhD) Айдарбек Ақболатов жүргізіп отырды. Ақтөбе облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлсайран Төлегенова баяндама жасап, тіл үйренудің жаңа формуласының тиімділіктерімен бөлісті. Сондай-ақ академик Шерубай Құрманбайұлы мен Орал қалалық мәслихатының депутаты Азима Зиннатқызы пікірлерін ортаға салды.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»