Шыңғырлау ауданында спорт ардагері, танымал бокс жаттықтырушысы Александр Пятиннің 80 жасқа толуына орай жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир жалауын желбіретті.

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 70-тен астам жас былғары қолғап шебері жиналды.
Жарыстың ашылу салтанатында мерейтой иесінің көпжылдық еңбегі ескеріліп, оған Батыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табыс етілді. Бұған қоса облыстық ардагерлер кеңесінің алғысхаты беріліп, «БҚО Құрметті ардагері» төсбелгісі тағылды.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбеков сөз сөйлеп, ардагер бапкердің өңір спортын өрге домалатуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Өз кезегінде Александр Пятин доданы ұйымдастырушылар мен келген қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Мерейтойлық турнир 23-25 маусым аралығында аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтеді.
Нұрғали Төлеген,
Шыңғырлау ауданы