Адам тағдыры кейде бала күнгі арманнан бастау алады. Кейбір жандардың жүрегінде ерте оянған мақсат жылдар өте өмірлік мұратқа айналып, өз жолын табады. Казталов ауданының Беспішен ауылында дүниеге келген Шынтава Әсем Жомартқызының таңдаған жолы да адалдық пен жауапкершілікті ту етіп елге адал қызмет ету.

Әсем ғұмырын еңбекпен өрген шаңырақтың перзенті. Ол Беспішен ауылында Жомарт Шынтайұлы Әлімғалиев пен Венера Сағынқызы Әлімғалиеваның отбасында дүниеге келді. Ата-анасы бүгінде «Шынтай» шаруа қожалығын дөңгелетіп, маңдай терімен ел ырысын еселеп жүрген жандар. Бес перзент тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының төрт қызы мен бір ұлы бүгінде әрқайсысы өз жолын тауып, ел игілігіне қызмет етуде.
Туған жердің кең даласында өскен Әсемнің бала жүрегінде әділдікке деген ерекше құштарлық ерте қалыптасты. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектепте оқып жүрген кезінен-ақ заң мен тәртіпке қызығушылық танытып, адамдардың құқығын қорғауды армандайтын. Сол арман оны заң саласына жетелеп, Қазақ ұлттық технологиялық университетінің заңгер мамандығына алып келді. 2022 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман бүгінде құқық қорғау саласында қызмет атқарып келеді.
– Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ әділдікке қызмет етіп, адамдардың құқығын қорғауды армандайтынмын. Сол арманым мені заң саласын таңдауға жетеледі. Полиция қызметіне келуіме де бала күнгі мақсатым себеп болды. Бұл мамандықтың жауапкершілігі зор екенін жақсы түсіндім. Өйткені полиция қызметкері болу тек заң талаптарын орындау емес, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзету, қиын сәтте азаматтарға қолдау көрсету, қоғамдағы тәртіптің сақталуына үлес қосу деген сөз, – дейді погондағы ару.
Бүгінде ол таңдаған мамандығы бойынша қызмет атқарып, қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етуде. Әрбір жұмыс күні жаңа міндет пен үлкен жауапкершілік жүктейді. Алайда бұл қиындықтар жас маманның жігерін жани түседі.
– Қазіргі таңда таңдаған мамандығым бойынша қызмет атқарып, қоғамға пайдамды тигізуге бар күш-жігерімді жұмсап келемін. Әрбір жұмыс күні мен үшін жаңа міндет пен үлкен жауапкершілік. Азаматтардың алғысы мен сенімі – қызметімнің ең үлкен марапаты, – дейді ол.
Шынтаевтар әулетінде елге қызмет ету дәстүрі жалғасын тапқан. Әсемнің бауыры Жандаулет Жомартұлы Шынтаев та құқық қорғау саласында еңбек етеді. Ол қазіргі таңда Казталов аудандық полиция бөлімінің Тергеу бөлімінде тергеуші, полиция аға лейтенанты қызметін атқарады. Бір шаңырақтан түлеп ұшқан қос перзенттің заң мен тәртіп күзетінде жүруі ата-ананың берген тәлім-тәрбиесінің жемісі.
Қазақ қызына тән нәзіктік пен қайсарлықты қатар алып жүрген Әсем Жомартқызы бүгінде погон таққан арулардың жарқын бейнесін қалыптастырып келеді. Өйткені ел тыныштығын күзету ер азаматтардың ғана емес, жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілігі бар әрбір жанның қасиетті борышы.
Полиция күні қарсаңында Әсем Жомартқызы әріптестеріне ақжарма тілегін де жеткізді.
– Осы салада еңбек етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын. Халықтың сеніміне лайық болып, абырой биігінен көріне берейік. Тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы қызметіміз әрдайым нәтижелі болғай! – дейді ол.
Погон таққан арудың бұл сөзі ел қауіпсіздігі үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген барлық полиция қызметкерлерінің жүрек үні іспетті. Қоғам тыныштығы жолындағы қызметтері абыройлы, еңбектері жемісті болсын!
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы